Accessibility links

Айбек пен Жандарбек ақындардың айтысы


Ақындар айтысқа жиналды. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Ақындар айтысқа жиналды. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Азаттық радиосы тыңдарманға «...Тіл кеспек жоқ» деген атпен өткен республикалық айтыстағы Айбек Қалиев пен Жандарбек Бұлғақов ақындардың жыр сайысын ұсынады. Осы екі ақынның айтысымен биылғы наурыз-айтыс хабарларын тәмамдаймыз.


Айбек пен Жандарбек ақындардың айтысын мына жерден тыңдаңыз

Бұл жұптың айтысының алдында әнші Еркін Шүкіман Ақселеу Сейдімбектің «Дәурен-ай» әнін шырқады.

21-22 наурызда екі күнге созылған айтыс барысында қос ақын да бірнеше қарсыласпен сөз қағыстырды. Айтыста Жандарбек Бұлғақов Айбек Қалиевке Сара Тоқтамысовамен айтысында оның күйеуін сахнаға шығарғанын айта келе, Қазақстан президентінің күйеу баласы Рахат Әлиевті өлеңге қосып жіберді:

Сахнада айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
«Сара мен Ринаттікі ұрыс айтыс,
Жандарбек пен Айбектікі тыныш айтыс.
Қандай айтыс болса да, Айбек аға,
Баламен ел алдында дұрыс айтыс.

Жалында жас баладай төзімізге,
Ай, аға жұп қылыпты сені бізге.
Сараның сен күйеуін шығардың ғой,
Жерде қалып жатқан жоқ сөзіңізде.

Күміскүлдің күйеуін шығарғанда,
Риза болып қалып едім, өзіңізге.
Енді Сізге ұсыныс айтайыншы,
Шап-шап айтысында кезімізде.

Күйеулерді көрсеткіш Қалиев-ау,
Әлиевті көрсетші көзімізге-ай, ау.
Қазылар Сізге қосып жеребемді,
Қошеметтер қоздырды делебемді.

Сара қыздың күйеуін сұрадың ғой,
Өлеңмен танытқандай өнегеңді.
Мен болсам, жалындаған жас баламын,
Ай-аға айтысқайсыз елеп енді.

Айтақынды көрсетіп, құтылмасам,
Мен Сізге көрсетемін неменемді».

Айбек Қалиев бұл астарлы әзілге уытты қалжың жырмен қарымта жауап айтты:

Айтыскер ақын Айбек Қалиев. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
«Әй, әй бала ақырын түш деп отыр,
Біздерге аңдап сөйлер тұс кеп отыр.
Әлиевті көрсет деп көзімізге,
Жандарбек мені неге күштеп отыр.

Қашып кеткен күйеулер шетел асып,
Әйтеуір білгендерін істеп отыр.
Мен түгіл сол күйеуге қолы жетпей,
Елбасы да бармағын тістеп отыр.

Қоздырып ел-жұртымның делебесін,
Суырдым өлеңімнің селебесін.
Жөн айтысқа көшейік ал, Жандарбек,
Қайтеміз өзгелердің ерегесін.

Бес жаста көрсетерін көрсетті ғой,
Шынында көрсетеді неменесін».


Айтыс барысында Жандарбек Бұлғақов «Атаңнан қалған айтысты апарып тықпа молаға!» деп Қазақстан президентіне жырмен дат айтты.

Алғаш рет Шақшақ Жәнібек батырдың 300 жылдығына арналған республикалық айтысқа 15 жасында қатысқан Айбек Қалиев 1978 жылы Торғай облысы, Жангелдин ауданына қарасты Тәуіш ауылында дүниеге келген. Талай рет айтыста топ жарған Айбек Қалиевтің жекпе-жек айтыстағы Мэлс Қосымбаевпен болған жыр сайысы өткірлігімен жұрт жадында қалған-ды.

Айтақын Бұлғақовтың ұлы Жандарбек Бұлғақов 6-сыныпта оқып жүрген шағында айтысқа түсе бастаған. 15 жасында тұңғыш рет респбуликалық жыр додасына түскен. Жандарбек Бұлғақов әр қатысқан айтыстан жүлделі орындар иеленіп, жыры көрермен көңілінен шығып келеді.

Соның бірі биылғы наурыз мейрамына күндері Алматыда өткен айтыста әкесі Айтақын Бұлғақовпен жыр сайысы болды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG