Accessibility links

Ақтөбеде президент Назарбаев өз атын бергісі келмеген саябақ ашылды


Жаңа саябаққа кіреберістегі маңдайшадағы жазу. Ақтөбе, 13 қыркүйек 2010 жыл.
Жаңа саябаққа кіреберістегі маңдайшадағы жазу. Ақтөбе, 13 қыркүйек 2010 жыл.

Ақтөбеде тұңғыш президент атындағы саябақ ашылды. Бұл идея осыдан бір жыл бұрын жергілікті профессор Закратдин Байдосов Нұрсұлтан Назарбаевқа өмір бойғы президент атағын беру туралы ұсыныс жасаған кезде пайда болған еді.


ЖАҢА САЯБАҚ

Ресми деректер бойынша, саябақты қайта жөндеу жұмыстарына бір миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған екен. Саябаққа жас ағаштар егіліп, гүлзарлар орнатылды, жаяу жүргіншілерге арнап жаңадан жолдар төселді. Саябақтың ортасында Қазақстандағы ең биік ту тігетін тұғыр – флагшток бой көтерді. Оның биіктігі 91 метр.

Мен тұңғыш президенттің атын саябаққа беруге болады дегенмін. Мен бүкіл Қазақстанда өз атымды қандай да бір нәрсеге беруге қарсымын.
Жаңадан ашылған саябаққа алғаш келген құрметті қонақтардың бірі – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев болды. Саябақ президент Ақтөбеге келген қыркүйектің 13-і күні ашылды. Осы жерде журналистер президент Назарбаевтан оның құрметіне аталған саябақ туралы пікірін сұраған еді.

«Менің есімімді қандай да бір нәрсеге байланыстыруға әрқашан тыйым салып келдім. Егер бұл қалып алып кетсе – ол дұрыс болмас еді. Мен тұңғыш президенттің атын саябаққа беруге болады дегенмін. Мен бүкіл Қазақстанда өз атымды қандай да бір нәрсеге беруге қарсымын. Маған оның қажеті жоқ», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


САРЫЛА КҮТУ

Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алуға облыс әкімшілігінің алдындағы алаңға облыстың барлық аудандарынан он мыңнан астам студенттер мен жоғары сынып оқушылары жиналды. «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» атты эстафеталық марафоннан соң «Нұр Отан» партиясы жастар қанатының мүшелеріне президент Назарбаев алпыс автокөлік кілтін, мың ноутбук және Астана қаласына екі мың жолдама табыс етуі тиіс болатын.

Президент Ақтөбеде жастарға су жаңа ВАЗ-2107 автокөлігінің кілтін тапсырады дегенді естіген Қандыағаш қаласының әкімшілігі содан бір
Пауэрлифтингтен Азия чемпионы Жарқын Абдуллинаның ата-анасы. Ақтөбе, 13 қыркүйек 2010 жыл.
күн бұрын вахтер Уәлихан Абдуллинді шақыртыпты. Автокөлік алуға үміткерлер тізімінде Уәлиханның 16 жастағы қызы, пауэрлифтингтен Азия чемпионы Жарқын да бар екен.

«Қандыағаштан таңертең ертемен шықтық. Спорттағы жетістігі үшін қызымызға жаңа автокөліктің кілтін тапсырады екен дегенді естіп қуанышымызда шек жоқ. Бізді, ата-аналарды, алаңға жібермеді. Барлық жерде қаптаған полиция, ешкім ешнәрсе түсіндірмейді. Міне, күтіп отырғанымызға төрт сағат болды. Таң атқалы нәр татқан жоқпыз, сілеміз қатты. Аялдама орындығына тізе бүгіп, қызымызды күтіп отырмыз», – деді Уәлихан Абдуллин.

Оның әйелі Жанар Абдуллина қыздарына спорттағы жеңісі үшін былтыр Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының әкімі Серік Шаңғұтов үш бөлмелі пәтер бөлуге уәде бергенін айтты.

Жақын маңдағы ғимараттардың шатырына мергендер жайғасыпты. Алаңның айналасын қоршап, әр екі метр сайын бір-бір полиция қызметкері тұр. Алаңға кіреберіс жіті бақылауға алынған.

Алаңға жиналғандар президентті қарсы алуға төрт сағат бойы дайындалды. Арасында болатын үзіліс кезінде жастар зерікпес үшін дыбыс күшейткіштен қазақ әндері берілді. Полицейлер студенттерді дәретханаға да жібермей алаңда ұстады.

Кешкі сағат жетінің кезінде мемлекет басшысының кортежі де келіп жетті. Нұрсұлтан Назарбаев сөйлеп тұрған кезде дыбыс күшейткіштен оның дауысы шықпай қалған соң, жиналғандар арасында «микрофон істемей қалыпты» деген қауесет тарады. Сарыла күткен қонақты не көре алмай, не оның дауысын ести алмаған соң сахнадан алыста тұрған жұрт тарқай бастады. Алаңда шашылып үндеу жазылған парақашалар ғана қалды.
XS
SM
MD
LG