Accessibility links

ҰҚК-нің құпия пәтерлері азаптау туралы шағымдарда аталып отыр


Күдікті Мұхит Тағаевтың анасы Жамал Соқбаева ҰҚК-нің тергеу жүргізу тәсіліне шағым айтады. Алматы, 8 желтоқсан 2009 жыл.

Күдікті Мұхит Тағаевтың анасы Жамал Соқбаева ҰҚК-нің тергеу жүргізу тәсіліне шағым айтады. Алматы, 8 желтоқсан 2009 жыл.

Алматы қаласы қаржы полициясы бастығының орынбасарына қарсы куәлік еткен Мұхит Тағаев бұған дейін берген жауаптарынан бас тартты. Анасы ҰҚК-нің құпия пәтерінен оралған соң ұлы екі рет өз-өзіне қол салмақ болғанын айтады. Сын нысанасына тағы да ҰҚК ілінді.

Амангелді Шабдарбаев ҰҚК-нің төрағасы қызметінен алынған күннің ертесіне-ақ Мұхит Тағаевтың анасы Жамал Соқбаева мен жаңадан тағайындалған адвокат Олен Исхаков, Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, ҰҚК-нің қызметкерлері куәгерді жалған куәлік беруге мәжбүрлеген деп мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, Тағаевты биыл 5 қарашада ҰҚК-нің қызметкерлері Алматыда ұстаған, мекеме ғимаратына алып келіп, оны
Адвокат Олен Исхаков, Алматы, 8 желтоқсан 2009 жыл.
Алматы қаласы қаржы полициясы бастығының орынбасары Айдын Жантелеевке қарсы куәлік етуге үгіттеп, «егер одан бас тартсаң өзіңді түрмеге жабамыз» деп қорқытқан.

Сондай-ақ, Олен Исхаков өз қорғауындағы Тағаев туралы «өзіне жасалған қысымнан соң ертесіне ҰҚК-мен байланыс орнатуға дайын екендігін білдірген, содан кейін барып ол өзіне көрсетілген куәгерлік қағазға қол қойған» деп мәлімдеді.

Сонымен бірге, ол Мұхит Тағаевтың өзіне қатысты қауіпсіздік шарасын қолдануға рұқсат берген, куәгерді мекен-жайы оған белгісіз пәтерде ұстаған деп айтып отыр.

«Белгісіз болатын себебі – Тағаевты бұл үйге көзін тұмшалап алып келген, оны күшпен ұстаған, басына қап кигізген», - деді қорғаушы.
Тағаевты бұл үйге көзін тұмшалап алып келген, оны күшпен ұстаған, басына қап кигізген...


Бірақ адвокат ҰҚК-нің осы іске қатысы бар қызметкерлердің кімдер екендігін нақты айта алмады. Сондай-ақ, ол бүгінгі мәлімдемелер күні кеше Амангелді Шабдарбаевтың ҰҚК төрағасы қызметінен босауына ешқандай қатысы жоқ деп отыр.

ЕКІ АДВОКАТ ЕКІ ТҮРЛІ СӨЙЛЕЙДІ

Тағаевтың өзі бұл баспасөз конференциясына қатысқан жоқ. Қорғаушының айтуынша, екі апта бойы ҰҚК-нің Алматыдағы құпия пәтерінде жатқан Тағаев 19 қарашада үйіне оралған, сол жерден қатты уланып қалған оны ауруханаға жеткізген.

«Қазіргі таңда Тағаевтың психикасы бұзылған, қатты қорқып қалған. Соған байланысты ол қаладағы ауруханалардың бірінде ем қабылдап жатыр», - деді адвокат.

Жаңа адвокат Исхаковтың мәлімдемелері 17 қарашада Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген бұрынғы адвокат Теңгебек Бәйімбетов
Теңгебек Бәйімбетов, Мұхит Тағаевтың алғашқы адвокаты. Алматы, 17 қараша 2009 жыл.
келтірген мәліметтерге толықтай қайшы болып тұр. Сол кезде өзін Тағаевтың адвокатымын деп таныстырған Бәйімбетов Жантелеевтің Тағаев куәлік етіп жатқан орынға кіріп келіп, оған «шындықты айт» деп психологиялық қысым көрсеткенін мәлімдеген-ді.

