Accessibility links

Айбек пен Сара ақындардың айтысы


Айтыскер ақындар: Сара Тоқтамысова (сол жақта) және Айбек Қалиев. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Айтыскер ақындар: Сара Тоқтамысова (сол жақта) және Айбек Қалиев. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Арқалықтан келген Айбек Қалиев пен алматылық Сара Тоқтамысованың арасындағы жыр додасы «...Тіл кеспек жоқ!» деген атпен өткен айтыстағы қызықты әрі тартымды сөз сайысының бірі болды. Азаттық тыңдарманға осы айтысты ұсынады.



Айбек пен Сараның айтысын мына жерден тыңдай аласыздар.


21-22 наурызда екі күнге созылған айтыс барысында бұл қос ақын да бірнеше қарсыласпен сөз қағыстырды. Сарамен айтысқа шыққан әр ақын оның қайын жұртын тілге тиек етіп, сөзбен шымшыды. Айбек Қалиев те ақын Сараның келін болып барған жерін өлеңге қосты:

«Елбасыға келін боп бір ерледің,
Көрсетпей күйеуіңді шын ерледің.
Мұражайға қоятын зат па еді деп,
Сен маған қайта-қайта дігерледің.

Айтыскер ақын Айбек Қалиев. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
Қатты-қатты сөйлейтін болыпсың ғой,
Сыйынғаннан мықты ма сүйенгенің.
Беті әлі ашылмаған келіндей ғып,
Үйіңе күйеуіңді шідерледің.

Еркекке қызығатын ауруым жоқ,
Ағаңа жарамады-ау, түнергенің.
Күйелеш, күлдібадам қыз емессің,
Айтыстың жасағансың шын өрнегін.

Сондықтан мына жұртқа сахнадан
Жөн еді бір көрсетіп жібергенің.
Әйтеуір, Нұрекеңмен екеумізге,
Ұлы арман жүзін көру күйеулердің».

Айбек Қалиевтің бұл сөзінен соң Сара Тоқтамысова күйеуін сахнаға шақырып, Айбек Қалиевтен бата сұрады:

«Көрсет деген-ау сөзіңе, отырған мынау ел сыншы,
Алаштан таңдап алғаным дейсің бе мұнда келсінші.
Ол сөзің жарайды, орындалғандай болсыншы,
Жан жарым менің қайда екен, ортаға қарай келсінші.

Жиенқұлдай жаман емессің, мына халқым сенсінші,
Ақ әулие Айбек ағамыз ақ баталарын берсінші».

Осылайша Сара Тоқтамысова мен оның күйеуіне бата берумен аяқталған айтыста қоғамдық-саяси жағдай мен кейбір атқамінерлердің
Айтыскер ақын Сара Тоқтамысова. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
іс-әрекеті де өлең сөздің сынына ілікті.

Алғаш рет Шақшақ Жәнібек батырдың 300 жылдығына арналған республикалық айтысқа 15 жасында қатысқан Айбек Қалиев 1978 жылы Торғай облысы, Жангелдин ауданына қарасты Тәуіш ауылында дүниеге келген. Айбек Қалиевтің өткірлігімен жұрт жадында қалған айтысының бірі ақын Мэлс Елеусізовпен болған жекпе-жек жыр сайысы.

Айбек Қалиевпен осы жолы айтысқан Сара Тоқтамысова тұңғыш рет он үш жасында Семейде өткен оқушылар арасындағы айтысқа шығып, сол айтыста бас жүлдені алған. Сара 1986 жылы 29-наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданына қарасты Ақсуат ауылында дүниеге келген.

Республикалық айтыстардан оншақты рет бас жүлде алған Сара Тоқтамысованың ең ұтымды ел есінде қалған айтысы «Жүрсіннің жүлдесі» деген атпен өткен айтыстағы айтыскер Аманжол Әлтаевпен болған жыр сайысы болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG