Accessibility links

Қандығаштағы алты «лаңкестің» үстінен болған сот үш-ақ күнде өткен


Қандыағаштағы жартылай бұзылған тұрғын үйлер. Ақтөбе облысы, 26 қыркүйек 2009 жыл.
Қандыағаштағы жартылай бұзылған тұрғын үйлер. Ақтөбе облысы, 26 қыркүйек 2009 жыл.

Батыс Қазақстандағы алты «лаңкеске» қатысты істің жай-жапсары Азаттық радиосына белгілі болды. Асығыс өткізілген соттан кейін «уаххабшылардың» адвокаттары олардың туыстарын апелляциялық шағым бермеуге үгіттеуде.

23 қыркүйекте, Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласындағы Мұғалжар аудандық сотында мұнайлы аймақта лаңкестік актілер жасауға даярланған-мыс деген айып тағылған Қазақстанның алты азаматы сотталды. Судья Шапағат Әлнияз алты ер адамды 12-ден 17 жылға дейін бас бостандықтарынан айыруға үкім шығарды. Сотталғандардың ең үлкені 42 жаста болса, ең кішісі үкім шыққан 23 қыркүйек күні 19 жасқа толды. Олардың барлығы Темір және Мұғалжар ауданының тұрғындары.

Алты адам лаңкестік; қаруды заңсыз даярлау мен сатып алу, қаруды, оқ-дәрілерді, жарылығыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды ұрлау мен бопсалау; қарақшылық; кәмелетке жасы толмағандарды қылмыстық әрекетке тарту; қатыгездік пен зомбылықты насихаттайтын шығармаларды заңсыз тарату деген баптар бойынша сотталды.

Биліктегілер ауылдың алты адамы Ақтөбе облысындағы мұнай кәсіпорындарын жармақ болған деген пікірде. Мұғалжар ауданының прокуроры Бағлан Телеу, КТК телеарнасына берген түсініктемесінде, бұл адамдар «далалық оқу-жаттығуларын өткізіп, алғашқы әскери дайындық бойынша, қарудың құрылысына байланысты кітаптарды оқып-зерттеген» деді. Прокурор Бағлан Телеу, сонымен бірге, КТК телеарнасына берген сұхбатында, топтың басшысы мен мүшелері уаххабшылар қауымын қолдаушылар деді.

Балалар бұзылған тұрғын үйдің үйіндісінің үстінде ойнап отыр. Қандыағаш, Ақтөбе облысы, 26 қыркүйек 2009 жыл.
Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш қалашығы Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардың ішінде жартылай қираған жағдайға келді. Адам тұрмайтын көп қабатты үйлер қаңырап бос қалып, талауға түсті. Кәсіпорындардың банкротқа ұшырап, жұмыссыздықтың белең алуы, халықтың облыс орталығы Ақтөбеге қарай босуына себепкер болды.

Тұрғындардың айтуынша, соңғы кездері бос қалған үйлер біртіндеп қалпына келтіріле бастаған. Мұнайға бай ауданда әлі күнге дейін дамыған инфрақұрылым жоқ. Қираған үйлердің орны балалардың ойнап, көңіл көтеретін орнына айналған. Облыс орталығына барар жолдың әр жер, әр жері ғана жамалған. Қадам бассаң қоқыс төгілген жер, жергілікті арақ зауытының иісінен демалу мүмкін емес. Коттедждер өздерінше бір әлем. Мұғалжар және Темір аудандарын мұнайдың алтын желісі деуге болады.

СОТҚА «ЛАҢКЕСТЕРДІҢ» ТУЫСТАРЫН КІРГІЗБЕГЕН

Лаңкестік үшін сотталғандардың туыстары Азаттық радиосының тілшісіне сұхбат берді.

