Accessibility links

Ринат пен Сара ақындардың айтысы


Айтыскер ақындар: Сара Тоқтамысова (сол жақта) және Ринат Зайытов. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Айтыскер ақындар: Сара Тоқтамысова (сол жақта) және Ринат Зайытов. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Азаттық радиосы, тыңдармандардың сұрауы бойынша, «…Тіл кеспек жоқ!» деген атпен өткен наурыз айтыстағы Ринат Зайытов пен Сара Тоқтамысованың сөз сайысын ұсынады. Бұл жолы өзара тартысқа түскен қос ақын Шығыс Қазақстан облысының тумалары.


Ринат пен Cара ақындардың айтысын мына жерден тыңдаңыздар.

Бұл жұптың айтысының алдында әнші Еркін Шүкіман Ақселеу Сейдімбектің «Сарыарқа» әнін шырқайды.

Айтысты бастаған Ринат Зайытов Сара Тоқтамысованың келін болып түскен елін жырға қоса келіп, сахнаға үкілі тақия киіп шыққан Сара Тоқтамысованы өлең сөзбен түйреп өтті:

«Ей, әрі қарай енді сөйлейін сөзімде болса бәтуа,
Айтыскер ақын Ринат Заитов. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
Ешкімменен боп жүрген жан емес едім мафия.

Он сегіздегі жас қыздар,
Күйеуге әлі шықпаған,
Ешнәрсені ұқпаған,
Атамыз қазақ кезінде басында киген тақия.

Үмітке үміт жалғансын,
Жауабың болса самғарсың.
Күйеуің бар ғой Саражан,
Неге тақия киіп алғансың?

Жазғырмас елім сені де,
Жазғырмас елім мені де.
Шапқайсың бұрынғыдайын,
Жаяу жүріспен желіме.

Не кисең де өзің біл,
Қайын жұртың деді ме?
Екеуміз егер ұқсасақ,
Бір елден шыққан ақынға.

Жұлқынған ақын екем деп,
Тебінбе жерді, тебінбе.
Ағаңның айтқан ақылын,
Теңерсің қалқам, лебізге.

Найманның қызы тегінде,
Шошақай екен дегізбе».

Ринат Зайытов Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында дүниеге келген. 17 жасында қолына домбыра алып, айтысқа түскен Ринат республикалық айтыстарда бірнеше мәрте бас жүлдені жеңіп алған. Оның жұрт жадында жүрген елеулі айтыстарының бірі - Дінмұхаммед Қонаевтың 95 жылдығына арналған айтыстағы Балғынбек Имашевпен болған сөз сайысы.

Өз кезегінде Сара Тоқтамысова Ринат Зайытовқа уытты жырымен жауап қайтарды.

Айтыскер ақын Сара Тоқтамысова. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
«Отырған мынау ағама атымның басын бұрайын,
Сол бір Рахат Әлиев боп жүр ме саған уайым.

Ары да бері өттің кеп,
Жаңбырдай жырды төктің кеп.
Қайсының басын құрайын.

Әніме келіп тиістің,
Сәніме келіп тиістің.
Айналайын ағатай,
Қай сөзіңізді ұғайын.

Тақияменен шықсам да,
Мафияменен шықсам да,
Шешеді оны жұбайым.

Төркінім деп мен бұған шынымен сеніп отырсам,
Түріңіз сондай қатулы бұныңызға да шыдайын.

Ағам деп сеніп отырсам, не дейді мынау Құдайым,
Сенген қойым сен болсаң, күйсеген аузыңды ұрайын!»

Сара Тоқтамысова тұңғыш рет он үш жасында Семейде өткен оқушылар арасындағы айтысқа шығып, сол айтыста бас жүлдені алған. Сара 1986 жылы 29-наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданында дүниеге келген.

Республикалық айтыстардан оншақты рет бас жүлде алған Сара Тоқтамысованың ең ұтымды ел есінде қалған айтысы «Жүрсіннің жүлдесі» деген атпен өткен айтыстағы айтыскер Аманжол Әлтаевпен болған жыр сайысы болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG