Accessibility links

Қадысқан Әбділұлы: Қазақстандық жоғары оқу орындарының шетелдегі жалғыз филиалы – Моңғолияда


Қадысқан Әбділұлы, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Баян-Өлгийдегі филиалының директоры (сурет оның жеке мұрағатынан алынды).

Қадысқан Әбділұлы, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Баян-Өлгийдегі филиалының директоры (сурет оның жеке мұрағатынан алынды).

Америка, Ұлыбритания және Ресей жоғары оқу орындарының филиалдары бүкіл жер жүзін шарлап кетсе, Қазақстан оқу орындарының шетелде, қазақ тілінде дәріс беретін филиалы біреу ғана. Ол – Моңғолияның қазақтар мол шоғырланған Баян-Өлгий аймағында орналасқан Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің филиалы.

Аталған филиалдың директоры Қадысхан Әбділұлының айтуына қарағанда, Баян-Өлгий аймағында бұл филиал 2001 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Әрі осы аймақтағы жалғыз жоғары оқу орны. Мұнда орыс филологиясы, информатика, есеп және аудит, қазақ филологиясы мамандықтары бойынша 4 факультет бар.

Баянөлгийлік қазақ студенттері мұнда алғашқы 2 курсын оқып, қалған бөлігін Шығыс Қазақстан облысының орталығы - Өскеменде жалғастырады. Бірақ, студенттің төлемақысы оқуын бітіргенше, 500 доллар көлемінде қалады. 2001 жылдан бері қарай бұл оқу орнын 650-дей студент тәмамдаған екен. Оның көбісі Қазақстанда қалып қоюды жөн санайтын көрінеді.

Бүгінгі таңда 100 студент Баян-Өлгий филиалында, 150 студент Өскеменде білім алып жатыр. Оқу тек қазақ тілінде, Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасы бойынша жүреді.

– Бұл баянөлгийлік қазақтар үшін жасалып отырған үлкен жеңілдік. Қазақ елінің Моңғолиядағы қазақтарға көрсеткен қамқорлығы деп түсінемін. Студенттердің жылдық төлемақысы өте төмен. Моңғолиядағы жоғары оқу орындарының оқу ақысы жоғары. Оның үстіне биыл тағы да қымбаттады, – дейді Қадысқан Әбділұлы.

Филиалдың оқу ақысы арзан болғанымен, Қазақстан тарапынан оның материалдық-техникалық базасын күшейтуге ешқандай көмек болмаған. Тек, 2008 жылы тамыздың 6-сында Моңғолияның астанасы Ұланбатырда Моңғолия президенті Энхбаяр мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми кездесуінен кейін ғана Моңғолиядағы қазақ университетінің филиалына көмек көрсетіле бастапты.

– Бұл кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастық келісімшарттарына қол қойылды. Соның нәтижесі болар, шығыс қазақстандық бауырларымыз бізге оң көзбен қарай бастады. Бұған дейін студенттердің төлемақысымен ғана қаржыланып келді. Ал, Моңғолия тарапынан ешқандай көмек жоқ, – дейді Қадысхан Әбділұлы.

Филиалдың материалдық-техникалық базасы Қазақстанның жоғары оқу орнының деңгейіндей емес. Қадысхан Әбділұлы оқу орнының сапасын әрі қарай жақсарта түсу үшін Қазақстанның тікелей көмегі қажет дейді.

– Шығыс Қазақстан университетінің базасында біраз оқулығымыз бар. Біраз оқулықты студенттердің төлемақысына сатып алдық. Оның өзін Қазақстанға көшіп бара жатқан немесе жолаушылап кеткен адамдарға тапсырып алдырдық. 2008 жылдың 27-ші қарашасында Шығыс Қазақстан университетінің ректоры мен облыс әкімі ресми сапармен Баян-Өлгийде болғанында осы филиалға арнайы ат басын бұрып, біздің жағдайымызды өз көздерімен көрді. Содан бері университеттің филиалына компьютер, оқулық секілді материалдық көмектер көрсетіле бастады. Биылғы жылы да қаржылай және материалдық тұрғыдан көмектесуге әкімнің берген уәдесі бар. Баян-Өлгий аймағы мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдерінің өзара келісімшартында да осы филиал «екі елге де ауадай қажет» деген сөздер жазылған.

2001-2007 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысы университетінің оқытушылары келіп дәріс беріп, оларға филиалдың қоржынынан оқыту ақысы төленетін. 2008 жылы аталған университетке жаңа ректор тағайындалғаннан кейін, ол кісі «бұл біздің университеттің филиалы, сондықтан университет өз қаражатымен дәріс беруі керек» деген шешім шығарған. Соның негізінде бізге 4 ғылыми дәрежесі бар оқытушы жіберді. Олар бізге лекция оқып, дәріс беріп кетті. Ал, университеттің оқытушылар құрамына келсек, 14 оқытушы бар: олардың 1-еуі доктор, 1-еуі профессор, 1-еуі пейдж докторы, қалғандары магистранттар.

Сондай-ақ, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде филиалдың оқытушылары маман жетілдіру курстарынан өтіп тұрады екен. Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетінің түлегі Қадысхан Әбділұлы 2003 жылы осы университетте мамандық жетілдіру курсынан өткен. Сонымен қатар, Бұлбұл, Мұрат секілді оқытушылар да қайта даярлау курстарында оқыған.

Қазақстан Республикасының Білім туралы заңы бойынша, кез келген оқу орнының филиалы лицензиясыз жұмыс істей беруіне болады. Алайда, Моңғол үкіметі бұл филиалдың Қазақстан тарапынан лицензия алуын талап ететін көрінеді.

– 2001 жылдан бастап, лицензиясыз жұмыс істеп келеміз. Моңғолия 2008 жылдың 1-ші шілдесіне дейін лицензия берген. Қазір Моңғолияның Білім министрлігі «Қазақстан жағы лицензия беріп, бюджетіне енгізсе, материалдық-техникалық базасын нығайтатын болса, лицензиясын ары қарай созамыз» деген уәде беріп отыр, - дейді Қадысхан Әбділұлы.

Ол осы филиалдың Моңғолиядағы бірден-бір қазақ жоғары оқу орны болғандықтан, оны Моңғол үкіметі бүгін-ертең жауып тастай алмайды деген пікір айтады:

– Моңғолиядағы өзге ұлт өкілі қазақ болып келетіндіктен, ол тілде дәріс беретін жалғыз оқу орнын сақтап қалатын шығар деп ойлаймын. Моңғолия Парламентінде үш қазақ азаматы отыр. Ол кісілер Моңғолия тарапынан болатын кедергілерді болдырмаймыз дейді.

Қадысқан Әбділұлы, сонымен қатар, Аймақтық жергілікті мәслихат депутаты.

– Мәслихатта қазақтың рухани мұраларының сақталуына, қазақтілді басылымдардың таралуына және олардың шығуына ықпал етуге тырысамын. Сондай-ақ, Қазақстанда шығатын мерзімді басылымдардың Баян-Өлгийде таралуына да ат салысып жүрмін, - дейді ол.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG