Accessibility links

Бақыт пен Сағадат ақындардың айтысы


Айтыскер ақындар Сағадат Нұрманов (сол жақта) және Бақыт Жағыпарұлы. Алматы, 22 наурыз 2010 жыл.

Айтыскер ақындар Сағадат Нұрманов (сол жақта) және Бақыт Жағыпарұлы. Алматы, 22 наурыз 2010 жыл.

Азаттық радиосы тыңдарманға «...Тіл кеспек жоқ!» деген атпен өткен наурыз айтыстағы қызықты сөз сайысының бірі болған Бақыт Жағыпарұлы мен Сағадат Нұрмановтың арасында болып өткен жыр додасын ұсынады.


Бақыт пен Сағадат ақындардың айтысының аудиосы мына жерде

Алматыда биылғы наурыздың 21-22 күндері өткен айтыстағы қоғамдық мәселені көтеру жағынан Бақыт Жағыпарұлы мен Сағадат Нұрмановтың айтысы жұрт көңілінен шықты.

Айтысты бастаған Бақыт Жағыпарұлы ә дегеннен қазақ қоғамындағы шетін мәселелерді өлең сөзбен көтерді.

Айтыскер ақын Бақыт Жағыпарұлы. Алматы, 22 наурыз 2010 жыл.
«Болғанда тәуелсіздік төрің ғажап,
Кең алқап, шалқып жатқан жерің ғажап.
Қасқайып дұшпанына бас имеген,
Өр түрік, көкбөрі еді-ау тегің қазақ.

Бірақ та жер иесі біз емеспіз,
Кәрістер иемденіп, кенін қазады.
Өзгесі алтын, мырыш, көмір қазады.
Көздеріне қан толған ұйғыр, шешен,

Қазақтың басын кесіп, көрін қазады.
Өз елінде өзгеге бодан болған,
Ассалаумағалейкум, момын қазақ».

Алматы облысы, Райымбек ауданының Шалкөде ауылында дүниеге келген Бақыт Жағыпарұлы Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген. Қазір Қазақ радиосының қызметкері.

Бақыт Жағыпарұлы мен марқұм айтыскер Оразалы Досбосынов екеуі бір ұстаздың шәкірттері, әрі жерлестер. Қос ақынның ұстазы Қасен Саматыров. Олар жасынан Таңжарық пен Қойдымның, Жамбыл мен Айкүмістің айтыстарын жаттап, санаға сіңіріп өскен.

Бақыт Жағыпарұлы 1992 жылы Шарғын ақынның құрметіне арналған айтыста ат мініп, айтыстағы алғашқы жүлдесін қанжығасына байлаған. Ал 2004 жылы наурызда Талдықорған қаласында ақын Сараның құрметіне өткен айтыста Біржан сал атындағы сыйлықты иеленген.

Көрермендердің көңілінен шыққан айтысы ретінде әр кездегі республикалық айтыстардағы Бауыржан Халилолламен және Серікзат Дүйсенғазинмен болған сөз сайыстарын атап өтуге болады.

Ал, Атырау облысынан келген айтыскер Сағадат Нұрманов өз кезегінде Жаңаөзендегі жұмысшылар наразылығы жырға қосты.

Айтыскер ақын Сағадат Нұрманов. Алматы, 22 наурыз 2010 жыл.
«Сөз айттың, Бақыт аға асқаралы,
Отырсың тереңіңнен тастағалы.
Езілген елдің рухын көтерем деп,
Жаңаөзен дүрліктірді Астананы.

Бар бәле мұнайда емес, теңсіздікте,
Ойласам оны көзден жас тамады.
Ал, енді осыларды бай-манаптың,
Балалары жоғарыдан басқарады.

Қаймана қазағына тиын төлеп,
Өздері уыс-уыс ақша алады.
Мұң айтып, мұнайшысы келе қалса,
Тыңдамай бетін басып қашқан әрі.

Бұл үшін соттаймын деп, оттап сөйлеп,
Қорқытып талтаңдайды өзгелері.
Бұдан соң халық қалай толқымайды,
Көрген соң көз алдында масқараны.

Билігім ұлтымды емес, құлқынды ойлар,
Алаштың лайланды асқақ ары».

1977 жылы 29 сәуірде Атырау облысы, Исатай ауданында дүниеге келген Сағадат Нұрманов бала кезінен оқушылар арасында облыстық айтыстарда топ жарған. 2005 жылдан бастап республикалық айтыстарға қатысып, көкейкесті мәселелерді жырына арқау етіп, жүлделі орындар алып келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG