Accessibility links

Айдос Садықовтың адвокатының өтініші Жоғарғы сот алқасының қарауына түсті


Оппозиция белсендісі Айдос Садықов. Ақтөбе, 16 шілде 2010 жыл.

Оппозиция белсендісі Айдос Садықов. Ақтөбе, 16 шілде 2010 жыл.

Қазақстан Жоғарғы сотының қадағалау алқасы екі жылға сотталған оппозиция белсендісі Айдос Садықовтың ісіне қатысты оның адвокаты берген өтінішті қабылдап алды. Адвокат Садықовқа шығарылған үкіммен келіспей, істі қайта қарауды сұрап отыр.


Дүйсенбі күні Жоғарғы соттың қадағалау алқасы Айдос Садықовтың ісіне қатысты оның адвокаты тапсырған өтінішті қарауға қабылдап алды. Енді Жоғарғы сот алқасы Айдос Садықовтың іс материалдарымен танысқаннан кейін бұл іске қатысты өз шешімін шығаруы тиіс. Адвокат өз өтінішінде Айдос Садықовтың ісін қайта қарауды сұрап, өз дәйектерін келтіреді.

ҮМІТ

Қазанның 11-і күні Қазақстан Жоғарғы соты оппозиция белсендісі Айдос Садықовтың адвокаты Татьяна Лазареваның өтінішін қабылдап алды.

- Адвокат өтінішінде сот назарын екі жайтқа аударады. Біріншісі - сот отырысының хаттамасы бұрмаланғаны. Ол хаттамада «ыңғайсыз» куәлардың куәліктері өзгертіліп, тіпті кейбірінің жауаптары мүлдем көрсетілмеген. Ал екінші жайт - мамырдың 27-сі күні түсірілген бейнетаспаны айғақ ретінде қарау. Бұл бейнетаспада Айдостың полицейлерге ешқандай қарсылық көрсетпегені және оларға қол көтермегені анық көрсетілген, - дейді Азаттыққа түсініктеме берген Айдос Садықовтың әйелі Наталья Ешжанова.

Оның сөзінше, енді Ақтөбе қалалық сотындағы Айдос Садықовтың ісі 15 күннің ішінде Жоғарғы соттың қарауына түсуі тиіс. Содан кейін Жоғарғы сот алқасы бұл іске қатысты өз байламын шығарады.

- Бұл біз үшін жақсы нышан. Себебі, Айдосқа қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ екендігі әу бастан белгілі болған. Сондықтан Жоғарғы
Оппозиция белсендісі Айдос Садықов (оң жақтан екінші) өзіне шығарылған сот үкімін тыңдап тұр. Ақтөбе, 16 шілде 2010 жыл.
соттың бұл істі қайта қарауға ниет білдіріп отырғаны көңілге үміт ұялатады, - дейді Наталья Ешжанова.

САДЫҚОВТЫҢ ІСІ

Айдос Садықовтың зайыбы Наталья Ешжанова биыл қыркүйектің 9-ы күні Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Еуропарламентке және бірқатар халықаралық ұйымдарға үндеу жолдаған еді. Онда соңғы кездері өзіне қатысты түрлі қорқыту-үркіту әрекеттері орын алып жатқандығы айтылған. Наталья Ешжанова бұл әрекеттердің артында Ақтөбе облысының басшылығы тұр деп мәлімдеген еді.

Биылғы шілде айының 16-сы күні Ақтөбенің №2 қалалық сотының судьясы Ақболат Құрмантаев оппозиция мүшесі Айдос Садықовқа «бұзақылық жасаған» және «полиция қызметкерлеріне қарсылық танытқан» деген айып тағып, оны екі жылға бас еркіндігінен айыру туралы үкім шығарды. Ал өзін кінәсіз санайтын Айдос Садықов «билік тарапынан өзіме қарсы жасалған арандату құрбаны болдым» деп мәлімдеген-ді.

Тамыздың 26-сы күні Ақтөбе облыстық соты Айдос Садықовтың үстінен шығарылған сот үкімін өзгеріссіз күшінде қалдырды.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG