Accessibility links

Ақтөбеліктер 2-ші дүниежүзілік соғыстағы батыр жерлестері Әлияның басына барып қайтты

  • Баян СӘРСЕМБИНА

Ақтөбелік азаматтар батыр жерлестері Әлия Молдағұлованың зиратының басында. Монаково селосы, Псков облысы, Ресей. 30 қаңтар 2009 ж.

Ақтөбелік азаматтар батыр жерлестері Әлия Молдағұлованың зиратының басында. Монаково селосы, Псков облысы, Ресей. 30 қаңтар 2009 ж.

Жақында бір топ ақтөбеліктер Ресейдің Псков облысына барып, Совет Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың басына зиярат етіп қайтты. Биыл қаңтардың 14-інде қазақтың батыр қызының ерлікпен қаза тапқанына 65 жыл толған-ды.

Әлия 17 жасында Ленинград балалар үйінен майданға сұранып, 19 жасында басқыншылармен шайқаста шейіт болды.

Ақтөбеде «Қос шынар» қайырымдылық қорын құрып, Әлияның туған жері Қобда ауданының Бұлақ ауылы мен батырдың Ресейдегі жауынгерлік жолы арасында із салып жүрген Ғалымжан Байдербес ақсақал осы жолғы сапардан тағы деректер жинап келді.

- Біз әуелі Ақтөбеден Мәскеуге барып, осындағы Әлия атындағы №891 мектептің оқушыларымен кездестік. Мектепте Әлияның мұражайы жасақталған, Ленинград қоршауы күндеріне байланысты шараларға қатыстық. Бір күн аялдаған соң Мәскеуден Новосокольникиге баратын поезға міндік. Псков облысының Новосокольники қаласына поезбен 12 сағатта жеттік. Қаңтардың 29-30 күндері осы қаланың неміс фашистерінен азат етілуінің 65 жылдығы атап өтілді. Шағын қалашық жан-жақтан майдандастарды шақырыпты.

Бүгінде 11 мыңнан астам тұрғыны бар Новосокольники қаласы 1941 жылдың 24-ші шілдесінен 1944 жылдың 29-шы қаңтарына дейін фашистердің билігінде болды. Басқыншылар Балтық бойы мен Ленинградты Мәскеумен байланыстыратын темір жол желісін бақылауда ұстап, стратегиялық нүкте ретінде қолдан шығармауға тырысқан. Осы жерде 90 жол торабы түйіседі.

Қаланың ортасын Удрай өзені екіге қақ бөледі, сол өзеннің жарқабағында қолына винтовка ұстаған Әлияның биік қола мүсіні тұр. 1976 жылы тұрғызылған ескерткіштің авторы – Марат Әйнеков. Осы ескерткіштің астында немістердің сүйектері жатыр дейді жергілікті тұрғындар.

Новосокольники мен Казачиха деревнясының арасы 40 шақырым. «Қызыл ту» колхозының Казачиха деревнясы түбіндегі Монаково биіктігіндегі бауырластар моласында 1944 жылдың қаһарлы күндерінде қаза тапқан жауынгерлер жерленген. Арасында Әлия Молдағұлованың да сүйегі жатыр. 22-ші армияның 54-ші атқыштар бригадасының мергені болған Әлия 1944 жылдың 14-ші қаңтарында Казачиха деревнясы үшін болған қолма-қол ұрыста ауыр жараланып, қаза тапты.

Монаково биіктігі үшін шайқаста 1700 жауынгер құрбан болды, дейді жергілікті тұрғындар. Іздеу отрядының командирі Алексей Козаревтің хабарлауынша, әлі күнге дейін Новосокольники төңірегінен майдан даласында қаза болған жауынгерлердің сүйектері табылып жатыр екен. Соғыс кезінде көп жағдайда әскер жауды қуып кете берген де, денесі майдан даласында қалған боздақтарды деревня тұрғындары жерлеген екен.

«Соғыстың соңғы солдатын тапқанша, біздің жұмыс тоқтамайды», - дейді Алексей Козаревтың командасы. Осы жерде қаншама совет солдатының қаза болғаны жөнінде нақты мәліметті ешкім айта алмайды. Солдаттар осы жерде неге көп қырылды, танктер мен ауыр техникалар неге аз қатыстырылды? Әскери техника жүруге қолайсыз болғандықтан да, жаяу әскерге көп салмақ артылған. Совет өкіметі адам күшін аямағандықтан ғана жеңіске жетті дегенді осы жердегі соғыс іздеріне қарап білесің.

Псков облысының орталықтағы өмірінен бөлек, томаға-тұйық тіршілік кешіп жатқан Новосокольники төңірегі совет-герман соғысының оқ-дәрі иісінен тазара қойған жоқ. Көмусіз қалған жауынгерлер, фашистердің айуандығын көрген тірі куәгерлердің арада жүруі – өткенді ұмыттырмайды. Соғысты бастан кешірген жұрт кешірімшіл, қайырымды, тәубешіл келеді.

Әлия Молдағұлова есімін де ұмытпай, қадірлеп отырғандар – батыр қызбен бірге шайқасқан қаруластары. 54-ші бригаданың бұрынғы командирі Николай Матвеевич Уральский батыр қыздың есімін соғыстан кейін ұлықтауда көп еңбек сіңірген жан. Сол соғыста ерлік жасаған қаншама қазақтың есімдері ұмытылды? 2008 жылы Казачихадан 7 шақырым жерде жергілікті зерттеу тобы тағы да солдаттардың көмілген жерін тауып алғаны айтылады. Табылған 70-тей жауынгердің көбі қазақтарға келеді екен.

1944 жылдың қақаған қаңтарында Әлия қаза тапқанда, Казачиха деревнясының тұрғындары мерген қыздың денесін Григорий Бойков қарттың алма бағына әкеп, жер қойнына тапсырыпты. 1965 жылы Уральскийдің тікелей араласуымен қарттың шарбағынан батыр қыздың сүйегі қазып алынып, Монаководағы бауырластар зиратына қайта жерленді. Қарттың қызы Евдокия Усатова 1965 жылы Әлияның денесін қайта қазып алғанда, оның қара шашты, шағын денелі, гимнастерка киімімен жатқанын айтады.

Ресейге аттанар алдында сапарға шыққан топ Бұлақ ауылына барып, батырдың кіндік кескен жерінде ас берді.
XS
SM
MD
LG