Светлана Еламанованың ұлы Нұрлан сот үкімімен 12 жылға сотталды. Қандыағаш, Ақтөбе облысы, 26 қыркүйек 2009 жыл.
Сотталған Нұрлан Еламановтың анасы Светлана Еламанованың айтуынша, сот процесі үш күннің ішінде өте тез өткен. Төртінші күні судья үкім шығарып, бұлар сол үкімнің көшірмесін бүгінгі күнге дейін алмаған.

- Менің ұлым Нұрлан бір жарым жылдан бері намазға жығылып, жергілікті мешітке барып тұрды. Ұлым училищеде дәнекерлеуші мамандығына оқып, спортпен шұғылданып, шаруаға көмектесетін. Сот процесі тамызда басталуы керек еді. Үнемі кейін шегере берді. Алғашқы күні, 18 қыркүйекте, сот таңғы сағат 9-дан кешкі 18 сағат 30 минутқа дейін созылды. Түскі астың өзіне 20 минут ғана берілді. Сот процесі ашық өтті. Бірақ, неге екендігі белгісіз, әр отбасыдан жеке куәліктерін тексере отырып бір ғана адамнан жіберілді. Сот мәжілісі залына 15-тен аса адам сиятын еді. Бірақ, алты адамды ғана кіргізді. Адамдарды кіргізуді басқарып тұрған жай киімдегі адам қатал көрінді. Мен сотқа түске дейін қатысып, түстен кейін күйеуімді кіргізді. Мен далада күтіп тұрдым. Кіргізуін сұрап өтінгенімнен ешнәрсе шықпады, - дейді Светлана Еламанова.

Светлана Еламанованың айтуынша, сот процесінде адвокаттардың ойын толық айтуға мүмкіндік бермеген.

- Менің үш ұлым мен қызым бар. Поселкеде кешке дейін үй шаруашылығымен айналысамыз. Балаларымыз еңбекқор, шаруаға көмектеседі. Ұлым спортпен шұғылданғанды ұнатады, ішпейді, шекпейді. Одан өзгелер жиі көмек сұрап тұрады. Ол мейірімді, ешкімнің көңілін қалдырған емес. Туыстарым маған қатты азып кетіпсің дейді. Киімдерім олпы-солпы болып қалды. Мен ұлымды әлдебір қару
Террорлық әрекет жасамақ болған деген айыппен сотталған Нұрлан Еламанов дәнекерлеуші болып жұмыс істеген. Қандыағаш, Ақтөбе облысы, 2008 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
үшін, лаңкестікті даярлағаны үшін соттағанына әлі сене алар емеспін. Менің ұлым лаңкес емес. Мен өз ұлымды білемін. Сот әділетсіз, асығыстықпен өтті. Алты адамның барлығы кінәларын мойындады. Мен өз ұлымның кінәсін дәлелдейтін бір де бір құжатты көрген жоқпын. Барлығы жасырын. Үйге тінту жасаған жоқ. Бірақ әлдебір қаруды менің ұлыма жапсыра салыпты. Біз тергеу мен соттың әділ өтуі үшін соңына дейін күресеміз, - дейді Светлана Еламанова.

Сотталған Нұрлан Еламановтың әкесі Жұмалы Еламанов Азаттық радиосының тілшісіне осы сот жайында өз ойымен бөлісті:

- Менің ұлым кінәсіз, ол неге істемеген нәрсесін мойнына алуы керек? Менің ұлым зомбылық жасайтын адам емес. Неге өзге айыпталушыларды куәгер қылды? Сұрақтар көп. Ұлым жарты жыл түрмеде отырды. Ұлыммен кездестірген жоқ. Соттан соң ұлымызбен бірнеше минутқа ғана көрісуге және қоштасуға рұқсат берді. Біз ауылдың сауатсыз адамдарымыз. Бірақ бұл осы үшін адамдарды түрмеге отырғызу керек деген сөз емес қой.

АДВОКАТТАР ШАҒЫМДАНБАУҒА КЕҢЕС БЕРУДЕ

Тағы бір сотталушы Хамза Мұсқалиевтің әкесі Марат Мұсқалиев асығыс жасалған тергеуге байланысты Азаттық радиосының тілшісіне мына бір жайларды айтып берді:

- Тек ұлымның ғана емес, менің үйімде де тінту жасады. Екі қыз, тергеуші, прокурор, бейнекамералы ер адам және жай киінген ер адам. Қару тапқан жоқ. 40-тан аса кітапты тәркіледі. Оның ішінде «Құран», араб тілін үйрену оқулықтары, «Мұсылман асханасы» және т.б бар. Мен - малшымын. Ауылда тұрып, нанымызды адал еңбекпен тауып жейміз. Ешкімге зиянымыз жоқ. Сотта ұлым мен өзгелері кінәларын мойындады. Тек прокурор мен судья ғана сөйледі. Адвокаттарды қақпайлап, сөзін бөліп сөйлетпеді. Бұл не қылған сот? Оның үстіне,
Марат Мұсқалиев, 12 жылға сотталған Хамза Мұсқалиевтің әкесі. Қандыағаш, Ақтөбе облысы, 26 қыркүйек 2009 жыл.
оны ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері іздеп жатқандығын білген ұлым Нұрлан Еламанов және Ермек Елтаевпен бірге 2009 жылдың 21 наурызында ҰҚК-не өз еріктерімен барды. Сол жерде оларды ұстап алды. Мәселенің анық-қанығына жету үшін түсіндірмек болып барған. Ал оларды 12 жылға соттады да жіберді. Біз «лаңкестік» бойынша өткен бұл «ашық сот» жайында жарияға жар саламыз. Ұлымды босатып алуға бар күшімді саламын. Бұл қолдан ұйымдастырылған, жалған іс.

Марат Мұсқалиевтің айтуынша, судья еңбек демалысына кеткендіктен ұлымен кездесу бермеген. Енді судьяның демалыстан келгенін күту керек. Адвокаттардың бірі облыстық сотқа апелляциялық шағым жасамауға кеңес берген. Өйткені, осы арқылы ұлдарыңның жағдайын бұдан да қиындатып аласыңдар деген. Сотталғандардың туыс-туғандары олардың ұлдарынан қандай дәлелдер, қанша қару-жарақ пен оқ-дәрі тауып алғандығын ақыры түсіне алмады.

Сотталғандардың аты-жөні ЖасыТұрғылықты жері Үкім мерзімі
Кәрімбаев Азамат
42Шұбаршы ауылы17 жыл
Досқалиев Еркін 36 Кеңқияқ ауылы 13 жыл
Александр Тайшиев 31 Кеңқияқ ауылы13 жыл
Мұсқалиев Хамза 28 Қандыағаш кенті 12 жыл
Еламанов Нұрлан 20 Қандыағаш кенті 12 жыл
Елтаев Ермек 19 Қандыағаш кенті 10 жыл
Нұрлан Еламановтың адвокаты Айтжан Егізбаев Азаттық радиосы тілшісінің сұрағына телефон арқылы жауап берді:

- Менің қорғауымдағы Нұрлан Еламановқа «Лаңкестік», «Қарақшылық», «Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мене жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе қаруды алып жүргені» деген үш бап бойынша үкім шығарды. Сот мәжілісінің залы кішкентай. Сондықтан, адамдарды кіргізген жоқ. Нұрлан Еламанов үкімнің көшірмесін қолына алды. Ал, туыстары ертең алады. Сот әділ болды ма, жоқ па деген сұраққа жауап бере алмаймын. Іс қолдан ұйымдастырылды ма деген сұраққа да жауап бере алмаймын.

Сотталғандардың туыстары үкімнің көшірмесін әлі қолдарына алған жоқ. Ал Ақтөбе облыстық сотына апелляциялық шағым түсіруге рұқсат беретін мерзімге аз ғана күн қалды.
XS
SM
MD
LG