Accessibility links

Талғат Мамашев: Біз шеттегілерге қаржы бере алмаймыз, бірақ қолымыздан келгенін жасап жатырмыз


Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев.

«Қазақтар әлемде» айдарына сұхбат берген шетелдегі қазақтардың көбі этникалық бет-бейнесін сақтау, ана тілін дамыту мақсатында Қазақстан тарапынан көмек жоқтың қасы дегенді жиі айтқан еді. Осыған орай Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының І-ші орынбасары Талғат Мамашевпен сұхбаттасқан едік.

- Талғат Асылұлы, шеттегі ағайындардың көбі Қазақстанның өз диаспорасы үшін ештеңе жасамай отырғандығы жайында айтып шағынады. Бұған не дер едіңіз?

- Жалпы, Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері шетте жүрген қандастарын түгендеп, қолынан келгенше, жағдайын жасап жатқаны белгілі. 1992 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қоғамдық ұйым ретінде құрылып, оның төрағасы ретіндe президент Нұрсұлтан Назарбаев сайланған еді.

Бүгінде әлемнің 40-тан астам елінде қазақтар тұрады. Сол жақтағы мәдени орталықтар мен елшіліктердің ресми деректеріне сүйеніп, 4,5-5 миллион қазақ шетте жүр деп есептейміз. 32 елде қазақ мәдени орталықтары құрылған. Біз сол мәдени орталықтармен тікелей байланыстамыз. Кейінгі он жылда Қазақстанға 1 миллионнан астам қандасымыз келгені де бәрімізге аян.

Біз жұмысымызды «Шетелдегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» аясында жүргіземіз. Әрі Қазақстанның Конституциясы мен ішкі заңдарына сүйеніп жүзеге асырамыз, сондай-ақ, қандастарымыз тұрып жатқан елдердің де заңдылықтарына бағынамыз. Оның үстіне көп дүние қаржыға келіп тіреледі. Біз шетелдегі қазақ мәдени орталықтарын қаржыландыра алмаймыз. Ол ешқандай заңға сәйкес келмейді. Бірақ, соған қарамастан біз көп шаруа тындырып келеміз.

- Еуропадағы қазақтар қазақ тілінің мұғалімі керек дейді ғой?

- Ол әңгіменің айтылып келе жатқанына оншақты жыл болды. Бірақ, біз қазақтар тұрып жатқан әр ауылға маман жіберіп, қазақ тілін үйрете алмаймыз. Екіншіден, оның қажеті де жоқ. Қазір заман басқа. Компьютер заманында біз қазақ тілін үйренудің компьютерлік бағдарламаларын жасап, көбейтіп, Еуропа мен Түркиядағы қазақтар үшін түрікше-қазақша нұсқасын, Ресейдегі қазақтарға орысша-қазақша нұсқасын, Қытайдағы қазақтарға төте жазу мен кириллицадағы нұсқасын жасап тараттық. Әрине, біз ол дискілерді 5 миллион дана жасай алмаймыз. Бірақ, рұқсатын беріп отырмыз, олар оны оп-оңай көбейтіп алады. Жыл сайын бұл дискілерді одан әрі күрделендіріп шығарып жатырмыз. Мәселен, алғашқы бағдарлама 780 сөзді қамтыса, кейінгісіне 1500 сөз енгіздік. Биыл 3000 сөз қорын енгізбекпіз.

Қазір біздің жанымыздан шығатын «Алтын бесік», «Туған тіл» журналдары мен «Шалқар-2» газеттерінің де әр жаңа нөмірі мәдени-орталықтарының қолына тиіп жатыр. Сондай-ақ, оқулықтар мен әдебиеттер де жіберіп жатырмыз, олар мәдени орталықтарының кітапхана қорын толықтыра түседі деген ойдамын. Айталық, тек Өзбекстанға осыдан екі жыл бұрын Ташкендегі қазақ-мәдени орталығы ашылғанда, ондағы Қазақстан елшілігімен бірлесіп, 3000 дана жаңа кітап апарып бердік. Біздің ұсынысымызбен, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілігі 10 мың дана кітапты тағы да тарту етті. Кейінгі үш жылда біз 2-3 айда бір кітапхана қорын толықтырып отырмыз. Жақында 18 ақпанда Ташкентте ақындар айтысы болып өтті. Сонда да біз 400-500 жаңа кітапты кітапханаға тарту еттік.

- Ал, шеттегі қазақ мектептерінің жайы қалай?

- Біз олардың ішкі ісіне араласа алмаймыз. Қытайда қостілділік саясатын жүргізіп жатыр, сондықтан да, қытай тіліндегі пәннің саны көбейіп бара жатыр. Бірақ, жабылып жатқан жоқ. Радиосы, телеарнасы қазақша сөйлейді. Газет-журналдары шығып тұр.

- Ресейде қазақ мектептері жоқ қой?

- Шынында да Ресейде бұл күрделі мәселе. Қазақ мектебі онда жоқ. Ресейдің қазақтар шоғырланған аудандарында қазақ тілі факультатив ретінде жүргізіледі. Былтыр біз Самара қаласында дөңгелек үстел өткіздік. Оған біздің Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Батыс Қазақстан облысының әкімшілігі, Ресейдің барлық өңірінің қазақ-мәдени орталығының басшылары келді. Осы жиында біз Самарада қазақ сыныптарын ашу мәселелерін талқыладық. Биыл наурыздың 28-інде Самарада қайта бас қосып істелген шараларды қорытындылайтын боламыз. Жақында Қосағаш ауданы әкімінің орынбасары келіп кетті. Оларда да қазақ тілі пән ретінде жүргізілгенмен, күрделі мәселелері жеткілікті. Әсіресе, мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру жағынан көмек қажет. Қосағаш мұғалімдерін осы жазда бір айлық маман жетілдіру курсынан өткізуге келісім жасадық..

Биыл біз жылдағыдай Еуропада ғана емес, Моңғолияның ішкі өлкелеріндегі қазақтардың басын қосып, Кіші Құрылтай өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Ресей қазақтарының Кіші Құрылтайын Мәскеуде өткізбекпіз.

- Мәскеуде «Қазақ үйін» салу туралы жоспар болған екен. 2004 жылдан бері әңгіме болып келеді екен, бірақ жүзеге асырылмапты.

- Ресей жерінде жақсы мәдени орталық салатын уақыт жетті. Бұндай ұсынысты біз кезінде жасағанбыз. Оның жобасы былтыр жасалған. Бірақ, экономикалық қиыншылықтар мен елшілердің жиі ауыса беруі бұған кедергі келтіріп тұр. Бұл сонау Тайыр Мансұровтың кезінде сөз болған. Кезінде қаржы болған кезде, жердің мәселесі шешілмеді, қаржы бөлінген кезде, жобасы болмады. Енді жері де, жобасы да бар, бірақ қаржы жоқ.

Меніңше, Ресейде- Мәскеуде, Қытайда -Бейжіңде, Еуропада - Германияда – 2-3 мәдени орталықты ашатын уақыт жетті. Бұндай тапсырманы кезінде Елбасы да берген. Былтыр Мәдениет және ақпарат министрі Моңғолияның астанасы Ұланбатырда қазақ мәдени орталығын ашып келді.

- Өзбекстан мен Ресей қазақтары қазақ тілінде, тіпті, орыс тілінде Қазақстан туралы ақпарат ала алмаймыз дейді.

- Каспионетті барлық шетелдік қазақтар көре алады. Әрі Каспионет спутниктік телеарнасы өз дәрежесінде хабар таратып келеді. Біз олармен келісіп, балаларға арналған бағдарламалар жасайтын болдық..Өзбекстандағы қазақтардың Оңтүстік Қазақстан облыстық теледидарын көре алатын мүмкіндігі бар. Олар «Хабарды», «Еларнаны» көрсек, дейді. Ресейдің мүмкіндігі бар адамдары спутниктік табақша арқылы көре алады. Қосағаштағы қазақтар іргеміздегі Баян-Өлгий қазағы Қазақстанның барлық телеарнасын көре алады, біз неге көре алмаймыз дейді. Оған екі елдің өзара келісімі және басқа да келіссөздер керек.

Мәдениет және ақпарат министрінің Тіл комитеті өздерінің «Тіл» деген порталын ашты. Онда қазақ кітаптарының электронды нұсқасы қойылған. Егер, қазақ тілін білмесеңіз, білетін тіліңізде оқуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, Қазақ радиосы да интернетке қосылған. Егер, өз уақытында тыңдай алмасаңыз, оны интернет арқылы тыңдауға болады.

- Баян-Өлгийде қазақтілді ақпарат құралы – бір сағат хабар тарататын радио ғана. Олар өздерінің техникасының ескіргендігін айтады. Сол жағынан көмек күтеді.

- Баян-Өлгий қазақ радиосының қызметкерлері бізге мұндай өтінішпен шыққан. Әрине, олардың техникасы әжептәуір ескірген. Біз оларға Қазақстан телерадиокорпорациясы арқылы біраз көмек көрсеткенбіз. Әлі де шешілмей жатқан мәселелері болса, көмек қолын созуға даярмыз.

- Шеттегі қазақтарға мерзімді басылымдарды тарату жағынан қандай шаралар жасалып жатыр?

- Шеттегі қазақтар қазақ басылымына жазыла алмайды. Өйткені, оның жазылу құны өте қымбат. Сондықтан, оқимын деген адамға интернет жүйесін пайдалануға кеңес берер едім. Барлық қазақ газеттерінің интернетте сайттары бар.

- Ал, интернетке қол жетпейтіндер үшін не істеу керек?

- Енді біз ешкімге басылымға жазылу мәселесін жеңілдетеміз, арзандатып береміз деп уәде бере алмаймыз. Оның тасымалы бар, басқа да шығындары бар. Біз құзырлы органдарға бірнеше рет шығып көрдік. Бірақ, ешкім мойнына алғысы келмейді.

- Рахмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG