Accessibility links

Ақтау түрмесінен қашқандардың ісі сотқа жетті


Түрме қоршауы. Көрнекі сурет.

Түрме қоршауы. Көрнекі сурет.

Ақтаудағы қатаң режимдегі түрмеден қашқандарға қатысты іс сотқа жіберілді. Тергеу материалдары бойынша қылмыстық іс тек сотталушыларға қатысты емес, колония басшылығының үстінен де қозғалған. Енді бұл іске байланысты алғашқы сот отырысы Ақтау қалалық сотында жақын күндері өтуі тиіс.


Ақтау қаласындағы ГМ-172/1 қатаң режимді қамау мекемесінен қашқан тұтқындар мен олардың сыбайластарына қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді. Бұл туралы сәрсенбі күні хабарлаған бас прокуратура, өздерінің «түзету мекемесінен қаруланып қашу фактісіне қатысты қылмыстық істі тексеруді аяқтағандарын» мәлімдеді.

– Тергеу сотталған Серіков, Ісмұханов, Құмысов, Воронкин, Құрмашев және Ахметов қатаң режимді қамау мекемесінде жазаларын өтей жүріп, 2010 жылғы маусымның 22-сі күні таңғы сағат 5 шамасында бір топ сотталғандармен келісіп алып, әскерилерді өмірі мен денсаулығына қауіпті қару мен заттарды пайдалана отырып, түзету мекемесінен қашып кеткенін анықтады, - деді Азаттыққа ақпарат берген Маңғыстау облыстық прокурорының аға көмекшісі Әйгерім Сейденғалиева

Оның сөзінше, аталған тұлғаларға Қылмыстық кодексnің 358 бабы, 2 тармағы, а, б, в пункттері бойынша айып тағылып (қамау орнынан қашу) ҚР ҚПК 284 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

ТАҒЫ ДА ЕКІ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Тергеу тобы Маңғыстау облысы қылмыстық атқару жүйеcі комитеті департаментінің ГМ-172/1 мекемесіндегі лауазымды тұлғаларға да қатысты қылмыстық істі тексеруін аяқтады.

– Аталмыш іс бойынша мекеме бастығы Мұхит Жанахметов, оның орынбасары Шаяхмет Халменов, жедел бөлімінің бастығы Төлеген Ысқақов және қамау мекемесінің кезекші көмекшісі Мұхтар Нұрсейітов қылмыстық жауапқа тартылған. Олардың салғырттығы салдарынан маусымның 22-сі күні 21 адамнан құралған қылмыстық топ қамау мекемесінен қашып кеткен, - деді облыстық прокуратура өкілі.

Сонымен қатар, мекеме бастығы Мұхит Жанахметов пен оның орынбасары Шаяхмет Халменовке қызметтерін теріс пайдаланды деген айып тағылып отыр. Бұл іс те қалалық соттың қарауына жіберілді.

Азаттық радиосына Ақтау қалалық сотының кеңсесінен белгілі болғандай, бұл іске қатысты сот отырысының қашан өтетіндігін қалалық сот төрағасы жариялайды.

ҚАШУ

Маусымның 22-і Ақтау қаласындағы ГМ 172/1 қатаң режимдегі колониясынан ауыр қылмыс жасап, сотталған 21 тұтқын қаруланып қашып кеткен еді. Олардың сегізі сол күні-ақ ұсталған: жетеуі қақтығыста мерт болып, біреуі жараланып қамауға алынды.

Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, сотталғандар қашу мақсатында колониядағы кіші трансформатор станциясын істен шығарған және алдын - ала дайындаған бөгет тосқауылдарды кесетін құралдарды пайдалана отырып, тыйым салынған аймақты бұзып өткен.

Сотталғандар қашқан кезде күзетте тұрған сақшыға қарай бірнеше рет оқ атқан. Қарулы қақтығыс кезінде күзетте тұрған сақшы және оқиға орнына дереу жеткен «Арлан» арнайы жасағының бір сарбазы жарақат алып ауруханаға түсті. Ал қашқындардың жетеуі мерт болды. Бес күннен соң қалған сотталғандар мен олардың қашып шығуына көмектескен адамдар да табылды. Ресми ақпарат бойынша 21 қашқынның алтауы ғана аман қалды.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG