Accessibility links

Танымал боксшы Андрей Еськин 8-ші қабаттан құлап мерт болды

  • Баян СӘРСЕМБИНА

Андрей Еськин осы үйдің 8-ші қабатында тұратын. Ақтөбе, 1 қыркүйек 2009 жыл.

Андрей Еськин осы үйдің 8-ші қабатында тұратын. Ақтөбе, 1 қыркүйек 2009 жыл.

Сенбі күні Ақтөбе кәсіпқой бокстан ТМД чемпионы және 2005 жылғы WBO ұйымының жеңімпазы атанған Андрей Еськинмен қоштасады. Полицияның хабарлауынша, ол өткен аптаның соңында Тургенев көшесіндегі үйдің 8-ші қабатындағы өз пәтерінің балконынан құлап қаза болған.


8-ШІ МЕН 7-ШІ ҚАБАТ АРАСЫНДАҒЫ АЖАЛ

Андрей Еськиннің кездейсоқ қазаға ұшырағаны жөніндегі суыт хабар қыркүйектің 1-і күні ғана ақпарат құралдарына мәлім болды. Ішкі істер мекемесі таратқан шағын ақпаратта 33 жастағы кәсіпқой боксшының тамыздың 29-ы күні жергілікті уақытпен түнгі сағат 11-де Ақтөбедегі өзі тұратын көпқабатты үйдің 8-ші қабатындағы пәтерінен құлап түсіп, мерт болғаны жөнінде айтылған.

Полицияның берген алдын ала деректері бойынша, Андрей Еськин өзінен төмен, 7-ші қабатта тұратын көршісінің балконына төсек жаймасын байлап түспекші болғанда, қолы тайып кетіп жерге құлаған. Оқиға орнына дәрігерлер келіп жеткенде боксшы жан тәсілім етіп үлгерген.
33 жасар боксшы Андрей Еськин балконнан құлағанда осы араға түскен. Ақтөбе, 1 қыркүйек,2009 жыл.


Ақтөбе қаласындағы Тургенев көшесіндегі коммуналдық үйдің 8-ші қабатындағы 3 бөлмелі пәтерді Андрей Еськин 2007 жылы облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қолынан алған еді. Бұл пәтерде ол әйелі және кәмелетке толмаған екі қызымен тұратын.

«БАЗУКА» БАҚТАЛАСЫН НОКАУТПЕН ЖЕҢЕТІН

1976 жылы сәуірдің 2-інде өмірге келген Андрей Еськин 12 жасынан бастап әуесқой бокспен шұғылданды. Әуесқойлар арасындағы жарыстарда 167 рет рингке шыққан Андрей соның 152-ін жеңіспен аяқтады. 97 жекпе-жекті нокаутпен ұтты.

1993-1994 жылдары Қазақстан жастар құрамасының, 1995-1999 жылдары ұлттық құраманың мүшесі болды.

Ал 1999 жылдан бастап кәсіпқой боксқа ауысқан Андрей Еськин рингте 21 кездесу өткізіп, оның 17-інде бақталасынан басым шықса, 11-де жекпе-жекте жеңіске нокаутпен жетті. Жұдырығының қуатты екендігін сан мәрте дәлелдеген боксшы «Базука» деген лақап атқа да ие болған-ды.

2005 жылы WBO ұйымының Азия-Тынық мұхит аймағы бойынша интерқұрылық чемпионы атағы үшін өткен жекпе-жекте танзаниялық боксшыны ұтып, жеңімпаз атанды. 2004 жылы кәсіпқой бокстан ТМД елдерінің чемпионы атағын иемденді.

Ақтөбеліктер Андрей Еськинді ақтық сапарға алдағы сенбі, қыркүйектің 5-і күні жергілікті уақытпен түскі сағат 12-де шығарып салады. Андрейдің өзімен бірге туған қарындасы да Ақтөбеде тұрады. Оны жерлеуге қазірде Германияда тұратын анасы мен ағасы да келмекші.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG