Accessibility links

Абылай Сабдалиннің баспасөзден жәрдем сұрағаны жайында газет хабарын адвокат жоққа шығарды


«Свобода слова» апталық газетінің 18 ақпан 2010 жылғы санында «Сабдалин елең еткізді» атты мақала жарияланды.

«Свобода слова» апталық газетінің 18 ақпан 2010 жылғы санында «Сабдалин елең еткізді» атты мақала жарияланды.

Астана сотында ісі қаралып жатқан төтенше жағдайлар министрінің бұрынғы орынбасары Абылай Сабдалиннің өзінің кінәсіздігін айтып, жәрдем сұрап хат жазғаны туралы «Свобода слова» газетінде шыққан ақпаратты айыпкердің қорғаушысы жоққа шығарды. Ал редакция даулы хаттың мәтінін арнайы сараптамаға беруге әзір екендігін айтып отыр.


ДАУ ТУҒЫЗҒАН ГАЗЕТ МАҚАЛАСЫ

Қазақстанда шығатын «Свобода слова» апталық газетінің бейсенбі күнгі санында «Сабдалин елең еткізді» атты мақала жарияланды. Онда редакцияға Сабдалиннің атынан келіп түскені хабарланған.

Аутор қазірде Астанада жүріп жатқан сотты баспасөзде ашып жазуды сұрап, бұл істің қолдан жасалғандығы, өзі арқылы елдің бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Виктор Храпуновқа шығуды көздеген әлдекімдерге сеніп, алдауға түсіп қалғандығын айтқан деп жазды газет.

Алайда, пара бермек болған деген айыппен қазірде Астана сотында ісі қаралып жатқан төтенше жағдайлар министрінің бұрынғы орынбасары Абылай Сабдалиннің адвокаты Венера Ким газет мақаласындағы жазылған жайт шындыққа жанаспайды деп, оны жоққа шығарды.

– Біздің тарапымыздан ешқандай мәлімдеме болған жоқ. Біз бір жерге хат жаздық-мыс деген жаңалық біз үшін күтпеген хабар болды. Сабдалин мүлдем ешқашан ешкімге үндеу жасамаған. Ал газеттің неге бұлай істеп отырғанын біз білмедік. Болжамдар әртүрлі болуы мүмкін. Біздің қазіргі басты жұмысымыз бұл басылымдар емес, сот процесі. Біз мұны жоққа шығаратын мәлімдеме жасадық. Әзірге осы жетерлік деп ойлаймын, – деді Венера Ким Азаттық радиосына.

Ал мақала жарияланған «Свобода слова» газетінің бас редакторының орынбасары Галина Дырдина редакцияға Абылай Сабдалиннің атынан келіп түскен хатты арнайы сараптамалық зерттеуге беруге әзір екендерін айтады.

– Бұл хат жалған ба, жалған емес пе екендігін сарапшылар біледі. Ал біз сарапшы емеспіз. Бізге хат ресми түрде Астанадан пошта арқылы келді. Онда Астана қалалық сотының мөрі тұр. Хат астында Сабдалинның қолтаңбасы бар. Бізде бұл хат жалған екеніне күмән туғызатындай негіз жоқ. Егер Ким ханым бұны арандатушылық деп білсе, онда біздің газетімізге неге бұл ақпараттың жалған екенін айтып хабарласпады? Одан кейін бұл хаттың жалған емес пе екенін анықтап неге сотқа шағымданбайды? ұл оқиғаны бастап отырған біз емес Ким болып шықты, – деді Галина Дырдина жұма күні Азаттық радиосына.

АЙЫПТАУ

Төтенше жағдайлар министрінің бұрынғы орынбасары Абылай Сабдалинді былтыр қазан айының басында Қаржы полициясы аса ірі көлемде пара ұсынды деген айыппен ұстап, қамауға алған болатын. Төрт айдан астам уақытқа созылған тергеуден соң, ақпанның 15-күні, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қылмыстық істі қарауды бастады.

Қаржы полициясының тағып отырған айыбында, Төтенше жағдайлар министрлігінде 2 млрд теңгенің мақсатсыз жұмсалғанын анықтаған Есеп комитетінің қортындысымен мекемені тексеруге келген қаржы полициясының қызметкеріне Абылай Сабдалин өз қарамағындағы қызметкер арқылы өте үлкен көлемде пара бермек болған деп айтылған.

«Жас Алаш» газетінде журналист болып еңбек жолын бастаған Абылай Сабдалин кейіннен Алматы қалалық әкімшілігінде баспасөз қызметінде жұмыс істеді. 2000 жылдан бастап Алматының сол кездегі әкімі Виктор Храпуновтың көмекшісі болды. Кейін Виктор Храпунов Шығыс Қазақстан облысына әкім болып кеткен кезде, Абылай Сабдалин Шығыс Қазақстан облысы әкімшілігінің жетекшісі қызметін атқарды.

Абылай Сабдалин 2007 жылдан бастап төтенше жағдайлар вице-министрі болып қызмет етіп келген.
XS
SM
MD
LG