Accessibility links

Қандыағаштағы қанды оқиға сотта қаралып жатыр


Қазан айының басында Қандыағаш қаласында жұрттың жанын түршіктірген қанды оқиға болды. Қаланың қақ ортасындағы автокөлік гараждарының бірінде 20 жастағы жігіт 9 жастағы екі баланың бірін өлтіріп, екіншісін өлімші етіп шұңқырға тастап кеткен.

Кеш мезгілінде ықшамауданда тұратын біреуінің апайының үйіне бара жатқан Нұрсұлтан мен Жанарбек автокөлік гараждары тұсында бір жігіттің қолындағы ұялы телефонын тартып алып жатқан қарақшыға кез болды. Әлгі жігіт жалма-жан қолындағы жігітті тастай салады да, екі кішкентай балаға ұмтылған. Сөйтіп, балаларды автокөлік гаражының жертөлесіне сүйреп апарып, бастарын кірпішпен ұрып, өлімші етіп сабайды.

Ауыр соққыдан есін жинай алмаған Нұрсұлтан сол жерде қайтыс болды. Жанарбек те дыбыссыз қалған. Қаңтардың 28-і күні Қандыағашта басталған сот процесінде айыпталушы қылмыскердің екі баланың бірін зорлағаны да анықталды.

Сол күні сағат кешкі 7-лер шамасында гаражға автокөлігін қоюға келген кездейсоқ адам баланың ыңырсыған дыбысын естіп, шұңқырдан алып шығады да, жедел ауруханаға жеткізеді. Ауыр соққылардан бас сүйегінен дым жоқ, өлімші халдегі Жанарбектің миы көрініп қалған. Оқиға сенбінің кешінде болғандықтан, аяқ астынан тәжірибелі дәрігерлерді де табу оңай емес.

Сәтін салғанда, сол күні Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі, тәжірибелі нейрохирург Мақсат Оразжанов Қандыағашта жүр екен. Ол қоңырау түскен бойы шұғыл жетіп, қандыағаштық дәрігерлерге көмекке келді. Жанарбектің аман қалуына тікелей себепші болған осы дәрігер.

Бұл кезде жұмсап жіберген балалардың туысқанының үйіне бармағанына алаңдаулы Жанарбек пен Нұрсұлтанның ата-анасы жан-жаққа қоңырау шалып, балаларын іздестіреді. Ертеңінде гараждың төменгі қабатынан Нұрсұлтанның жансыз денесі табылды.

Осы арада қаныпезердің қолына жазықсыз екі баланы тастай салып қашып кеткен ана бір жігіттің де дым білместей үйінде тығылып жатқаны қайран қалдырады. Ол іле-шала хабарлағанда, екі жас мұндай халге ұшырамаған болар еді дейді тұрғындар.

Қазанның 5-і күні 20 жастағы күдікті өз үйінде тұтқындалды. Полицейлер үйін тінткенде, оның аяқ киімінен қан іздері табылған. Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған адам болып шықты.

Қандыағаштағы қанды оқиға барлық ақтөбеліктердің ашу-ызасын туғызды. Жұрт 20-ға жетпей адамдық болмысын жоғалтқан қылмыскерге ең қатал жаза беруді талап етуде.

Жанарбек содан бері ауруханада жатыр. Оның миы қатты зақымданғандықтан, сөйлей алмайды. Психикасы бұзылған балаға жақсы күтім керек. Ата-анасы аман қалғанына шүкіршілік етіп отыр. Дәрігерлер болса, баланың әзір мектепке бара алмайтынын, мүгедек болып қалғанын айтады.

Ақтөбе облысындағы Мұғалжар ауданы, соның ішінде Қандыағаш қаласында қылмыстың түр-түрі өршіп тұр, жергілікті полицейлердің қарақшылармен жең ұшынан жалғасып отырғандығы жөнінде жиі айтылады. Соңғы екі жылда Ақтөбе қаласы, Қандыағаш, Хромтау қалаларында жасөспірімдер қылмысының көбейіп жатқаны өз алдына әңгіме. Қандыағаш пен Хромтауда есірткі пайдаланушылар қатары көбейіп барады.

Жасөспірімдер арасында жантүршігерлік оқиғалардың көбеюіне алаңдап отырған ата-аналар Қазақстанда балалардың кешкі сағат 9-дан кейін көшеде жүруіне тыйым салатын заң қабылдау керек деген пікірде. Балаларын қаңғытып, түнгі клубтар мен жасырын ойын залдарына жіберген ата-аналарды әкімшілік жауапқа тарту туралы да айтылып жатыр.
XS
SM
MD
LG