Accessibility links

Ақтөбедегі қытай компаниясының жұмысшылары талаптары орындалмаса ереуілге шықпақшы

  • Баян СӘРСЕМБИНА

«Ақтөбемұнайгаз – СНПС» компаниясына қарасты мамандандырылған көлік басқармасының жүргізушілері. Жаңажол, Ақтөбе облысы, 22 наурыз 2010 жыл.

«Ақтөбемұнайгаз – СНПС» компаниясына қарасты мамандандырылған көлік басқармасының жүргізушілері. Жаңажол, Ақтөбе облысы, 22 наурыз 2010 жыл.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік компаниясына қарасты мамандандырылған көлік басқармасының жүздеген көлік жүргізушілері, егер өздерінің талаптарын компания басшылығы орындамайтын болса 11-сәуірде жұмысты тоқтатып, наразылық шарасын бастайтынын мәлімдеді.


ЖҰМЫСКЕРЛЕР НАРАЗЫЛЫҒЫ

Жүргізушілер еңбекақы мөлшерін 200 мың теңгеге дейін өсіруді, өздері жұмыс істейтін мамандандырылған көлік басқармасын таратпауды талап етіп отыр. Мұнай кеніштеріне жұмысшылар тасып, техникалық жабдықтар жеткізумен айналысатын басқарма таратылып, орнына біріккен кәсіпорын құрылатыны жөнінде биылғы жылдың ақпанында хабарланған болатын.

Жұмысшылардың айтуынша, компанияның кәсіподақ комитеті жүргізушілерден өз еріктерімен жұмыстан босау жөнінде арыз жазуды
«Ақтөбемұнайгаз – СНПС» компаниясының басшылығы көлік басқармасының техникалары ескірген дейді. Жаңажол, Ақтөбе облысы, 22 наурыз 2010 жыл.
талап еткен.

Жаңадан құрылатын құрылым Бейжіңдегі ұлттық көлік компаниясының еншілес кәсіпорны түрінде жұмыс істеп, акциясының 60 пайызы - «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясына, 40 % қытай ұлттық көлік компаниясының үлесінде болмақшы.

Қытай компаниясының басшылығы кен орындарына пайдаланылып келген көліктер ескіргендіктен шығын ұлғайып кеткендігін алға тартып, көлік паркін жаңалау қажет дейді. Олардың орнына Ақтөбеге бірыңғай қытай техникасы келмекші. Компания басшылығы өкілінің айтуынша, Қытай ұлттық көлік корпорациясы осы мақсатқа бірнеше миллион доллар қаржы бөліпті.

«Қытай ұлттық көлік компаниясы Азиядағы ең қуатты компания. Қытайдың 32 провинциясында бөлімшесі бар, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанда да бөлімшелері жұмыс істеп жатыр. Осы жаққа бөлінген 20 миллион доллар ескірген техниканы жаңалауға жұмсалады. Кеніштегі әрбір көліктің қозғалысын бақылап отыратын жүйе де енгізіледі. Қазіргі қолданыстағы 1000 көліктің 400-і жарамсыз болғандықтан, жұмыс өнімділігіне кесірін тигізіп келеді. Мұнай кеніштеріне ыңғайлы қазіргі заманғы көліктерді басқаруға оқыту үшін 400 қызметкерді Шыңжаңға жіберіп алмақшымыз», - дейді Қытай капиталымен жаңадан құрылатын біріккен кәсіпорынның басшысы Лю Джи.

Алайда жүргізушілер көлік басқармасын құрылымдық өзгерту жүргізуді сылтауратып, қытайлық басшылық мекемені жойып, адамдарды қысқартып жібереді деп қауіптенеді.

ӘКІМНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ӨТКЕН КЕЛІССӨЗ

Сәуірдің 5-күні жүргізушілердің өкілдері – 60 адам өз талаптарын айтып, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Сюй Кицян мен жаңадан құрылмақ көлік компаниясы директоры Лю Джимен Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықовтың алдында кездесті. Алайда тараптар бұл кездесуде ортақ тіл табыса алмады.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының бас директоры Сюй Кицян еңбекақыны 20 пайызға өсіргенін, жұмыс көлемі көбейіп,
«Ақтөбемұнайгаз – СНПС» компаниясының Жаңажол кенішіндегі мұнай ұңғымасы. 22 наурыз 2010 жыл.
компания пайдаға шықса, еңбекақы да жоғарылай беретінін айтты.

«Дағдарыс әсерінен 2009 жылдың қаңтары мен қыркүйегі арасында мұнай өндіру көлемін көбейте алмадық. Бірде жұмысшылардың еңбекақысын беруге қаржы таппағандықтан, банктен несие алуға да мәжбүр болдық», - деді Сюй Кицян.

Алайда мұндай жауапқа жұмысшылар қанағаттанбады.

«Басшылық көлік басқармасы шығынмен жұмыс істейді дегенді алға шығарады. Ол қайдан алған есеп? Мен күніне 10 сағат жұмыс істеп, әр айда 6 миллион 600 мың теңге пайда әкелемін. Сол еңбегімнің 1 пайызы да еңбекақыма қосылмайды. Ең жоғары еңбекақы 50 мың теңгеден аспайды, орташа жалақы 30 мың теңге. Зияндылық үшін өтемақы төленбейді, сапалы жұмыс киімі берілген емес», - дейді көлік басқармасы №2 паркінің жүргізушісі Аманғали Наурызғалиев.

Сондай-ақ жұмысшылар кәсіпорында еңбек заңдылығы сақталмайтындығын айтады.

«Еңбек өнімділігі төмен, пайда түспей жатыр дейді. Олай болса, Қытайдан әкелінген жұмысшыларын қысқартсын. Расында, кеніштерде қанша қытай азаматының заңсыз жұмыс істеп жатқанын ешкім білмейді. Бізде дәнекерлеушіні, тіпті аспазды да Қытайдан шақырады», - деді көлік жүргізушісі Сәрсенбай Наубатов.

«Ақтөбемұнайгаз» компаниясының бақылаушы пакет акциясы 1996 жылы қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясына берілді. Қазір «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» жылына 6 миллион тоннадан астам мұнай өндіреді, компанияда 8 мың адам жұмыс істейді.

Ал компанияға қарасты мамандандырылған көлік басқармасында 2000 адам еңбек етеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG