Accessibility links

Омбыда қазақ және орыс тілдерінде шығатын «Атамекен» газеті қазақ тарихы мен мәдениеті туралы жазады


Дастан Бейсебаев, баспагер, Ресей Федерациясының Омбы қаласында шығатын «Атамекен» газетінің бас редакторы және құрылтайшысы. Алматы, 28 қазан, 2009 ж.

Дастан Бейсебаев, баспагер, Ресей Федерациясының Омбы қаласында шығатын «Атамекен» газетінің бас редакторы және құрылтайшысы. Алматы, 28 қазан, 2009 ж.

Ресейдің Омбы облысында 100 мыңның шамасында қазақ өмір сүреді. Атажұртпен тұрақты мәдени-рухани байланысы жоқ ондағы қазақтар үшін ана тілін сақтап қалу өзекті мәселе. Омбыда «Атамекен» газетін шығарып отырған Дастан Бейсебаев Азаттыққа сұхбат берген еді.

ОМБЫЛЫҚТАР ҚАЗАҚША ОҚИ АЛМАЙДЫ

Дастан Бейсебаев Омбы қаласында туып-өскен. Жүрегі қазақ деп соққанымен қазақ тілінде сөйлеп, ана тілінде оқып-жаза алмайды. Бірақ, өзі құралыптас жастардың ұлттық бет-бейнесін сақтап қалу үшін жар құлағы жастыққа тимей жүргендердің бірі.

Биыл Омбы қаласындағы «Мөлдір» қазақ-мәдени орталығының жанынан «Атамекен» атты газет шығара бастаған. Газет бүкіл Ресейде осы мемлекеттің заңы бойынша арнайы тіркелген тұңғыш қазақ басылымы болып отыр. Әрине, Мәскеуде, Астраханда, Самара мен Саратовта осы тақылеттес газеттердің жарық көретіні мәлім. Дегенмен, ол газеттер ресми тіркеуден өтпеген екен.

Сөйтіп, «Атамекен» газеті қос тілде шыға бастады. Онда негізінен қазақ тарихы мен мәдениеті көбірек насихатталады. Газет 8 беттік және айына бір рет жарық көріп тұрмақ. Қазіргі таралымы – 1000 дана.

Дастан, «Атамекен» газеті қазақ және орыс тілдерінде жарық көреді екен. Оның қазақ тілді бетіне ауторларды қайдан тартасыздар?

– Біздің тұрақты ауторларымыз бар. Олар Қазақстанда және Ресейдің өзге өлкелерінде тұратын қазақтар. Негізінен қазақтың мәдениеті мен тарихы және салт-дәстүріне көбірек мән берсек деп отырмыз. Сондай-ақ, Қазақстандағы басты жаңалықтар да біздің газетіміздің бетінен орын алмақ.

Омбы қазақтары туралы ақпараттарды, Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жайын да сөз етуді жөн көріп отырмыз. Біз газет жарыққа шықпай тұрып, қазақ оқырмандары арасында сауалнама жүргізіп, олардың қандай тақырыптарды оқуға құмар екенін анықтадық.

– Қандай тақырыптар қызықтырады екен?

– Әрине, олардың түрлі мағынадағы тақырыптарға ынтығатындығын білдік. Омбы қазақтары, жалпы Ресей қазақтары қазақ тілінде түсінгенімен, оқып-жаза алмайды. Олар газеттің қазақ мәселелерін қозғағанын қалайтындығын айта отырып, негізінен мақалалар орысша болса деген тілек білдірдді.

Демек, біздің газетіміздің екі тілде жарық көруінің обьективті және субьективті себептері бар. Біздің мақсатымыз – мұндағы қазақтардың ұлттық сана-сезімін ояту. Біздің халқымыз сонда ғана қазақ тілін үйренуге талпынатын болады. Содан кейін, бәлкім газетімізді толық қазақ тіліне көшірерміз.

– Қазақ тілін үйрететін орталықтар бар ма?

– Иә. Омбыда қазақ балалары басым оқитын біраз мектепте қазақ тілі пән ретінде үйретіледі. Сондай-ақ, қазақ тілін үйрететін орталықтар бар.

– Омбыда қазақ тілін үйрететін «Болашақ» орталығымен байланыстарыңыз бар ма? Жалпы, халықтың қазақ тілін үйренуге деген ынтасы бар ма екен?

– Иә, біз олармен бірге жұмыс істейміз. Бұл коммерциялық жоба ғой. Әрине, омбылықтар қазақ тілін үйренуге құлықты. Олар бұл жобаның коммерциялық екеніне қарамастан, оқуға ынта қоюда.

ОМБЫДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ САНЫН АНЫҚТАУ ҮШІН ҚОҒАМДЫҚ САНАҚ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

– Ресейдегі қазақтардың саны туралы нақты ақпарат жоқтың қасы. Омбыдағы қазақтардың нақты санын айтып бере аласыз ба?

– Ресейдегі соңғы, 2002 жылғы халық санағы бойынша, омбылық қазақтардың саны 88 мыңға жеткен. Бірақ, омбылық ғалымдар қазақтардың саны 100 мыңнан асады деген пікірде.

Біз қазақтардың нақты санын анықтау мақсатында қоғамдық санақ ұйымдастырып жатырмыз. Өзін қазақпын деп есептейтін әрбір тұрғын Омбыдағы « Мөлдір» қазақ-мәдени орталығына немесе «Атамекен» газетінің редакциясына өздері туралы мәліметті жіберулері керек. Біз халықты осыған үндеудеміз.

– Қазақстанда «Нұрлы көш» атты бағдарлама қабылданды. Халық бұған мүдделілік танытып отырған жоқ па?

– Бәлкім, бар шығар. Бірақ, тым аз. Өйткені, Омбы – қазақтың тарихи отаны. Ондағы жұрт бір жақтан ауып барған жоқ, ғасырлар бойы мекен еткен жерінен қоныс аудару мүмкін емес қой...

– Егер қазіргі жастар қазақша сөйлей алмаса, бұдан кейінгі буынның жағдайы бұдан да күрделене түседі ғой. Күндердің күнінде олар өздерінің қазақ екендігін де ұмытып кететін шығар...

– Жоқ. Неге олай ойлайсыз? Бізде «Мөлдір» атты қазақ мәдени орталығы жұмыс істейді. Міне, «Атамекен» газеті өмірге келді. Біздің мақсатымыз мұндағы қазақтардың ұлттық бет-бейнесін сақтап қалу.

– Қазақстандық басылымдарды оқи аласыздар ма?

– Жоқ. Оны жаздырып алу өте қиын. «Роспечать» каталогында қазақстандық басылымдардың бірде біреуі жоқ. Егер ресми келісім болмаса, біз шекарадан қазақ тілді басылымдарды алып өте де алмаймыз. Қазақстандық телеарналар кабельдік жүйе арқылы көрсетіледі. Ал оған екінің бірінің қолы жете бермейді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG