Accessibility links

Ақтөбеде үлескерлердің 232 миллион теңгесін жоқ қылған Жоламан Жарылғапов 5 жылға бас бостандығынан айрылып, жазасын абақтыда өтейтін болды. Ол 2006 жылдың көктемінен бастап, жергілікті ақпарат құралдарында белсенді түрде жарнама беру арқылы, 69 адамнан 257 миллион теңге жинап алған.

2007 жылдың соңына дейін баспаналы боласыңдар деген уәдеге сенген жұрт аталған мерзім аяқталған соң алаңдай бастады. Сөйтсе, 12-ші ықшамаудандағы көп қабатты тұрғын үй кешенінің орнында қазылған шұңқырлардан басқа дым болмай шықты. Тіпті, үйдің іргетасы да жоқ. Адамдар орта есеппен 2 миллион теңгеден берген. Арасында 25 миллион теңгеге дейін ұстатқандар бар. Көпшілігі банктерден несие алып, ақшаларын үлескерлікке салып жіберген. Жоламан Жарылғапов орташа есеппен әрбір үйдің құны 1,3 миллард теңге деп бағалайды. 2006 жылы нарықтағы тұрғын үй бағасы тым шарықтаған кездері Жоламанов тұрғызбақшы болған әрбір элиталы пәтер шамамен 120-160 шаршы метрді құраған еді.
Жұрт ақшаларын Жоламан Жарылғапов құрған «Каз ГлавСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің есеп-шотына аударды. Осы жылдың басында Астана мен Алматыда үлескерлік бизнесіндегі алаяқтықтар әшкерелене бастаған тұста, «арайлықтардың» көңілдеріне де алаң кірді. Прокуратураға арызданып, Жарылғаповты абақтыға жабуды талап етті. Сөйтіп, биылғы жазда «Арайдың» қожайыны тергеу абақтысына қамалды. Жұртшылық «Каз ГлавСтрой» ЖШС-нің есеп-шотындағы ақшаны тексеруді талап еткенімен, онда көк тиын да болмай шықты.
Жоламанов ақшаны қайда жіберді? Сотқа келгендер әуелі осы сұрақтан бастады. Ол жұрт көзінше бұрын-соңды құрылыс бизнесімен айналыспағанын алға тартады. Үйдің іргетасын тұрғызу үшін тереңдеп ор қазуды бастағанда жер астынан су көтеріліп, құрылысты уақытша тоқтатқанбыз деп ақталды. 46 миллион теңгеге көтергіш кран сатып алынды дейді. Сосын кешеннің сәулет жобасын жасауға бірнеше жүз миллион теңге жұмсалғандығын алға тартады. Одан басқа жарытымды жауап айтқан жоқ. Дегенмен, Жоламановтың алаяқтығын сезе бастаған кейбір адамдар ертерек қимылдап 14,5 миллион теңгені қайтарып алыпты. Алайда, қалған 232 миллионды қайтаруып алу мүмкін емес. Алданған жұрттың енді өздеріне бұйырмаған пәтерлердің несие қарыздарын төлеуден басқа амалдары болмай тұр.
Жарты жылдан бері тергеу абақтысында отырған Жоламанов сотта түрліше сөйлейді. 6 ай шыдағанда, ақшаларыңды қайтарып берер едім деп үлескерлердің өздеріне кінә тақты:
«Басқан ізімді аңдыды, Чехияға, Қытайға бизнесімнің шаруасымен сапарға шыққалы жатқанымда, шетелге қашайын деп жатыр деп шу көтеріп сыртқа шығартпады. Ақтөбеден кетпейтіндігім жөнінде қолхат беріп үйде жатқанымда, тағы да айқай шығарып, мені тергеу абақтысына қаматты».
Сот үкімі бойынша Жарылғапов енді қатаң режимдегі қамау орнында 5 жыл отырмақшы. Сот алданған үлескерлерге азаматтық тәртіппен қайта арызданып, ақшаларын қайтаруға тырысып көріңдер деп кеңес берді. Үлескерлер шарасыз. себебі, Жоламанов фирмаларының есеп-шоттарында көк тиын да жоқ.
«Арайдың» алданған азаматтарынан өзге «Лашын-инвест Холдинг» пен «Гүлдер» тұрғын үй кешеніне ақша салғандар да осындай қиын жағдайда тұр. Осыдан үш жыл бұрын жарнамасы жарқыраған жайлы, кең пәтерлер де, салынған ақшалар да жоқ.
XS
SM
MD
LG