Accessibility links

Құлыбаева ханымның сауда орталығын жалға алушылар кетейін десе, жіпсіз байланып отыр


"Ақсай-4" сауда орталығы, Алматы, 8 сәуір 2009 ж.

"Ақсай-4" сауда орталығы, Алматы, 8 сәуір 2009 ж.

Сәуірдің 8-і күні Алматы қаласындағы «Ақсай-4» сауда орталығының саудагерлері кәсіпорын әкімшілігі алдағы екі айдың жалға алу құнын төлеттіру үшін тауарларын иелеріне қайтарып бермей отыр деп, журналистерге шағымданды. Ал, сауда орталығының әкімшілігі даулы мәселе жалға алушымен жасалған келісімшартта нақты көрсетілген дегенді айтады.

Кәсіпкер Береке Өсербаеваның айтуынша, «Ақсай-4» сауда орталығының әкімшілігімен сауда алаңын жалға алу туралы келісімшартқа 2008 жылдың мамыр айында отырған. Биыл дағдарыстың салдарынан тауардың өтімділігі күрт төмендеп кеткендігіне байланысты ол шағын кәсібін жабу үшін мекеме әкімшілігіне келісімшартты бұзу туралы арызданады. Бірақ, мекеме әкімшілігі Өсербаеваға алдағы екі айдың жалдау ақысын төлегенде ғана келісімшарт тоқтатылатындығын ескерткен.

– Мен шағын ғана сауда нүктесі үшін ай сайын қып-қызыл ақша төлеп тұрмын. Қазір сауда тоқтап тұр. Ендеше, мен алдағы екі айдың жалға алу ақшасын қалай төлеймін? Содан бас тартқаным үшін әкімшілік менің тауарларым тұрған алаңды құлыптап тастады. Жалға алу ақысын төлемейінше заттарды қайтарып бермейміз дейді олар, - деді Береке Өсербаева.

Кәсіпкер Бақыт Өсербаева, "Ақсай-4" базары, Алматы, 8 сәуір 2009 ж.
«Ақсай» сауда орталығында есіктеріне құлып салынып, оның бетіне «әкімшіліктің рұқсатынсыз кіруге болмайды» деген қағаздар жапсырылған нүктелер көп екен. Бұлардың барлығы да алдағы екі айдың ақшасын төлемегені үшін жабылған нүктелер деп түсіндірді мекеме әкімшілігіне наразы саудагерлер.

Береке Өсербаеваның айтуынша, осындағы алаңдардың бірінде оның 50 мың долларға жуық тауары құлыптаулы тұр. Соны босатып алуға талпынған кәсіпкер Алматы қаласы Әуезов ауданының прокуратурасына, одан соң ауданаралық экономикалық сотқа арызданыпты:

– Алайда, сот менің арызымды қараусыз қалдырды. Қайда барсам да маған: «Сен кімге арызданып жүрсің, бұл Құлыбаева ханымның меншігі ғой» деп айтады. Өз басым олардың кім екендігінде шаруам жоқ. Біз орта топтың өкілдеріміз, олардан ештеме сұрап отырған жоқпыз. Бір ғана талабымыз бар – бізге жұмыс істеуге мүмкіндік берсін, бергісі келмесе келісімшарттың күшін жойып, сатушыларды босатсын. Ал, бұлар болса, келісімшартты доғармастан бұрын алдағы екі айдың жалға алу құнын төлеткісі келеді.

Сатушылардың қолдарындағы келісімшартта «Ақсай-4» сауда орталығының директоры Н.Б. Құлыбаева екендігі көрсетілген. Құлыбаева ханымның өзі сауда орталығында отырмайды екен. Орталықтағы жұмыстарды оның орынбасары Қайрат Тыныбеков қадағалайды.

«Ақсай-4» сауда орталығының директоры Н.Б. Құлыбаеваның атынан саудагерлерге табыс етілген ескерту хат.
– Біз бұл жерде барлығымыз келісімшарт негізінде жұмыс істейміз. Сонда көрсетілген келісімдерден басқа ешқайда ауытқымаймыз. Келісімшарт бар, соның талаптарымен келіскен жалға алушы оған қолын қояды, – деді сауда орталығы директорының орынбасары Қайрат Тыныбеков.

Сонымен қатар, сауда орталығының әкімшілігі сауда алаңын жалға алушы келесі тарапты келісімшартты бұзардан 60 күн бұрын ескертілгенін және сол мерзімнің жалға алу ақысын толық төлеуі керектігі келісімшартта көрсетілгендігін және оған сауда нүктелерін жалға алушылар қол қойғандығын алға тартып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG