Accessibility links

Бағаны күшпен тежегеннен басқа амал таппаған биліктің ісі ақтөбелік кәсіпкерлердің тынысын тарылтып барады

  • Баян СӘРСЕМБИНА

Ақтөбелік кәсіпкерлер «Нұр Отан» партиясының Астанадағы бас кеңсесінен келген хатшы Сергей Громовқа шағымданып, егер үкімет банктердің теңгенің құнсыздануынан проценттік ставканы көтерген басқыншылық саясатына тоқтам салмаса, бизнестерінің құрып кетудің алдында тұрғанын ашына жеткізді.

Ақтөбедегі 20-дан астам кәсіпорынның қожайыны Виктор Лапшин бұрынғымен салыстырғанда табыстың 40 %-ын жоғалтқанын айтады.

«Қазір пайда көрмейміз, тек жұмысшылардың жалақысы мен банктердің берген несиесін жабуға ғана мәжбүрміз. 4-ші ақпаннан бастап, теңгенің құнсыздануынан соң, банк бөлімшелерінде несиелерге үстеме қосыла бастады. Сөйтіп, банктер ойларына келгенін жасауда».

Жергілікті билік кәсіпорын жұмысшылары қысқартылмасын деп, оларды меморандуммен байлап қойды. Екінші жағынан, несиелерді доллар бағамы бойынша қайта есептеп банктер басқаша саясатқа көше бастады. Сөйтіп, екі оттың ортасында қалған кәсіпкерлер қайда бұрыларын білмей тұрғанын айтады.

Ақтөбеде жанар-жағармай бизнесімен айналысатын Владимир Гринберг бұрын осы бизнестен айына 5 миллион теңге таза табыс түсіріп отырса, қазір айлық кіріс 1,5 миллион теңгеге төмендепті. Ол жанармайды Ресейден тасуға мәжбүр. Ал, қазақстандық шикі мұнай түгелдей сыртқа кетіп жатыр.

Гринберг Қазақстанда мұнай қоры сақталмаған, тіпті дизель отыны елде атымен жоқ дейді. Бірер айдан соң басталатын егіс науқаны кезінде диқандарға қиын болатындығын жеткізді. Көктемде жанармайдың қандай бағамен сатылатыны да белгісіз.

«Өз мұнайымызға қожалық ете алмағандықтан да, оның бағасына да билік ете алмай отырмыз», - дейді ол.

Биліктің «Нұр Отан» партиясы арқылы ақтөбелік кәсіпкерлер Ұлттық қордан бөлінген 10 миллиард теңгенің қайда жұмсалып жатқандығын білгісі келеді: Банктерге қаражат бөлінген болса, кәсіпкерлер неге сезінбей отыр? Мемлекеттің ақшасы қайда кетіп жатыр? Мемлекет қарамағына өтіп алған қаржы институттары неге бақылаусыз кетті?

«Атамекен» кәсіпкерлер одағы бөлімшесінің басшысы, ұзақ жылдардан бері құрылыс бизнесімен айналысқан кәсіпкер Асхат Айтжанов қазіргі басты қиыншылық – несие ресурстарының тоқтап жатқандығы дейді. Расында, банктер несиелендіруді тоқтатты. Қол жете қалғандарға доллардың бағамымен ғана беріледі. Бұл – өте тиімсіз. Орта кәсіпкерлікті тексеруге мораторий аяқтала салған күні-ақ, тексерушілер онсыз да жүйкелері тозып жүрген кәсіпкерлерді жағалайды.

Соңғы уақытта «Нұр Отан» партиясының жергілікті бөлімшесінің кеңсесі экономикалық дағдарыстан жапа шеккендердің өз талаптарын қоятын орталығына айналып барады. Үлескерлер де осы жерде бас қосып, мемлекеттен өз мәселелерін шешуді талап етуде. Ақтөбеліктерге 4-ші ақпандағы теңге девальвациясы, мұнымен қабаттаса БТА банкі төңірегінде қалыптасқан ахуал да әсер етіп отыр.

«Нұр Отан» ғимаратына жиналған жұрт алаңдаушылықтарын жасырмайды. Теңге құлдырап, доллардың күрт көтерілуі жеке меншік секторға күтпеген жерден соққы болып тиді. Доллармен бірге ресей рублі де жоғарылады. Ақтөбе рыногына сырттан тасылатын өнімдер не ресей рублімен, не доллармен сатып әкелінеді.

Ал билік болса кәсіпкерлердің өз өнімдеріне баға көтеруіне қатаң тыйым салып, бағаның өсуін күшпен тежеп отыр. Олай болса, Ұлттық қордан берілген несиеге қол жеткізетіндей мүмкіншілік туғызыңдар дейді амалдары құрыған кәсіпкерлер. Бағаны күшпен тежеп ұстаудың қашанға дейін созылатыны беймәлім. Онсыз да Ақтөбеде электроника бұйымдары мен дәрі-дәрмектердің бағасы көтеріліп кетті. Жалпы, импорттық тауарлардың барлығы өсіп жатыр.

Кәсіпкерлердің басқосуынан бірер сағат бұрын облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың есеп беру кезінде Мәжіліс депутаты Серікжан Мұқашевтың «дағдарыстың түбіне әлі жеткен жоқпыз. Біздің алдымызда талай қиындықтар күтіп тұр» деп айтқан сөзі отқа май құйғандай әсер етті. Депутаттың сөзінен жергілікті билік ыршып түсті.

Астанадан келген хатшы Громов ақтөбеліктердің сөзін жерге тастамай, жоғарғы жаққа жеткізуге уәде берді.
XS
SM
MD
LG