Алайда енді адвокат Исхаков «Тағаевтың туған-туысқандарының ешқайсысы қорғаушы ретінде Бәйімбетовті шақырмаған, оның қызметі үшін тиын да төлемеген» деп отыр.

Сондай-ақ, «Бәйімбетов баспасөз конференциясын ешкімнің рұқсатын сұрамастан өзі өткізген» деді Исхаков. Оның айтуынша, «Бәйімбетовті куәгердің қорғаушысы етіп ҰҚК-нің қызметкерлері қойған және олар заңдық көмек үшін оған 150 мың теңге төлеген».

«БАЛАМ ЕКІ МӘРТЕ ӨЗ-ӨЗІНЕ ҚОЛ САЛМАҚ БОЛДЫ»

Мұхит Тағаевтың анасы Жамал Соқбаева болса 5 қарашада жұмысқа кеткеннен қайтып оралмаған ұлын ұзақ іздегендігін, оның Айдын Жантелеевке қарсы куәлік етіп жүргендігін біраз уақыт өткен соң теледидардан адвокат Бәйімбетовтің аузынан алғаш рет естігендігін айтып отыр.

Анасы ҰҚК-нің құпия пәтерлерінде болған соң біраз уақыттан кейін үйіне оралған баласы Мұхиттың екі рет өз-өзіне қол салмақ
Ол мені танымады, туысқандарына айғайлады, ұйықтамады, тамақ ішпеді...
болғанын айтады.

– Айдын Жантелеев те менің балам. Бұл екеуі бала кезінен бірге менің кө алдымда өсті. Менің балам оған жамандық жасамайды. Мен оларды есірткі пайдаланғанын көрген емеспін, ондай жаман әдеті бар деп ешқашан ойламаймын. Мен адвокатты теледидардан көргеннен кейін бірнеше күн өткенде Мұхитты үйге алып келді, ол есін білмейтін халде болды. Ол мені танымады, туысқандарына айғайлады, ұйықтамады, тамақ ішпеді. Екі рет өз-өзіне қолуға әрекеттенген соң әйелі мен бауыры күзетіп отырды. Қазір ол ауруханада психологтар мен невропатологтардың бақылауында жатыр, – деді көз жасына ерік берген Мұхит Тағаевтың анасы.

Соқбаева мәселенің мән-жайын анықтамақ болып Айдын Жантелеевке де жолығыпты. Подполковник оған бала кезден бірге өскен досы өзіне қарсы Мұхиттың куәлік еткендігіне сенбейтіндігін айтыпты.

КУӘГЕР ВИШНЯВЕЦКИЙ КОМИТЕТТІ ЖАҚТАЙДЫ

Баспасөз мәслихатында ҰҚК-ін қорғап сөйлеген Сергей Вишнявецкий есімді азамат. Алматы, 8 желтоқсан 2009 жыл.
Соқбаева сөйлеп жатқанда баспасөз конференциясында көпшіліктің ішінен шыққан, өзі Тағаевпен бірге куәгер болғанын айтып, аты-жөнін Сергей Вишнявецкий деп таныстырған бір жігіт төрде отырған екеудің сөздерін жоққа шығара бастады.

- Осы қылмыстық іс бойынша Мұхит Тағаевпен бірге куәгер болдым. Біз ҰҚК қызметкерлерінің тергеу әрекеттерінің бәріне қатыстық. Бізге олардың тарапынан ешқандай қысым көрсетілген жоқ. Куәгерлікті біз өз еркімізбен бердік, - деді Вишнявецкий.

Осы сөзді айтып болды да ол лезде мәжіліс залын тастап шығып кете барды.

Вишнявецкий ҰҚК-ін жақтағанымен бұл мекемеге қарата айтылған айыптарға комитет тарапынан соңғы бір апта көлемінде қандай да бір жауап алу мүмкін болмай отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG