Accessibility links

Жемқорлық айыбымен сотталған Кабул әкімі жұмысына қайта кірісті


Кабул әкімі Абдул Ахад Сахеби баспасөз маслихатында. 8 желтоқсан 2009 жыл.
Кабул әкімі Абдул Ахад Сахеби баспасөз маслихатында. 8 желтоқсан 2009 жыл.

Жемқорлық айыбымен төрт жыл түрме жазасына кесілген Кабул әкімі екі күннен кейін қайтадан бұрынғы қызметіне оралды. Бас прокурордың орынбасары сотталған әкім кепіл ақшаға босатылды деп мәлімдеді.


ЖЕМҚОРЛЫҚ АЙЫБЫ ТАҒЫЛҒАН АЛҒАШҚЫ ШЕНЕУНІК

Ауған соты жемқорлық қылмысы бойынша айыпты деп тауып 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған Мир Абдул Ахад Сахеби араға екі күн салып бұрынғы жұмысы – Кабул қаласының әкімі қызметіне қайта оралды. Бас прокурордың орынбасары Фазал Ахмад Факриряр болса, әкім кепіл ақшаға босатылды деп мәлімдеген.

Ал бұған дейін Фазал Ахмад Факиряр «Азат Еуропа/Азаттық радиосының» ауған қызметі – Азади радиосына берген сұхбатында желтоқсанның 7-күні сот үкімі оқылып жатқан кезде айыпталушы Мир Абдул Ахад Сахебидің өзі сотта болмағандығын айта келіп, әкімнің қызметінен алынғандығын және оны тұтқындауға нұсқау берілгендігін хабарлаған болатын.

«Сот оны төрт жылға түрме жазасына кесіп, тұтқындау туралы нұсқау берді. Сот шешімі қауіпсіздік күштеріне тапсырылды. Енді олар әкімді қамауға алып, түрмеге жабуы тиіс», – деген еді Факиряр.

Факирярдың айтуынша, жемқорлық айыбы бойынша жауапқа тартылған Кабул әкіміне қатысты сот ісі екі айға созылған. Сахебиге келісім-шарттар жасалған кезде ауған заңдарын бұзды деген айыптар тағылған.

Кабул әкімі лауазымы өте ықпалды және кірісі мол орын деп есептеледі, себебі ол ел астанасындағы ірі келісім-шарттардың жасалуына және негізгі мүліктің саудасына рұқсат бере алады.
Әкімнің айыпты деп танылуы жемқорлыққа қарсы күресіміздің тиімділігін көрсетеді...


Бас прокурордың орынбасары Фазал Ахмад Факиряр елде жемқорлық айыбымен алғашқы шенеуніктің жауапқа тартылуы билік орындарының парақорлықпен күресін күшейтеді деп үміттенетінін атап көрсетті.

«Бұл біздің өте маңызды қадам жасап отырғанымызды білдіреді. Бұған күмән жоқ. Ол қоғамға тиімді әрі оң әсер етеді. Әкімнің айыпты деп танылуы жемқорлыққа қарсы күресіміздің тиімділігін көрсетеді», – деді Факиряр.

САХЕБИ: «МЕН ПАРАҚОРЛАРДЫ ІЗДЕП ЖАТЫРМЫН, БІРАҚ ОНДАЙ КІСІНІ КӨРМЕДІМ»

Бірақ, сейсенбі күні Кабул қаласында баспасөз маслихатын өткізген Сахеби болса өзінің кінәсі жоғын айтып, өзінің айыпты емес екендігін және өзін қорғау үшін жеткілікті уақыттың болмағанын мәлімдеді.

Ол сондай-ақ әкім лауазымындағы жұмысын жалғастырып жатқандығын хабарлады.

Өткен айда «Christian Science Monitor» басылымына берген сұхбатында Сахеби жемқорлық Ауғанстанда кең таралмаған деп мәлімдеген еді.

«Мен пара алатын адамды іздеп жатырмын бірақ ондай кісіні көрмедім», – деп атап көрсетті Сахеби.

Оның айтуынша, жемқорлық туралы соңғы науқандағы көрсеткіштер дұрыс емес.


АУҒАН ҚОҒАМЫН ШЫРМАП АЛҒАН КЕСЕЛ


Желтоқсанның 9-күні БҰҰ-ның Ауғанстандағы жоғары лауазымды өкілі Кэй Ейд ауған үкіметін жемқорлықпен күресу үшін нақты әрекет етуге шақырды.

БҰҰ өкілі Кэй Ейдтың айтуынша, «ауған халқы бұл бағыттағы нақты іс-қимылды көруі тиіс». Ол желтоқсан айында өтетін конференцияда жемқорлыққа қарсы комиссия мен сот және арнайы құқық қорғау органдарын құру мәселесі талқыланатындығын хабарлады.
Ауған халқы бұл бағыттағы нақты іс-қимылды көруі тиіс.


Бұған дейін АҚШ пен тағы басқа мемлекеттер Ауғанстан президенті Хамид Карзайды елде кең етек жайған жемқорлықты жоюға шақырған-тұғын.

Өткен айда биліктегі жаңа мерзімін бастаған ел президенті Хамид Карзай ауған қоғамын жемқорлықтан тазартуға уәде еткен еді.

Жергілікті халықтың айтуынша, олар жемқорлық оқиғаларыымен күнделікті кездеседі. Полиция мен төменгі лауазымдағы кейбір ресмилер әдетте пара алады, сонымен қатар елде миллиондаған долларлық халықаралық көмектен ақша жымқыратындар да бар делінеді.
XS
SM
MD
LG