Accessibility links

Айнагүл Сарайқызы: Рухани құндылықтарды ұрпақ зердесіне жеткізсем деймін


Моңғолияда шығатын "Арулар- жұлдыз" журналының бас редакторы Айнагүл Сарайқызы
Моңғолияда шығатын "Арулар- жұлдыз" журналының бас редакторы Айнагүл Сарайқызы

Моңғолиядағы 150 мыңдай қазақтың негізгі шоғырланған жері - Баян-Өлгий аймағы. Ал, ел астанасы Ұланбатыр мен оның ішкі өлкелерінде 40 мыңға жуық қазақ мекендейді. Баян-Өлгийдегі қазақтардан гөрі, осы 40 мың қазақтың ассимиляцияға тезірек ұшырау қаупі бар.

Осы бір қауіптің алдын алу мақсатында Ұланбатырдағы қазақ зиялылары өз бетінше әрекет етіп жатқан көрінеді. Бізге Астана қаласында жолыққан Айнагүл Сарайқызы өзінің осы мақсатта тер төгіп жүргендігін жеткізді. Мәскеудегі Ломоносов атындағы университеттің заң факультетін тәмамдаған Айнагүл 20 жылдан астам уақыт Ұланбатырда тұрады. Соңғы екі жылда қоғамдық жұмыспен айналысып, қыз-келіншектердің «Арулар» қоғамын құрып, «Арулар-жұлдыз» журналын шығарып келеді.

- Жақында жүргізген статистикалық есептер бойынша, Моңғолияның 21 аймағының 180-дей елдімекенінде қазақтар өмір сүруде екен. Атамекеннен алыста жүргенде қазақтың тілі мен мәдениетін ұмыттырмау мақсатында осыдан екі жыл бұрын «Арулар» деген қазақ әйелдерінің ұйымын құрдық. Осы ұйымның жанынан тоқсан сайын «Арулар-жұлдыз» журналы жарық көріп келеді. Бұл журналды ана тілі мен ұлттық салт-дәстүрінен жырақтап бара жатқан қазақтар үшін шығарып отырмыз.

Айнагүл журналды алғаш шығаруға моңғол азаматы көмектескенін айтады. Қазір жекелеген адамдар жәрдем танытып тұрады екен:

- Биылғы қыркүйекте Ұланбатыр қаласында Қазақстанның мәдени күндері болып өтті. Тұңғыш рет өткен осы мәдени шара рухымызды көтеріп тастады, - дейді ол.

Осы жиында Қазақстанның Ақпарат және мәдениет министрі Мұхтар Құлмұхамед мырза осындай сыртта жүріп, қазақ мүддесі үшін қызмет етіп жүрген қоғамдық ұйымдарға келешекте материалдық және моральдық тұрғыдан қолдау көрсететіндігін айтқан екен.

Айнагүл осы бір жылы лебіздің болашақта жүзеге асатындығына сенімді. Жақында Ұланбатырда Қазақ-мәдени орталығы ашылыпты.

- Бұрын мұндай орталық жоқ еді. Бұның ашылуына Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігі көмектесті. 2007 жылы Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және өкілетті елшісі болып Нұрбаев Омар келді, содан бері елші қазақтар үшін көп еңбек істеп жатыр, балаларға арнап балабақша, компьютер және тігін курстарын ашуға көмектеспек.

«Арулар» қоғамы жыл сайын жасөспірімдер арасында ғылыми конференция өткізуді дәстүрге айналдырыпты.

- Мен осында келерден бұрын «Жаһандану кезіндегі тіл мәдениетіне менің қосар үлесім» атты ғылыми конференция ұйымдастырдық. 400 студент қатысып, олардан 21-ін іріктеп алдық. Ал, соңғы финалға сегіз бала өтіп, Бақытбек деген студент «Ұлт тағдыры— тілінде» атты баяндамасымен үздік боп танылып, оған Қазақстан елшілігі ноутбук сыйлады, - дейді ол.

Бұның алдында «Игі дәстүр – мұралы ұрпақ» деген конференция ұйымдастырылыпты. Бұл конференцияны да жылына бір рет өткізуді жоспарлап отыр екен.

- Сондай-ақ, жыл сайын халықаралық 8 наурыз аналар мейрамына орай, «Ана әлдиі» байқауын ұйымдастырамыз. Байқаудың негізгі мақсаты – балаларына ұлттық рухта тәрбие берген, қызын қазаққа ұзатып, ұлына қазақтан келін алған, көп балалы аналарды өзгелерге насихаттау. Сол арқылы жастарды ұлттық тегінен ажырамауға үгіттеу. «Ару ана» атағына ие болғандар «Арулар-жұлдыз» журналына жарияланып тұрады. «Үлкеннің сөзі - ұлағат» деген кездесулер жиі ұйымдастырамыз.

Негізгі мақсатымыз – тілді ұмыттырмау, тіл мәдениетін үнемі жетілдіріп отыру. Өйткені, Баян-Өлгиймен салыстырғанда Моңғолияның ішкі өлкелерінде тұратын қазақтардың көбі қазақ тілін ұмытып бара жатқандығы белгілі. Ұланбатырда екі пансионат бар, қыздар медресесі және қызмет үйі деген. Осы пансионаттармен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, діни тәрбие беруді де басты мұрат тұтып отырмыз, - дей келе Айнагүл Сарайқызы Қазақстанмен рухани байланыстың үзілгендігі салдарынан соңғы кездегі қалыптасып келе жатқан терминдерді білмейтіндіктерін айтады:

- 1990 жылдан бұрын бүкіл қазақ мерзімді басылымдарын алып тұрушы едік. Қазір бұл мүлдем жойылды. Баспасөз өнімдері бізге жетпейді. Сол себепті де біз соңғы кезде қалыптасып жатқан терминдерді көп біле бермейміз. Кейбіреулерін моңғол тілінен тура аударып жатырмыз, оның қаншалықты дұрыс аударма екенін де біле бермейміз.

Сонымен қатар, Айнагүл Моңғолияның ішкі өлкелерінде біршама қалада қазақтардың шоғырланып отырғандығын айта отырып, олардың балалары үшін қазақ тілінде бастауыш мектеп болса, балалардың өз ана тілін ұмытпауына зор септігі тиер еді деген ойда:

- Налайх деген қалада 4-5 мың қазақ тұрады. Осы өңірдегі балалардың көбі моңғол тілінде білім алады. Эрдэнэтте, Шарынгол, Қобда аймағында да қазақтар көп. Осы аймақтардағы қазақ балалары үшін қазақ мектептерін ашса деген де ниетіміз бар. Бірақ, оның қаншалықты мүмкін екендігі әзірге беймәлім.

Айнагүлдің айтуынша, Ұланбатырдағы қазақтар «massagan.com» сайтын көбірек оқиды екен. Өзге сайттардың адрестерін білмейтіндіктен, оларды әзірге оқымайтын көрінеді.
XS
SM
MD
LG