Accessibility links

Президенттің қызы мен күйеу баласы «Нұрбанктің» төңірегіндегі жайтқа байланысты өз пікірлерін білдірді


«Нұрбанк» төңірегіндегі дау-дамайға байланысты есімі аталып жүрген сыртқы істер министрінің орынбасары Рахат Әлиев, сәрсенбі күні «Қазақстан Тудей» ақпараттық агенттігіне берген қысқаша сұхбатында, өзінің бұл дауға еш қатысы жоқ екендігін мәлімдеді.

Президент Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев осы кезге дейін кейбір ақпарат құралдарында жарияланған хабарларда оның есіміне әлдекімдер әдейі қара күйе жағу мақсатында жала жабуға тырысқанын мәлімдеді.

«БАҚ беттеріндегі болжам, жорамал, қауесеттердің шындыққа жанасатын жері - менің банк акционері екендігім, ол ешкім үшін құпия емес» дей келіп, «банк қызметкерінің жоғалып кеткені жайлы ақпараттан бастап мұның бәрі маған жала жабу мақсатында мұқият ұйымдастырылған арандатушылыққа ұқсайды. Менің білуімше, аталмыш адам қылмыстық іске қатысы бар деген күдікпен қазір үй қамауында және тергеуге жауап беруде», - деп, Р.Әлиев өзінің «Нұрбанк» төңірегіндегі дау-дамайдан бойын алшақтатқандай болды.

Ал оның зайыбы, парламент депутаты Дариға Назарбаева болса, «Нұрбанк» жаңа басқарушыларының аудиттік тексерісі барысында банкте қаржылай және шаруашылық заң бұзушылық орын алғандығы анықталғанын айтқан.

«Ал, осыған орай БАҚ беттерінде көтерілген дау-дамай – қатардағы қылмыстық іске саяси реңк беруге тырысушылық. Бұл шаруашылық мәселе, бұл шын мәнісінде, өте маңызды қылмыстық іс және мұнда ешқандай саясат жоқ. ...банктың бұрынғы басшысының жоғалғандығы не оны ұрлап әкеткендігі туралы әңгімелер – дақпырт қана. Менімше, ол қазір үй қамауында отыр. Ал, банкке қарулы шабуыл жасағандарға тоқталсақ, олар да тұтқынға алынды, қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр», - деген Д.Назарбаева.

«Нұрбанк» басшылығы өз кезегінде осы іске байланысты тергеу-тексеру аяқталмайынша ешқандай түсініктеме бермейтіндігін мәлімдеп, банкке қатысты жалған ақпарат таратқан баспасөз құралдары мен журналистерді сотқа тартатынын ескертіп отыр.

«Нұрбанк басшылығы өздерінің кеңсесіне жасалған шабуылға байланысты тергеу-тексеру шараларын Алматы қаржы полициясы жүргізіп жатқандығын және ол аяқталмайынша осы іске байланысты ешқандай да түсініктеме бермейтіндігін хабарлай отырып, «Нұрбанк» басшылығы алдын-ала жалған мәліметтер мен қаралау ақпараттарын таратқаны үшін жауапкершілік бар екендігін еске салуды жөн деп есептейді» деді осы банктің баспасөз қызметкері Әйгерім Байжұманова.

Ал қазақстандық ақпарат көздері осы жайтқа қатысты саны жағынан бір-біріне қарама-қайшы келетін деректерді беруде. Кейбір ақпарат көздерінде Алматы ішкі істер департаментінің арнаулы бөлім бастығы Қадырқожаев пен оның орынбасары Самалиховтың және осы бөлімшенің банкқа келген 4 жауынгері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу орындарында қамауда екендігі айтылса, келесі бір ақпарат көздерінде банкке келген жауынгерлердің саны 5 болған делінеді.

Алайда, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі тергеу-тексеру аяқталмайынша ол жайлы әзірге ешқандай түсініктеме бере алмайтынын алға тартып отыр.

«Нұрбанк» төрағасының орынбасары Жолдас Теміралиев 31-қаңтарда банктың жаңа басшыларымен кездесуге кетіп, содан бері үйіне әлі оралған жоқ. Ал бұл жағдайға байланысты ақпанның 5-күні оның зайыбы Армангүл Қапашева «менің жолдасымды банктің акционері белгісіз жерде заңсыз қамауда ұстап отыр» деп мәлімдеме таратқан болатын. Ал Алматыдағы қаржы полициясы болса, банктың бұрынғы басқарушылары Әбілмәжін Ғылымов пен Жолдас Темірәлиевтің үстінен қылмыстық іс қозғамақ ниеттері барлығын мәлімдеген еді. Қазір «Нұрбанктың» бұрынғы басшысы Ғылымов қаржы полициясының сауалдарына жауап беріп, үй қамауында отырса, оның орынбасары Жолдас Темірәлиевтың қайда екені белгісіз. Қаржы полициясы оған іздеу жариялағандарын хабарлады.
XS
SM
MD
LG