Accessibility links

Өзбекстанда жұмбақ жағдайда қаза болған Иван Назаров Алға қаласында жерленді


Марқұм Иван Назаровты жерлеу. Алға кенті, Ақтөбе облысы, 13 шілде 2009 жыл.

Марқұм Иван Назаровты жерлеу. Алға кенті, Ақтөбе облысы, 13 шілде 2009 жыл.

Ал Иван Назаровпен бірге қазақ-өзбек шекарасын кесіп өтіп, өзбек шекарашыларының қолына түскен, кейіннен Нүкісте сотты болған ақтөбелік жүргізушілер Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара әскерлерін сотқа берді.

ИВАН НАЗАРОВ ӨЗІ ТҰРҒАН АЛҒА ҚАЛАСЫНДА ЖЕРЛЕНДІ

Бұдан бұрын хабарлағанмыздай, ақпан айында Өзбекстан шекарашылары тұтқынға алған қазақстандықтардың арасындағы болған жұмысшы – 28 жасар Иван Назаровтың белгісіз жағдайда қайтыс болғандығы анықталған еді.

Өткен жексенбі күні кешке Ақтөбеге жеткізілген Иванның денесі марқұмның өзі тұрған Алға кентінде дүйсенбі күні жерленді. Марқұмның туған-туыстары отбасындағы жалғыз азаматының қайтыс болуына не себеп болғандығын анықтау мақсатында облыстық ішкі істер департаментіне арыз жазып тапсырды.

Өзбекстандық құқық органдары Иван Назаровтың денесін өзбек шекарасынан 5 шақырым жерде тауып алғанын айтады. Алайда жас жігіттің туған-туыстары мен ұсталған ақтөбелік жүргізушілер бұл пікірге күмәнмен қарап отыр. Қазақстандықтарды Нүкістегі тергеу абақтысына орына апармай тұрып, Өзбекстан полицейлері оларды шекарада бір күн ұстапты.

– Шекарда бізді дүңгіршекке қосымша күш келгенше бір күнге қамап қойды. Біздің арамызда екі орыс жігіті болған, бірі сол Иван еді. Ал одан кейін барлығымызды отырғызып, Ходжалиге алып барды, – дейді жүргізушілердің бірі Қанат Сағымбаев.

Марқұм Иван Назаровты жерлеу кезі. Алға кенті, Ақтөбе облысы. 13 шілде 2009 жыл.
Жүргізушілер Иван сәті түсіп қашып кеткен де болар деп ойлаған. Ал оның қайтыс болғандығын тек соттың шешімі жарияланғаннан кейін ғана естіген. Жүргізушілер Иванның өліміне өзбек құқық қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деген күдігін жасырмайды.

Ақпан айында ақтөбелік кәсіпкерге жалданып, істен шыққан құбырларды жеткізіп беруге барлығы 35 адам барған. Олардың 30-ы жүргізушілер де, қалғаны қара жұмысшылар болған екен.

Бірақ қазақ-өзбек шекарасын кесіп өтіп, көрші елдің аумағына енген бұларды байқап қалған Өзбекстанның шекарашылары аспанға оқ атқанда, ақтөбеліктердің 7-уі қашып үлгерген екен. Қазір ақтөбелік полицейлер сол 7 азаматқа қарсы қылмыстық іс қозғап отыр.

ЖҮРГІЗУШІЛЕР ҚАЗАҚ ШЕКАРАШЫЛАРЫН СОТҚА БЕРДІ

Ақтөбелік 27 жүргізуші болса ақпанның боранды күні көрші мемлекеттің территориясына өздерінің адасып өтіп кеткендігіне шекара қызметкерлерін кінәлап, сотқа беріп отыр. Өзбек елінде қамауда отырған 4 айда көрген азаптары үшін олардың әрқайсысы 10 миллион теңгеден моральдық өтемақы талап етуде.

Нүкісте тұтқында болып қайтқан жүргізушілердің бірі – Қанат Сағымбаев:

– Біз 1 емес, 30 жүк машинасымен қазақ-өзбек шекарасын кесіп өткен екенбіз. Сонда бізді тоқтатып, ескерткен бірде-бір әскери қызметкер болмады. Мемлекеттік шекараның ел қауіпсіздігінде маңызды обьектілердің бірі екендігі белгілі. Соған қарамастан Қазақстанның
Қазақстанның шекарашылары өз қызмет орындарында болмай шықты. Егер олар өз жұмыстарын әділ орындаса, бізді тоқтатып, ескертер еді.
шекарашылары өз қызмет орындарында болмай шықты. Егер олар өз жұмыстарын әділ орындаса, бізді тоқтатып, ескертер еді. Енді сол салғырттықтары үшін, біздің қаншама ай өзге елдің абақтысында отырғанымыз бен отбасымызға алып келген қаншама шығын үшін жауап берсін, – дейді.

Әзірге тек 12 жүргізуші Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне шағым арыз жазды. Ал қалғандары түрлі себептермен әлі ойлануда дейді айыпталушы жүргізушілер туыстарының бастамашыл тобының жетекшісі Айдос Садықов.

– Әртүрлі адамдар болады, бірі батыл, ал енді бірі «аш құлақтан тыныш құлақ» деп жүреді. Дәл сол сияқты жүргізушілер арасында да аман- есен үйге оралғандарына тәуба етіп жүргендер бар. Шекара әскерлеріне қарсы жазылған арыз-шағымға қол қойған 12 адамның жағдайы шын мәнісінде мәз емес. Олардың мойнында қомақты несие сомалары бар, бұдан басқа автокөліктерінен де қағылды, соның салдарынан жұмыстары да болмай отыр, – дейді Айдос Садықов.

Сондай-ақ Нүкістің Жоғарғы сотының шығарған шешіміне қатысты ақтөбелік жүргізушілердің қорғаушылары аппелляциялық шағым берген болатын. Қанат Сағымбаев шілденің 15 күні өздерінің ісіне қатысты алғашқы отырыс өтетінін айтты.

Нүкіс соты қазақстандық 27 жүргізушіге 11 мың доллар көлемінде айыппұл салып, 30 шақты ауыр жүк көліктерін тәркілеген болатын. Ол шешімге наразы жүргізушілер өзбек жағынан ең болмағанда автокөліктерін қайтаруды талап етіп отыр.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG