Accessibility links

Баршамен диалог немесе Әкежан Қажыгелдиннің оппозицияны алыстан басқаруға кезекті талпынысы


Әкежан Қажыгелдин, қуғындағы оппозиция көсемі, экс-премьер. Жаз, 2008 ж.

Әкежан Қажыгелдин, қуғындағы оппозиция көсемі, экс-премьер. Жаз, 2008 ж.

Қазақстан оппозициясының эмиграциядағы жетекшісі Әкежан Қажыгелдиннің елдегі оппозициялық партиялар мен қозғалыстардың жетекшілеріне жақында жасаған екінші үндеуі де жаппай қолдау таба қоймады. Хатты жазушы да солай боларын білсе керек еді. Сонымен ол жолдау шындығында кімге арналды?

Бұл жолдау өзіне тікелей қатысты болса да билік, әдеттегідей, оны елемеуге тырысты. Қажыгелдиннің жолдауымен оппозиция толықтай бірлесіп кете қойған жоқ, сірә, іргелерін бөлек ұстауларына себептері көп болса керек.

Жолдаудағы алдыңғы орынға шығып тұрған ең басты мәселе – елдегі негізгі оппозициялық күштердің басын біріктіру қажеттілігі. Дәл осы ұранды іске аспайтындар қатарына жатқызған дұрыс болар.

«Біріксек, біз жеңеміз. Бөлінсек, жеңілеміз!» - деп қорытындылады демократиялық күштердің форумында сөйлеген сөзін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов.

Осы форум Әкежан Қажыгелдиннің жолдауына берілген бірден-бір оң жауап болды. Форумға қатысушылар оппозициялық партияларды біріктіруді әзірлеу жөніндегі ұйымдастыру комитетін құру туралы қаулы қабылдады. Ұйымдастыру комитетінің құрамына Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин, «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов, «Алға» (ДВК) партиясы үйлестіру комитетінің төрағасы Владимир Козлов және ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай кірді.

Ұйымдастыру комитеті екі айдың ішінде ұсыныстарын даярлап бітірулері керек. Басқа партиялар мен қозғалыстар, түрлі себептермен, бірігуді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады. Мінеки, Әкежан Қажыгелдиннің жолдауына байланысты қоғамда қабылданған шаралар осы ғана.

Енді қарапайым азаматтар Әкежан Қажыгелдиннің шақыруына қалай қарайтындығын байқау үшін мамырдың 1-ін күту ғана қалды.

Бұл шақыруда Әкежан Қажыгелдин кедейлікке қарсы, әділдік пен теңдік үшін азаматтық ынтымақтастықтың жалпыұлттық акциясын өткізуді ұсынады.

"Ешқандай ұран ұстап шығудың, болмаса қуыршақ өртеудің қажеті жоқ! Бар болғаны, түгелдей, бір мезгілде, жай ғана сыртқа шығып, бір-бірлеріңізбен сәлемдесіп, жерлестеріңізбен өмір жайында пікір бөлісіңіздер. Осылайша, Қазақстанның әрбір азаматы елде болып жатқан жағдайға өз көзқарасын білдіреді, халықтың игілігі үшін күресіп жүрген саясаткерлерге қолдау көрсетеді» деп атап көрсетілген онда.

Байқап отырсақ, біртіндеп көше соғысына ұласатын, жаппай қарсылық пен бейбіт акцияларға шақыратын партиялық ұрандар сияқты емес, таза гуманитарлық ұсыныс.

Қазақстанда жазалағысы келген адамдарды не болса сол үшін жауапқа тарту дәстүрі болса да, Әкежан Қажыгелдинді қолдарына түсірген күннің өзінде, дәл осы айтқандарын оған қарсы бәлендей айып етіп таға алмас.

Жолдаудың қалған сөздері аутордың бұрынғы қызметі – ел премьер-министріне толық сай келеді. Елдегі жағдайды, тіпті маман еместер де түсінетіндей қылып толықтай талдаған. Дағдарыстың ең әлсіз жерлері көрсетіліп, елді экономикалық және саяси құлдыраудан құтқарудың бағыттары белгіленген.

Оппозиционерлердің бірігуінің өмірлік маңыздылығы туралы сөзінде оппозицияның өз сөзін қайталап айтқан. Оппозиция оқта-текте, әсіресе тығырыққа тірелгенде, бұл тақырыпқа қайта-қайта оралып келе жатқандығына бірнеше жылдың жүзі болды.

Әкежан Қажыгелдиннің өзі оппозицияға мұндай ұрандармен талай рет үндеу тастаған-ды. Бұдан бес жыл бұрын, билік оппозициялық «Ақ жол» партиясына сайлауға қатысуға рұқсат берген кезде де солай болды.

Сол жолы да Әкежан Қажыгелдин басқа оппозиционерлерге «Ақ жолға» бірігіп, парламентте барынша көп орын алу үшін, сол бірлескен күйі сайлауға шығуды ұсынды.

Сонда да, осы жолы да оның үндеулеріндегі бұл айтылған ұсынысты ешкім алақайлап қарсы алған жоқ. Саясаткер ретінде де, экономист ретінде де Әкежан Қажыгелдиннің біліктілігімен ешкім таласа қоймас. Сондықтан, ол оппозициядағы әріптестерінің жауабы осындай боларын күткен жоқ деп айтуға келмейді. Оның үстіне, Қажыгелдин олардың барлығын жақсы біледі.

Әкежан Қажыгелдин не ұсынса, оның жолдауын осы тұрғыдан қарастырудың мәні бар. Пушкин айтқандай: «суретшіні өзі жасаған заңмен соттау керек».

Жолдау ауторы өзінің үндеуін тек оппозицияның саяси жетекшілеріне ғана арнаған жоқ. Оның үстіне, үндеудегі негізгі ой – саяси бірігу емес, азаматтық бірігу жөнінде айтылды. Жаңа бірлестікті Азаматтық Одақ деп атауды ұсынғаны бекер емес.

Сондықтан, Әкежан Қажыгелдин алданған үлескерлермен де, кәсіпкерлермен де, аймақтағылармен де, кәсіподақтармен де, тіпті әуелі, Нұрсұлтан Назарбаевты қоса алғанда – барлығымен диалогқа баруға әзір отыр.

Бүгінде елде Назарбаевсыз қандай да болмасын өзгеріс жасаудың мүмкін еместігін Әкежан Қажыгелдин жақсы түсініп отыр. Билік солай қалыптасқан, оның пирамидасы солай салынған.

Міне сондықтан да, Әкежан Қажыгелдин Нұрсұлтан Назарбаевқа үкіметтің сипатын өзгертуді ұсынып отыр. Оның мазмұнын өзгертуді. Экономиканы «компаниялардың егелері мен менеджерлері» басқаруы керек деп есептейді Қажыгелдин.

«Заңдарды қайта қарап, елдің игілігіне арналған жаңа заңдар қабылдау керек. Дәл сол қызметті лицензиялау туралы заң. Дәрі-дәрмек немесе қару жасау сияқты бизнестің аз ғана бөлігі реттеледі. Қалғанының барлығын шенеуніктердің рұқсатынсыз, еркін жасауға болады».

Мұндай күрделі шешімді, Қажыгелдин қолында шынайы билігі бар адамға ғана ұсынары анық. Егер Нұрсұлтан Назарбаев өзінің пәрменімен бұл мәселені шеше алмаса, онда Азаматтық Одақтың алдында шешетін мәселе жеткілікті.

Әкежан Қажыгелдин Қазақстанға қажетті тиімділік пен нәтижені саяси емес, азаматтық қозғалыстан күтіп отырған болуы мүмкін. Әсіресе, үндеу ауторының айтуынша, демократиялық еркіндікке қатысты алғанда.

«Қазақстан билігі жол беріп отырған, Конституция мен халықаралық нормалардың бұзылуына қатысты жедел және принципті түрде жауап беру қажеттілігін» Қажыгелдин негізгі басты міндеттердің бірі ретінде есептейді.

Одан ары Әкежан Қажыгелдин ерекше саяси акцияларсыз-ақ билікті тәртіпке шақырудың қарапайым ғана тәсілін ұсынады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі қарсаңында және 2010 жылғы осы құрметті мәртебе кезінде де бұл тәсіл елдің ресми билігіне үлкен қолайсыздық туғызуы мүмкін.

Әкежан Қажыгелдин мынадай ұсыныс жасайды: «демократтарды қудалау арқылы қолы мен арын былғаған нақты адамдарды анықтап, олар туралы Батыс елдерінің елшіліктерін, халықаралық ұйымдарды үнемі хабарландырып отыру керек. Олардың әрқайсысына: тергеушілерге, соттарға, шенеуніктерге, депутат-латифундистерге, кім заңды бұзады, арандатулар жасайды,біреулердің соңынан ит қосады – жан-жақты анықтама жасап, оны шет мемлекеттердің үкіметтеріне беру керек...»

Польшада, совет өкіметі дүрілдеп тұрған 1980 жылдардың басында, адамдардың аз ғана тобы, саясаткерлер емес, жай ғана адамдар «Солидарность» деген атпен таза азаматтық қозғалысты бастады.

Көп ұзамай оған азаматтардың түрлі категориялары – жұмысшылардан интеллектуалдарға дейін, шаруалардан қала тұрғындарына дейін топ-топ болып кіре бастады. Сөйтіп, бейсаяси бұл қозғалыс бүкіл Польша қоғамын азат етудің өзіндік мектебі болды.

(Журналист Александр Народецкий мақаласында өз пікірі мен көзқарасын ортаға салып отыр. Ол Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG