Accessibility links

Доңыз тұмауы Алматыға Испаниядан келіп жетті

  • Гүлмира ХАМЗА

Шілденің 28-і күні алматылық мектеп оқушысына доңыз тұмауы деген диагноз қойылды. Екі күн бұрын Испаниядан оралған 14 жасар баланы қазір бақылауға алған дәрігерлер әзірге қауіп жоқ және баланың жағдайы қанағаттанарлықтай дейді.

ТҰМАУ ЖҰҚТЫРҒАН ҰЛ МЕН ҚЫЗДЫ ДӘРІГЕРЛЕР БАҚЫЛАУЫНА АЛДЫ

Бұдан бұрын Астанада алматылық қыздың ауруханаға жатудан бас тартқандығы жайында хабарланған болатын. Өткен аптаның соңында дәрігерлер одан көз жазып қалған еді. Дегенмен, 28 шілде күні алматылық дәрігерлер сырқат қыздың табылып, бақылауға алынғанын хабарлады.

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Роза Қуанышбекова бұл балалардың хал-жағдайларына қатер төніп тұрған жоқ деп есептейді:

– Науқас та, онымен бірге болғандар да бақылауға алынды. Қазір ешқандай қауіп жоқ десе де болады. Ұл баланың жағдайы қанағаттанарлық деуге келіңкірейді. Қыздың жағдайы да қанағаттанарлық. Бұл кәдімгі вирустық инфекция. Олар айлап ауырып жатқан жоқ қой. Бұл үш-төрт күн, ары кетсе бір апта ғана болатын сырқат.

ДӘРІГЕРЛЕР ТҰМАУДЫҢ АЛДЫН АЛУҒА КЕҢЕС БЕРЕДІ

Алматы қаласының басшылығы мен дәрігерлер жұртты абыржымауға шақырады. Олардың пікірінше, ең бастысы – дұрыс қорғану болмақ. Бұл үшін дәрігерлер көп адам шоғырланған жерлерге, пандемиялық тұмау көбірек тіркелген елдерге бармауға, қолды жиі жуып,
Адамдар тұмаудан емес, тұмаудың шиеленісіп, асқынуынан қайтыс болады. Ауруын асқындырып, емделмегендер ғана қайтыс болады. Емделмесе, кәдімгі тұмау да қауіпті.
оксолин майын пайдалануға кеңес береді.

Алматы қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастығы Айзат Молдақасымов бұндай жағдайда тыныштық сақтаудың маңызды екендігін айтады:

– Кез-келген жағдайда, оның ішінде эпидемиологиялық жағдайда үрейге бой алдырмау және дүрлікпеу маңызды рөл атқарады. Сондықтан, сондай әбігерлік пен үрейге берілмеңіздер. Бұл кәдімгі тұмау. Адамдар оған жай ғана даяр болулары керек. Адамдар тұмаудан емес, тұмаудың шиеленісіп, асқынуынан қайтыс болады. Әдетте тұмаудан соң ол шиеленіспей ме? Ауруын асқындырып, емделмегендер ғана қайтыс болады. Емделмесе, кәдімгі тұмау да қауіпті.

АЛМАТЫ БИЛІГІ ҚАЛАДА ТҰМАУҒА ҚАРСЫ КЕРЕКТІ ДӘРІЛЕР ҚОРЫ БАР ДЕЙДІ

Алматы қаласының әкімдігінде арнайы жұмыс тобы құрылған. Алматы әкімдігі баспасөз-қызметінің жетекшісі Сергей Куянов бүгінгі күнге барлық қажетті шаралардың қабылданғандығын айтты:

– Алматы әуежайында шетелден келгендердің барлығы бақылаудан өтуде. Әуежайлардағы тепловизорлар Алматыға келгендерді жүз пайыз тексеруден өткізеді.

Бұдан бөлек, қала басшылығы дәрі-дәрмектерге байланысты проблема болмайды деп мәлімдеп отыр. Олар қалада керекті дәрілер қоры барын айтады. Енді алдағы суық мезгіл келгенге дейін қажетті мөлшердегі дәрі-дәрмектерді сатып алуды жоспарлап отыр. Алматының дәріханаларындағылар да келушілердің арасында дүрлігудің байқалмайтындығын айтады.

Өз аты-жөнін атағысы келмеген дәріхана қызметкерінің айтуынша, алып бара жатқан сұраныс та жоқ. Бірақ сатып алушылар бар.

«Ел естіп жатыр ғой. Әрине, олар сатып алады», – деді фармацевт Азаттық радиосының тілшісіне.

ТҰРҒЫНДАР ТҰМАУ ТУРАЛЫ АҚПАРАТТЫҢ ЖЕТКІЛІКСІЗДІГІН АЙТАДЫ

Алматыда жұрт арасында әбігер байқалмағанымен, ресми басшылық барлығы бақылауда деп мәлімдегенімен, қарапайым азаматтар өз өмірлері үшін алаңдайды. Кейбір алматылықтар бұл сырқат жайында көбірек білгілері келетіндігін айтты.

Бес жасар баланың әкесі, 30 жасар Еркебұлан осындай пікірде:
Бұл сырқат жайында нақты ешнәрсе білмейміз. Ешкім айтпайды, қажетті ақпарат жоқ. Мен кішкентай балам үшін алаңдаймын.


– Әрине, маған қорқынышты. Бұл сырқат жайында нақты ешнәрсе білмейміз. Ешкім айтпайды, қажетті ақпарат жоқ. Мен кішкентай балам үшін алаңдаймын.

Алматы тұрғыны Гүлжамал қала басшылығының сөздеріне сенбейді:

– Әдетте бізде мұндай жағдайлар болған кезде биліктегілер абыржымауға, әбігер туғызбауға шақырады. Әрине, барлығы тыныш өтіп кетсе жақсы-ақ. Алайда, олар жағдайдың барлығын бақылауда ұстап отырғандығына кім кепіл?

Жұрт арасында A/H1N1 вирусын «доңыз тұмауы» деп атайды. Бүгінде әлемде бұл аурудан 700-ден аса адам қайтыс болды. Әлемнің барлық ғалымдары бұл жаңа тұмауға қарсы төтеп беретін тиімді вакцина табуға әрекет жасап жатыр.
XS
SM
MD
LG