Accessibility links

Айтақын мен Балғынбек ақындардың айтысы


Сахнада айтыскер ақындар: Айтақын Бұлғақов (сол жақта) пен Балғынбек Имашев. Алматы, 22 наурыз 2010 жыл.

Сахнада айтыскер ақындар: Айтақын Бұлғақов (сол жақта) пен Балғынбек Имашев. Алматы, 22 наурыз 2010 жыл.

Азаттық радиосы тыңдарманға «...Тіл кеспек жоқ!» деген атпен өткен наурыз айтыстағы ең қызықты сөз сайыстың бірі болған Айтақын Бұлғақов пен Балғынбек Имашевтың жыр додасын ұсынады.


Айтақын мен Балғынбек ақындардың айтысын мына жерден тыңдаңыз.

21-22 наурызда өткен айтыстағы ел көңілінен шыққан айтыстың бірі Айтақын Бұлғақов пен Балғынбек Имашев арасында өтті. Қос ақын да Алматы облысының тумалары әрі Айтақын Бұлғақов Балғынбек Имашевтың айтыстағы ұстазы болып келеді.

Бұған дейін әкелі-балалы Айтақын мен Жандарбек Бұлғақовтардың арасында өткен әдемі әзілге құрылған сөз сайысы Айтақын мен Балғынбек ақындардың айтысында да жалғасын тапты:

Айтыскер ақын Балғынбек Имашев. Алматы, 22 наурыз 2010 жыл.
«Айтақын әрі шешен әрі бисің,
Өзіңсің әрі бақсым әрі бишім.
Ленин өлді дегенге сенбей жүрген,
Ассалаумағалейкум, коммунисім.

Мен шестый сотый мерседес болған кезде,
Сен қып-қызыл десятка-камрисің.
Кешегі СССР-ді мадақтаған,
Құдай-ау, өзің қандай наглыйсың.

Қызыл шапан киіп алған көкем менің,
Қыздың тілін табуға өте бейім.
Тоқал, тоқал деп кеше қоймадың ғой,
Мен бірден сол шаруаға төтелейін.

Сүймеймін деген қызды шөкелейін,
Тимеймін деген қызды төпелейін.
Шәкіртің шариғаттың шамын жақты,
Өзім-ақ, дін жолымен некелейін», - деп ұстазымен әзілі жарасқан Балғынбек Имашевқа Айтақын Бұлғақов қарсы жауабында қарсыласының қаба сақалын қағытып, жырға қосты:

Айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
«Уағалайкүмассалам, «Нұр Отаным»,
Аузы, басы қыл-қыбыр жүн отаның.
Карл менен Марксте сақалды ғой,
Мен өзі сақалдыны ұнатамын.

Ленин мен Калининде сақал болған,
Екеуі баласы ғой бір атаның.
Бай, кулак, жемқорларды жазаласам,
Ел алдына шығарып тура атамын.

Сендер құсап үш оқты шығындамай,
Біліп қой бір оқпенен тура атамын.
Байлардың байлықтарын кәмпіскелеп,
Тоғышар шекпендіні тулатамын.

Қара жерді кедейге бөліп беріп,
Капиталист дегенді құлатамын.
Серікболсын Әбділдин аман болса,
Октябрдің көресің бұла таңын».

Алматы облысы, Панфилов ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген Айтақын Бұлғақов өткен ғасырдың сексенші жылдарынан бастап айтыса бастаған. Республикалық айтыстардың жүлдегері, көрерменге танымал айтыскер ақын Айтақын Бұлғақовтың ел аузында жүрген тартысты айтыстары көп.

Республикалық айтыстарда топ жарып жүрген Балғынбек Имашевтің Ринат Зайытовпен болған «орысша айтысы» да ел аузында.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG