Accessibility links

Ақтөбелік адам құқығын қорғаушы, тәуелсіз журналист Андрей Климонов қайтыс болды


Андрей Климонов, тәуелсіз журналист әрі адам құқығын қорғаушы.

Андрей Климонов, тәуелсіз журналист әрі адам құқығын қорғаушы.

Қаңтардың 20-сы күні Ақтөбеде, 36 жасында, тәуелсіз журналист Андрей Климонов өмірден өтті. Қысқа ғұмырында қудалау, қорқытып-үркіту мен арандатуды талай рет басынан өткерген марқұмның жүрегі ауыр салмақты көтере алмады.


Дұшпандары кезінде Андрейді соққыға да жықты, бірақ ешкім оны өз пікірін айту бостандығынан айыра алмады. Андрей 2008 жылғы қыркүйек айынан бастап Азаттық радиосының жаңа веб-сайты - www.azattyq.org үшін орыс тілінде мақалалар жазып тұрды. Оған дейін көпшілік жұртқа Андрей адам құқығын қорғау саласындағы, демократиялық ұйымдардағы жұмысы арқылы танымал еді. Соңғы кезде ол жергілікті «Ақтөбе таймс» газетінде редактор болып еңбек етті. Тәуелсіз журналист әрі адам құқығын қорғаушы ретінде Андрей Климонов әлденеше рет қудалау, қорқытып-үркіту мен арандатуды басынан өткерді.
ШЫНДЫҚ ІЗДЕУДІҢ ШЫРҒАЛАҢ ЖОЛЫ
2004 жылдың қазан айында Андрей «Нағыз Ақ жол Ақтөбе» атты оппозициялық газетті шығарғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Ақтөбе қаласының прокуроры тіркеуде жоқ бұл газеттің шығу мерзімі мен басылған баспахананың, сондай-ақ газеттің меншік иесінің кім екені көрсетілмегенін заң бұзу деп бағалады. Қазақстандық сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қоғамдық қоры «99 дана болып басылған газетті қолданыстағы заңға сәйкес тіркеусіз де шығара беруге болатынын» алға тартып, Андрейге ара түскен еді. Сол жолы Андрейге айыппұл салынды.
2004 жылдың желтоқсан айында бірнеше рет телефон арқылы Андрейге айтылған қоқан-лоқылардан соң, оны өз үйінің ауласында бес жас жігіт ұрып-соғып кетті. Ол кезде Андрей оппозициялық «Республика» газетінің тілшісі болатын. Андрейдің өз айтуынша, желтоқсанның 30-ы күні үйдің ауласында оған шымыр денелі белгісіз бес адам жабылып аяусыз соққыға жыққан. Миы шайқалып, денесіндегі көптеген жарақаттармен Андрей Климонов ауруханаға түскен болатын.
«Осының алдында, Андрей Климоновтың үйіне бірнеше рет «белгісіз бұзақылар» телефон шалып, «лас мақалалар» жазуды доғаруды талап еткен. Айтқанға көнбеген жағдайда журналистің басына үйдей бәле болатынын ескерткен. Айта кету керек, оған дейін Қазақстандық адам құқығын қорғау жөніндегі бюроның Ақтөбедегі филиалын басқарған Андрей Климонов өз мақалаларында заң орындарының қызметі, полицейлердің қателіктері мен тергеу абақтысында қамауда отырғандарды қылмыс жасадым деп мойындату үшін қинап-азаптау оқиғалары туралы жазып жүрген», - деп жазды әлгі оқиғадан кейін «Республика» газеті.
Андрейге шабуыл жасағандардың іс-әрекеті тонаушылардың қимылына ұқсамады. Журналисті ұрып-соққаннан соң «бұзақылар» оның ақшасы мен бағалы заттарына тиіспеген. «Неміс толқыны» радиосына берген сұхбатында «Қауіп-қатер астындағы журналистер» қоғамдық қорының президенті Розлана Таукина Андрейге жасалған қастандықты оппозициялық партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы биліктің қысымымен байланыстырды.
Алайда, Қазақстан билігі бұндай бағамен келіскен жоқ. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің кадрлар басқармасы бастығының орынбасары Әскер Өтениязов журналист тұратын үйдің ауласында ешқандай төбелес болмағанын мәлімдеді.
Ал соққыдан көзінің асты көгеріп қалған Андрей Климоновтың бетіндегі жарақат іздерін полиция өкілі Әскер Өтениязов: «арақ ішкеннен пайда болған ісік» деп айтқанын жазды «Республика» газеті. Онда журналистің қолын етіне дейін тілініп, тұла бойы жарақаттанғаны неліктен деген сауалға полиция өкілі: «Ол мас болып құлап жатқанда егеуқұйрықтар оны тістелеген болуы керек» деп жауап берді. Климоновтың берген арызын полиция «ол өз атын шығарғысы келеді» және «жұмыста жоқ болғаны үшін шығарып жібермес үшін ойлап тапқан сылтауы» деп сипаттады.
2007 жылғы ақпан айында «Зазеркалье» тәуелсіз газетінің бас редакторы болып жұмыс істеп жүрген Андрей Климонов Ақтөбе облыстық ішкі саясат департаментінің талап-арызы негізінде әкімшілік жауапқа тартылды. «2006 жылдың сәуір айынан бастап шығатын газеттің дерегінде аптасына бес рет басылатыны жазылса да, осы кезге дейін бар болғаны 11 саны ғана жарық көрген. Екіншіден, газеттің даналары заң бойынша жолдануға міндетті орындарға жіберілмеген», - деп жазылған талап-арызда.
Үнемі қиын-қыстау жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр болғандықтан отандық бюрократияның тар шеңбердегі талабына ылғи сәйкес келе бермейтін елдегі ондаған тәуелсіз және оппозициялық басылымдарды Қазақстан билігі осылайша жауып тастаған еді.
СОҢҒЫ СОҚҚЫ
Өзінің қысқа, бірақ жарқын ғұмырының соңғы кезеңінде Андрей «Ақтөбе таймс» тәуелсіз газетін басқарды. Өткен жылы ғана редакторлық қызметке кіріскен Андрей мен оның газетіне қарсы айналдырған жарты жылдың ішінде - Қазақстанда журналистерге қарсы кеңінен қолданылатын - моральдық зиян келтіргені туралы бап бойынша екі рет сот ісі қаралды.
Бұл кезеңде Андрей, телефон арқылы айтылған арандату салдарынан, өз денсаулығын айықпас дертке шалдықтырып алды. Бұл жайында Voice of Freedom («Азаттық дауысы») интернет-сайтында адам құқығын қорғаушы Андрей Гришин былай деп жазады:
«Шілденің 3-і күні «Ақтөбе таймс» тәуелсіз газетінің редакторы Андрей Климоновтың мобильді телефонына белгісіз біреу қоңырау шалады. Әлгі адам Андрейге: «әйелің және балаңмен қол бұлғап қоштасуға балконға шық, біз қазір оларды алып кетеміз» деп хабарлаған.
Соның алдында ғана Андрейдің зайыбы кішкене ұлын алып көпқабатты үйдің ауласына серуендеуге шығып кеткен болатын. Балконға шыққан Андрейге аулада тұрған қара түсті автокөлік күдікті болып көрінеді. Көліктің жанындағы бір ер адам балконда тұрған Андрейге қол бұлғайды да, автомобильге отырып, орнынан қозғала бастайды. Енді санаулы ғана минуттардан соң әйел-баладан көз жазып қаламын деп ойы аласұрған Андрей үйдің екінші қабатындағы балконнан жерге секіреді. Бірақ жерге құлап, омыртқасын қатты зақымдаған Андрей ауруханаға жеткізіледі. Ал бұл уақыта оның әйелі мен баласы екінші үйдің ауласында алаңсыз серуендеп жүргені кейін мәлім болды».
Андрейдің зайыбы Ольга Петрова да жары секілді тәуелсіз журналист әрі адам құқығын қорғаушы. Ольганың айтуынша, осы оқиғадан кейін Андрей жатқан палатаға полиция келген. Бірақ тергеу ісі ешқандай нәтижесіз аяқталды.
Дәрігерлер Андрейдің омыртқасы сынып, жұлынына қатты зақым келгенін анықтаған. Андрейге көршілес Ресей елінде операция жасалды.
«ҚОШ БОЛ, АНДРЕЙ!»
Андрейді ұзақ жылдардан бері білетін оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның бас хатшысы Әміржан Қосанов Азаттық радиосына берген сұхбатында марқұм әріптесін былай деп еске алды:
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия үшін ауыр кезеңде Андрей өзі бастама білдіріп, партияның ең алғашқы күнінен біздің ұйымның Ақтөбедегі филиалын басқарды. Былтырғы жылдың соңында ол денсаулығына байланысты өзін міндетінен босатып, орнына басқа адамды сайлау туралы өтініш берді. Әйткенмен біз онымен байланысымызды үзген жоқпыз. Ол өте тамаша жолдас, мықты ұйымдастырушы және өткір тақырыптарды тайсалмай қозғайтын талантты журналист еді. Марқұмның қазасына қатты қайғырып, жақын-туыстарына көңіл айтамын.
«Қазақстанның социалистік қарсылығы» жастар қозғалысының лидері Айнұр Құрманов та Андрей Климоновтың байырғы жолдастарының бірі әрі замандасы.
- Андрей Климонов әрқашан әлсіздер мен жапа шеккендерге болысып жүретін. Сондықтан талантты журналист мақалаларында биліктегілер мен олигархтарды сынмен түйреп, әшкерелейтін. Соңғы кезде ол қазақстандық жұмысшыларды еңбек жағдайында кемсітіп отырған қытайлық компаниялар жайында зерттеумен айналысты. Біз, Қазақстанның социалистік қарсылығының мүшелері, Андрей Климоновтың туыс-туғындарымен бірге қайғырамыз, - деді Айнұр Құрманов.
XS
SM
MD
LG