Accessibility links

Әкелі-балалы Айтақын және Жандарбек Бұлғақовтардың айтысы


Әкелі-балалы айтыскер ақындар: Айтақын (сол жақта) және Жандарбек Бұлғақовтардың сөз сайысы. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Әкелі-балалы айтыскер ақындар: Айтақын (сол жақта) және Жандарбек Бұлғақовтардың сөз сайысы. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Азаттық радиосы тыңдарманға «...Тіл кеспек жоқ!» деген атпен өткен наурыз айтыстағы алтын шашбауындай жарқылдап, жұрттың жанын жадыратқан әкелі-балалы Айтақын мен Жандарбек Бұлғақовтың жыр додасын ұсынады.

Алматыда наурыздың 21-22 күндері өткен айтыста әке мен бала арасындағы сөз сайысы өнерсүйер қауымның ерекше ықыласына бөленді.

Зерттеушілердің айтуынша, айтыс тарихында әке мен бала айтысы бұған дейін де болған. Ал, бұл жолы әкелі-балалы Айтақын және Жандарбек Бұлғақовтардың арасында өткен сөз сайысы өткір әрі тапқыр әзілге құрылды.

Әке мен бала жаңа заман мен ескі заманды салыстыра айтысты. Айтақын Бұлғақов совет өкімет кезіндегі әлеуметтік, тұрмыстық игіліктердің бүгінгі Қазақстанда көзден бұлбұл ұшқанын жырлады:

Айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
«ЦК-дағылар сертіне берік болған, өтірікті судай ғып сапырмаған,

Банктер кредитті қарыз беріп, халықты белшесінен батырмаған.

Дәрігерлер ауруды тегін емдеп, аурулар ақша іздеп аһ ұрмаған.

Халықтың келешегі, қазынасы, сәбиі де шетелге сатылмаған,

Қай заман жақсы екенін осыдан-ақ, ажыратып алады ақылды адам», - деген Айтақын Бұлғақов совет өкіметі мен тәуелсіз Қазақстанды шендестіре отырып, әзілмен де ел көңілін тапты:

«СССР-дан көріп ең не жамандық, өткеніңді барлап көр, бақылап сәл,

Жемқорлар болған емес біздегідей, билікте отырғанда батырақтар.

Шешем байғұс қайсымызға болысад деп, кемпір жайлы бердің-ау, тосын ақпар

Компартия тұсында жұмыс қылған кемпірім, рас, маған асыл-ақ жар,

«Нұр Отанның» тұсында жұмыссыз қап, сарғайды ғой жап-жасыл жапырақтар.

Ол дағы компартия көзін көрген, «Нұр Отан» деп жөні жоқ тапырақтар.

Өзіңдей отыз ұлы болғанынша, кемпіріне қымбат қой осырақ шал».

Ал әкесінің сөзіне жауабында Жандарбек Бұлғақов совет өкіметінің Алаш зиялыларын атқанын, қазақты аштыққа ұшыратқанын,

Әкелі-балалы айтыскер ақындар: Айтақын (сол жақта) және Жандарбек Бұлғақовтардың сөз сайысы. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
дінсіздікке жол ашқанын сөзіне мәйек етті:

«Орысқа отар болғаным ойымда жоқ, Отанымның жүрегі Мәскеу еді,

Миллиардтап астық берген Қазақстан СССР жем жейтұғын астау еді.

Оңаша отау құруды арман еткен, Алашорда керемет бастама еді,

Ұлтымның көшбастайтын зиялысын жау санап, атып, айдап, асқан еді.

Құран бетін ашпастан бастарына Маркстің капиталын жастап еді,

Атам - маймыл, шешеміз - шимпанзе деп, шежіре таратқаны масқара еді.

Азаттықты таңдайды ақылды адам,

Жөн болар оған басты қатырмаған.

Кеңес пе сонда сенің көксегенің,

Бұныңа келіспейді ақын балаң».

Алматы облысы, Панфилов ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген Айтақын Бұлғақов өткен ғасырдың сексенші жылдарынан бастап айтыса бастаған. Респубилкалық айтыстардың жүлдегері, айтыс сүйер көрерменге танымал айтыскер ақын Айтақын Бұлғақовтың ел аузында жүрген тартысты айтыстары көп.

Айтақын Бұлғақовтың ұлы Жандарбек Бұлғақов 6-сыныпта оқып жүрген шағында айтысқа түсе бастаған. 15 жасында тұңғыш рет респбуликалық жыр додасына түскен. Жандарбек Бұлғақов әр қатысқан айтыстан жүлделі орындар иеленіп, жыры көрермен көңілінен шығып келеді. Соның бірі биылғы наурыз мейрамына күндері Алматыда өткен айтыстағы әкесі Айтақын Бұлғақовпен болған осы жыр сайысы.

Әкелі-балалы Айтақын және Жандарбек Бұлғақовтардың айтысын мына жерден тыңдаңыздар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG