Accessibility links

Аштық жариялағандар Өзбекстанда қалған автокөліктерінің қайтарылуын талап етуде

  • Баян СӘРСЕМБИНА

Ақтөбедегі осы үйде жүргізушілер аштық акциясын жалғастырды. Ақтөбе, 19 қазан, 2009 жыл.

Ақтөбедегі осы үйде жүргізушілер аштық акциясын жалғастырды. Ақтөбе, 19 қазан, 2009 жыл.

Дүйсенбі күні Ақтөбе қаласында аштық акциясын жалғастырған жүргізушілердің саны екеуге түсті. 13 қазанда Әйтеке би көшесінен жалға алған бір пәтерде бесеу болып аштықты бастаған олар Өзбекстанда қалған КАМАЗ-дарын немесе өтемін қайтаруға биліктің ықпал етуін талап етіп отыр.

Ақтөбелік жүргізушілер 13 қазаннан бастап қаладағы Әйтеке би көшесіндегі жалға алған бір пәтерде аштық жариялауды бастаған еді. Олар тамақтан бас тартып, тек қана сумен қоректеніп отыр.

ТҰТҚЫНДАҒЫ КӨЛІКТЕР ЖӘНЕ ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕРДЕГІ АШТЫҚ АКЦИЯСЫ


26 ақпанда 27 ақтөбелік Шалқар ауданы Бозой елдімекені маңынан адасып кетіп Қарақалпақ республикасының Қоңырат ауданындағы елсізде қолға түскен еді. Өзбек құқық қорғау органдары оларға ұрлық жасау, шекараны заңсыз кесіп өту мен кеден заңдарын бұзды деген айыптар тақты. 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айыру қаупі төнді. Кейіннен мәлім болғандай, айыптаушы тараптың сот шешімінде «диаметрі 1020 мм, ұзындығы 11-12 метр трубаларды кесіп алып жүк машиналарына тиеп жатқан кезде, оларды 22-релейлі станса маңынан ұстап алды» деп көрсетілді.

Ұзақ келсіссөздер нәтижесінде 27 азамат сот залында босатылды. Қарақалпақ Жоғарғы Соты әр ақтөбелікке 10 мың АҚШ доллар мөлшерінде айыппұл төлеуді міндеттегенімен, іле-шала бұл шешімнен тез қайтты. Бірақ тұтқындалған 30 автөкөлік қылмыс қаруы ретінде тәркіленген. Өзбекстанда қалған 30 КамАЗ авткөлігі елге оралғандардың бас ауруына айналды. Себебі, көліктерді пәтерлерін банктерге кепілдікке қою арқылы жалға алған. Аштық жариялаған Мұхтар Сапаров қолында жоқ көлігі үшін айына 115 мың теңге несие төлеуге мәжбүр екендігін, бірнеше ай бойы төлей алмағандықтан таяу күндері баспанасынан да айрылуы мүмкін екендігін айтады. Бес азамат аштықты тоқтаусыз түрде жариялай беретіндерін, алдағы күндері өз қатарларына тағы да бірнеше адамның қосылатындығын мәлімдеді.

ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК ШАРАСЫЗ

Жергілікті билік тәркіленген 30 көлікті қайтарып алудың мүмкін еместігін хабарлайды. Ақтөбе облыстық ішкі саясат департаментінің бастығы Ахат Мырзалин жергілікті журналистердің алдында «Аштық жариялаған бұл топ билік органдарына қысым жасау жолымен тәркіленген техниканы қайтару мәселесін көтеріп, қылмысты ұйымдастырушылар мен оларға қатысушыларды қылмыстық жауапкершіліктен құтқаруды көздеп отыр. Бұл тұйыққа тірелу деген сөз» деп мәлімдеді.

7 жүргізуші өз көліктерін қайтарып беруді өзбек тарапынан талап ету жөнінде Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментіне шағымданғанда, полицейлер арызды қабылдаудан бас тартқан. Олар «қолдан келгеннің бәрін жасадық, елге аман оралғандарыңа рақмет айтыңдар» дегенді естіді.

...қолдан келгеннің бәрін жасадық, елге аман оралғандарыңа рақмет айтыңдар...


Мұнымен бір кезде, 26 ақпандағы сәтсіз оқиғаны ұйымдастырды деген күдікпен тергеуде жатқан Жәнібек Байтанаев пен оның қасындағы серігіне қатысты тергеу ісі аяқталғанымен, іс сотта әлі қаралмай жатыр.

Аштық жариялаушылар жатқан пәтерге Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова келіп жағдайды ушықтырмауды сұрады. Бесеуінің атынан сөйлеген Мұхтар Сапаров «Банктер қолымызда жоқ техникалар үшін несие талап етпесін. Олай болмаған жағдайда ай сайын 100 мыңнан кем емес табысы бар жұмыс тауып беріңіздер»,- деген талап қойды.

Оған Сәния Қалдығұлова: «Жергілікті билік банктерге мұндай әмір бере алмайды. Екіншіден, жүргізуші үшін 100 мың жалақы алатын жұмысты Ақтөбеде қайдан табамыз? Екі маусым үздіксіз жұмыс істейтін құрылым болмаса?» деп шығып кетті.

НАРАЗЫЛЫҚ АКЦИЯСЫНДАҒЫЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ

Жұма күні кешкілік аштық жариялағандардың біреуі денсаулығы тым нашарлап кеткендіктен наразылық шарасын тоқтатты. Олар қалалық ішкі істер бөлімі мен Ұлттық қауіпсіздік департаментіне қарама-қарсы орналасқан Әйтеке би көшесіндегі пәтерден кетіп қалып, дүйсенбіде аштық акциясын 11 ықшамауданда жалғастырды.

Қазанның 19-ы күні аштық жариялаушылардың тағы да екі адамға азайғаны белгілі болды. Осылайша мекен-жайларын бірнеше рет ауыстырып үлгерген наразылық танытушы 2 жүргізуші ғана қалды. Өзбек жерінде қалған көліктерін кері қайтаруды, олай болмаған жағдайда банктегі несиелерін тоқтатуды талап еткендердің аштық жариялағанына бір апта өтті. Дәрігерлер наразылық танытқандардың денсаулығын бірнеше рет бақылады. Ал, мекен-жайларын күнде ауыстырған аштық жариялаушы 2 ақтөбелік ақпарат құралдарымен де кездесуге құлықсыз.

XS
SM
MD
LG