Accessibility links

Мейрам күні Қажыгелдин шақырған «ынтымақтастық акциясы» өткенімен, көпшілікті қамти алмады


Алматы тұрғындары 1 мамыр күнгі азаматтық акцияға шықты, отырған - "Поколение" қозғалысының жетекшісі Ирина Савостина. Алматы, 1 мамыр, 2009 жыл.

Алматы тұрғындары 1 мамыр күнгі азаматтық акцияға шықты, отырған - "Поколение" қозғалысының жетекшісі Ирина Савостина. Алматы, 1 мамыр, 2009 жыл.

Шетелде қуғында жүрген Әкежан Қажыгелдиннің Қазақстан халқының бірлігі мерекесі тойланатын - мамырдың алғашқы күні «азаматтық ынтымақтастық акциясын» өткізу ұсынысын еске алғандар көп болған жоқ. Ол баршаны осы күні көшеге шығып, елдегі жағдайды талқылауға шақырған еді.

«Қазақстанның жүруге қабілетті барша азаматтарын мамырдың 1-і күні таңертеңгі сағат 10-да 10 минутке өз пәтерлерінен аулаға, жеке үйлерінен қақпаның сыртына, саяжайдан – жолға шығуға шақырамын. Ешқандай ұран ұстап шығудың болмаса қуыршақ өртеудің қажеті жоқ! Бар болғаны түгелдей бір мезгілде жай ғана сыртқа шығып, бір бірлеріңізбен сәлемдесіп, жерлестеріңізбен өмір жайында пікір бөлісіңіздер», – деген еді Әкежан Қажыгелдин 13 адамға «ел тағдырын қолға алуды» ұсынып жазған хатында.

Осылайша, шетелден айтқан ұсынысында Қажыгелдин Қазақстанның әрбір азаматын елде болып жатқан жағдайға өз көзқарасын білдіріп, халықтың игілігі үшін күресіп жүрген саясаткерлерге қолдау танытуға шақырған болатын.

Мұның сыртында жақында Азаттық радиосына берген сұхбатында Әкежан Қажыгелдин қоғамда билікке наразылар көп, олар шақыруға қолдау танытады деген сенім білдірген еді.


ҮНСІЗДІК ПЕН ЕНЖАРЛЫҚ - ҚАНАҒАТ БЕЛГІСІ

Мамырдың 1-і күні Алматы көшелерінде арлы-берлі сабылып жүрген жұртшылықтың қайсысының өз жұмысымен жүріп, қайсысының азаматтық позициясын білдіріп тұрғандығын айыру мүмкін емес-тін.

Ресми мейрам күніне арналған қаладағы мерекелік думан таңертеңгі сағат 10-да Республика сарайының алдында басталды. Алматының әкімі Ахметжан Есімовтің құттықтауынан соң, мерекеге жиналған жұртшылық өнерпаздардың концертін тамашалады.

Ал дәл сол уақытта, Қажыгелдин үндеген «ынтымақтастық акциясына» қолдау білдіретіні жайлы күні бұрын мәлімдеген «Поколение» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Ирина Савостина өзінің азаматтық позициясын білдіруге Алматы көшелерінің біріне шықты.

– Мен бұл акцияға көп адам жиналмайтындығын білгенмін. Бұл біздің қазақстандық менталитет. Яғни, адамдар осы өміріне риза деген сөз. Алайда, бізде зейнетақы мөлшері кейбір көршілес елдермен салыстырғанда 1,5-2 есеге төмен. Яғни, халық 13 мың теңге шамасындағы төменгі күнкөріс табысымен өмір сүре алады деген сөз. Ешкім шықпаған болса, онда тарифтерді тағы екі есеге көтеруге болатын шығар. Бұрындары біз байланыс, коммуналдық қызмет дегенді білетінбіз. Енді медициналық қызмет деген шықты. Ал, бұрын ол «медициналық көмек» деп аталатын еді. Өте қымбат! – деді зейнеткер Ирина Алексеевна өзінің көңілі толмайтын мәселе жайында.

Сонымен бірге, Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалын бақылайтын «Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева мен «Журналистер қауіп-қатерде» қорының жетекшісі Розлана Таукина да осы маңнан табылды.

Қажыгелдиннің емес, негізінен Савостинаның шақыртуына құлақ асып акцияға шыққан Тамара Калееваның пікірінше, халық әлі де болса жаппай наразылық акциясын өткізуге дайын емес.

– Біз әлі мұнайды сату арқылы жүзеге асқан «экономикалық кереметтің» екпінімен өмір сүріп жатырмыз. Бірақ, аймақтардағы жағдай тіпті басқаша. Мұнай аймақтарында, мысалы, Жаңаөзенде жұмысшылар қайта-қайта бас көтеріп жатқаны бекер емес қой. Менің пікірімше, қоғам іштей қыза бастады. Яғни, биліктің де ойланғаны жөн болар еді.

Розлана Таукина болса, «ынтымақтастық акциясына» қатысушылар саны аз болмауы да мүмкін деп есептейді.

– Қазір біз айланамызда шын мәнінде адамдардың көп жүргенін көріп тұрмыз. Тек олардың барлығы тоқтап жатқан жоқ. Бірақ, біз осында тұрған уақыттың ішінде 5 адам тоқтап, бізбен әңгімелесті, – деді Розлана Таукина.

Азаттық тілшісі куә болған бұл «ынтымақтастық акциясына» қатысушылардың қоғамдағы қазіргі жағдайды өзара талқылауы Қажыгелдин белгілеген 10 минутқа сыймай, бас-аяғы шамамен жарты сағатқа созылып, ың-шыңсыз бітті.

ҚАЖЫГЕЛДИННІҢ ШАҚЫРУЫНА САЯСАТКЕРЛЕРДІҢ ӨЗДЕРІ САЛҒЫРТ ҚАРАДЫ

«Азат» партиясының жетекшісі Болат Әбілов, Азаттыққа білдірген пікірінде, «ынтымақтастық акциясын» өткізуге елдегі саясаткерлердің соншама баса мән беріп, талқыламағанын айтты.

– Бұған қатысты шешім қабылдау әркімнің өз еркінде. Аймақтардағы біздің ұйымдар шешімді дербес қабылдауды ұйғарған, сондықтан мен нақты білмеймін. Әйтеуір, қалай болғанда да халықтың көшеге шыққаны анық – бүкіл Қазақстан бойынша күн райы бүгін тамаша болып тұр. Бұл күні жұрттың жай ғана қыдыруға шығу дәстүрі бұрыннан бар, – деді Б.Әбілов.

Ресми ақпарат құралдары, мамырдың 1-і күні Астана әкімшілігінің алдында өткен мерекелік шараларға премьер-министр Кәрім Мәсімовтің қатысқанын хабарлады.

Ал Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың бұл күні жұртшылық алдына шыққаны туралы ақпарат болған жоқ. Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне қатысты мемлекет басшысының қазақстандықтарды құттықтауының мәтіні оның ресми сайтында содан бір күн бұрын – сәуірдің 30-ы күні жарияланған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG