Accessibility links

Кәсіпкер Таһиржан Ахметов тағы бір саусақты жартылай кесті


Кәсіпкер Таһиржан Ахметов. Алматы, 16 шілде 2009 жыл.
Кәсіпкер Таһиржан Ахметов. Алматы, 16 шілде 2009 жыл.

Сот билігіне наразы алматылық кәсіпкер Таһиржан Ахметов шілденің 16-сы күні журналистер алдында тағы бір саусағын кеспек болды. Бірақ пышақтың жүзі тайып, Ахметовтың саусағы жараланып, сүйегі аман қалды. Кәсіпкер ойына алғанын бәрібір аяғына жеткізетінін айтып отыр.

Өз саусағын кесетіні туралы күні бұрын жариялап баспасөз өкілдерін шақырып қойған Таһиржан Ахметов белгіленген уақытта Алматыдағы Абай мен Алтынсарин атындағы көшелердің қиылысындағы үй маңында БАҚ өкілдерін көшеде қарсы алды.

– Мен кеше осында бір бөлмелі пәтерді бір күнге жалдаған едім. Алдын ала ақшасының жартысын беріп, үйдің иесімен келісіп қойғанмын. Алайда бүгін таңертең келсем, үйдің иесі өзіне әкімшілік пен прокуратурадан адамдар келіп, маған үйді бермеу туралы тапсырма бергендігін айтып төлеген ақшамды қайтарып берді. Енді мен сіздерді басқа мекен-жайға алып барамын, – деді Таһиржан Ахметов.

«Нұр Отан» партиясының Алматыдағы Әуезов аудандық бөлімшесінің өкілі Ерболат кәсіпкер Таһиржан Ахметовты райынан қайтара алмады. Алматы, 16 шілде 2009 жыл.
Таһрижанның өткізетін шарасына қатысуға келгендердің арасында БАҚ өкілдерінен гөрі мемлекеттік органдардың қызметкерлері көп болды. Олар осында келгендердің барлығы фото және бейнекамераға түсіріп, әр журналистің аты-жөнін тіркеумен болды.

Наразылық акциясына шақырылған журналистер Таһиржан Ахметовтың бастауымен екінші пәтерге барған соң кәсіпкер өзінің саусағын кеспекке дайындала бастады. Осы сәтте өзін «Нұр Отан» партиясының Алматыдағы Әуезов аудандық бөлімшесінің өкілі Ерболат деп таныстырған адам Ахметовты райынан қайтаруға әрекет жасады.

– Мүмкін алдымен асықпай сөйлесіп алған жөн болар...

– Мен сөйлесіп болғанмын, енді әрекет ету керек, – деп жауап берді Т.Ахметов.

– Мүмкін басқа да жолдары бар шығар...

– Иә бар, менің әлі де саусақтарым бар... – деп күлді Т.Ахметов.

Кәсіпкерді айтқанына көндірмек әрекетінен түк шықпаған соң «Нұр Отанның» өкіліне бір шетке шығып бақылап қарап тұрудан басқа лаж қалмады.

Саусағы жартылай кесілген Таһиржан Ахметовтың жаралы қолын дәрігер дәкемен таңып жатыр. Алматы, 16 шілде, 2009 жыл.
Бұдан кейін Тахиржан Ахметов өзімен ала келген тақтайдың үстіне сол жақ алақанын жазып төсеп, үстінен пышақты қойып темір балтамен күштеп ұрды. Бұның барлығын салқынқандылық кейіппен істеген кәсіпкердің қолы қалтыраған жоқ. Әйтсе де, пышақтың жүзі саусақты шорт кесе алмады.

Шақ етіп шыққан дыбыспен бірге алақанның астындағы тақтайша қаққа бөлініп, жартылай кесілген саусағынан қан сорғалаған кәсіпкер абыржыған кейіппен орнынан тұрды.

– Мен сіздерден кешірім өтінемін, техникалық себептермен бұл жолы ойлағаным толық іске аспай қалды. Дегенмен екі айдан соң мен бұл істі қайталап, ойға алғанымды аяғына дейін жеткіземін. Өйткені, мен өзімнің азаматтық құқығымның аяқасты асты болғанына наразымын, – деді Таһиржан Ахметов.

Кәсіпкердің жаралы қолын осында жеткен жедел жәрдем дәрігері дәкемен таңып, оны ауруханаға апармақ болғанымен, кәсіпкер емдеу мекемесіне барудан бас тартты.

Таһиржан Ахметов осыдан тура бір жыл бұрын – 2008 жылы шілде айының 16-сі күні өзінің бір шынашағын кесіп тастаған болатын. Кәсіпкер сот орындаушыларының бейәрекеттігінен осындай қадамға лажсыздан баруға мәжбүр екендігін айтады.

Ахметов үш жылдан бері бұрынғы бизнес әріптесі Нұрғайша Қарабасовамен соттасуда. Мейрамхана бизнесін бірге бастаған кезде Ахметов ортақ жоспарды іске асыру үшін өзінің пәтері мен шағын дүкенін сатқан. Бірлескен бизнес өркендей бастағанда Нұрғайша
Кәсіпкер Таһиржан Ахметов сот орындаушыларының бейәрекеттігіне наразылықты өз саусағын кесу арқылы білдіруге мәжбүр болғандығын айтады. Алматы, 16 шілде 2009 жыл.
Қарабасова пайданы Таһиржан Ахметовпен бөлісуден бас тартқан. Нәтижесінде кәсіпкер сотқа арызданып, процесті жеңіп шыққан.

Бірақ, Алматы сот әкімшісінің сот шешімін орындамай отырғанына үш жылдың жүзі болды. Оны орындату үшін жасаған әрекет-амалдарының барлығынан нәтиже болмаған соң Таһиржан Ахметов өз дене мүшесін мертіктіру арқылы наразылық танытуды жөн көрді.

Қазақстанда адам құқығын тапталып жатқанын айтып, ол былтыр кесілген саусағын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына да жолдамақ болды. Бірақ ЕҚЫҰ-ның Алматыдағы орталығы одан кесілген саусақты қабылдамай қойған-ды.

Ал биылғы ақпан айында Таһиржан Ахметов егер саусақтарын кесу шарасынан да еш нәтиже шықпай, сот шешімі орындалмаған күйі қалса, 2010 жылы өз-өзін өртеуге дайын екендігін ескерткен болатын.
XS
SM
MD
LG