Accessibility links

Жарнамаға сеніп қалған ақтаулық үлескерлер Роза Рымбаеваға өкпелі


Қазақ әншісі Роза Рымбаева.
Қазақ әншісі Роза Рымбаева.

Ақтаулық бір топ тұрғынның әнші Роза Рымбаеваға өкпесі қара қазандай. Олар тұрғын үй кешеніндегі әншінің жарнамасын көріп, өз қаржыларын құрылысқа салған. Арада 6 жыл өтсе де уәделі баспана жоқ. Ал әншінің өкілі болса Рымбаеваның өзі де алданып қалды дейді.


САҒЫМҒА АЙНАЛҒАН СЕНІМ

Алты жыл бұрын Маңғыстау облысындағы Ақтау қаласының тұрғыны Айсұлу Өтеулиева өз үйін сатып, бар қаржысын «Заветная мечта-1» атты тұрғын кешенінің құрылысына салған.

Құрылысты салушы «Инком Курылыс» компаниясы оларға пәтер кілтін 2006-2007 жылдары беруге уәде еткен. Құрылыс салушы жаңа үйде тұрғындар Роза Рысбаевамен көрші болады деп сендірген. Айсұлу Өтеулиева бұл сөзге Роза Рымбаеваның суреті бейнеленген жарнамадан кейін сеніп қалғандығын айтады.

– Роза Рымбаеваның қызылды-жасылды әдемі жарнамасы Ардагер дүкендерінде, газет-журналдарда болғандықтан біз оған сендік. Роза Рымбаевамен кім көрші болғысы келмейді? Танымал әншімен менің де көрші болғым келеді, – деді Айсұлұ Өтеулиева Азаттық радиосының тілшісіне.

Айсұлу Өтеулиева сияқты азаматтардың саны Ақтауда 300-ге жуық адам. Олардың кейбірі өмірден өтіп кеткен. Алайда Айсұлу Өтеулиева бастаған топтың әрекеті арқасында «Инком Кұрылыс» компаниясының үш жетекшелерінің бірі сотталып түрмеде жазасын өтеуде, екіншісі тергеу абақтысында қамауда отыр, үшіншісі қашып кеткен.

ПӘТЕР МЕН КОНЦЕРТ

Айсұлу Өтеулиеваның айтуынша, енді олардың үйінің құрылысымен үкімет шұғылдана бастаған. Оларға биылғы жылдың аяғына дейін үйлерін салып беруге уәде еткен. Бұл құрылыс аяқталғанда Айсұлу Өтеулиева әнші Роза Рымбаеваны Ақтауға қонаққа шақырғысы келіп отыр.

– Құдай қаласа, қолымызға кілтіміз тиетін күн болса, Роза Рымбаеваны осында шақырып, әнші біздің халықтың алдында тегін өлең айтып берсе деген тілегім бар ол кісіге, – дейді Айсұлу Өтеулиева.

Роза Рымбаеваны болашақта жоспарлап отырған жаңа үйдің кілтін тапсыру салтанатына шақырғанымен Айсұлу Өтеулиева әншіге деген ренішінің әлі тарқамағанын айтады. Өз айтуынша, ол соңғы 6 жылда екі баласымен небір тауқымет-сергелдең көріпті. Жарнамаға сеніп қалған ана екі баласын жұрт қатарлы өз баспанасында тұру мүмкіндігінен айырғандығына ұялатынын жеткізді.

– Менің ренішім тарқамайтын шығар. Біз алты жылдан бері баспанасыз қаңғып жүрдік, әлі қанша қаңғып жүретініміз беймәлім. Себебі, үкіметтің бұл мәселені қалай шешетіні де белгісіз. Әрине, Роза Рымбаеваға деген менің өкпем қалады, – дейді екі баланың Айсұлу Өтеулиева.

ӘНШІ ДЕ ЖАПА ШЕККЕН

Ал Роза Рымбаеваның директоры Жанна Сәбирова бұл жерде әншінің кінәсі жоқ дегенді айтады. Себебі, Розаның өзі де «Инком Кұрылыс» үлескерлері секілді алдауға түсіп қалды, дейді әншінің өкілі.

– Құрылыс компаниясының жетекшілері Роза Рымбаеваға олардың жарнамаларына түсуін өтінді. Соңынан бұл үйдің құрылысы аяқталғанда Роза Рымбаеваға бір пәтер беріледі деп уәде еткен болатын. Әрине, біз көп ойландық, себебі, Роза Қуанышқызы жарнамаларға түсе бермейді. Содан бері біраз уақыт өтті, біз Ақтауға гастрольмен жиі барамыз, әлгі үйдің әлі салынбағанын көреміз. Біз тіпті «Инком Курылыс» компаниясын іздеген де жоқпыз, өйткені, олардың басында қандай да бір проблема барын түсіндік, – дейді Роза Рымбаеваның директоры Жанна Сәбирова.

Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның атын кезінде президенттік «Отан» партиясы да өзінің саяси жарнамасына пайдаланған болатын. Қазір бұл «Нұр Отан» партиясы.

1990 жылдрдың соңында бұл партияның Алматыдағы билбордтарында қазақстандықтарды осы партия қатарына мүшелікке шақырған Роза Рымбаеваны көруге болатын. Қазір «Нұр Отан» елдегі ең үлкен партия, оның жетекшісі – ел пезиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі. Ал Қазақстан парламенті кілең осы партияның мүшелерінен құрылған.

– Ол саяси партияларға өте сақтықпен қарайды, алайда егер қатысса ол оған өзінің салиқалы шешімімен барды деген сөз. Ол шынымен, көп жылдан бері Нұр Отан партиясының мүшесі, – дейді Роза Рымбаеваның директоры Жанна Сәбирова.

Дегенмен кейде Роза Рымбаеваны оппозициялық партиялардың құрылтайынан да көруге болады. «Қазақстанның демократиялық таңдауы» оппозициялық партиясының бірінші құрылтайында Розаның ән салғанын оппозициялық саясаткерлер ұмытқан жоқ. Олар әншіні өз қатарларына қосылуға шақырған болатын, бірақ Роза олардың қатарына қосылмады.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖӘНЕ САЯСАТ

Есесіне ондай ұсынысты басқа әнші – Макпал Жүнісова қабылдады. Өз айтуынша, содан кейін оны қуғындау басталған: әншіге концерт қоюға мүмкіндік бермей, телеарналардан оны көрсетпей қойды.

– ДВК партиясының құрылтайына мені ән айтуға шақырды. Ән салуға барғанда сол жерде 500-600 адам мені керемет қабылдады, сол
Әнші Мақпал Жүнісова өзінің жары марқұм Заманбек Нұрқаділовтың мұражайында. Алматы, 2006 жыл.
кезде Асылбек Қожахметов айтты: халық әртісі неге халық партиясына мүше емес деп. Мен жарайды, көрейін, бағдарламаларын қандай дедім. Олар халықтың мұң-мұқтажын жоқтайтын партиямыз деді. Мен халықтың мұң-мұқтажын жоқтайтын партия болса, кірейін деп қатарына кірдім. Сол үшін талай таяқ жедім, барлық жерде маған сахнаны жауып, еш жерде ән айтқызбады. Одан кейін сол партияның өзін жауып тастады, сонымен бітті, – дейді Мақпал Жүнісова.

Мақпал Жүнісованың оппозициялық партияға келгенін қоштағандардың арасында «Қазақстанның демократиялық таңдауы» оппозициялық партиясы құрылтайшыларының бірі, бұрынғы сенатор Зауреш Батталова да болды. Оның пікірінше, әр адам өз мамандығымен шұғылдануы керек.

– Мен әркім өзінің кәсіби мамандығымен шұғылдануы керек деп есептеймін. Саясат – шын мәнінде саясаткерлердің ісі, қоғамдық мүддені қорғай алатын, қоғамдағы демократия мүддесін алдыға қоя алатын адамдардың жұмысы. Ал кейде біздің азаматтарымыз нақты саяси жұмыс жасамайды, тек саяси партиялардың бірінің бренді ретінде көрінеді, меніңше бұл қате. Мен ондайды қолдаймаймын, – дейді экс-сенатор Зауреш Батталова.
XS
SM
MD
LG