Accessibility links

Ақтөбе облыстық ІІД-нің полковнигі полиция бастығының орны 10 мың АҚШ доллары тұрады дейді

  • Баян СӘРСЕМБИНА

Ақтөбе облыстық ІІД бастығының орынбасары болған Ғалия Сұлтанова

Ақтөбе облыстық ІІД бастығының орынбасары болған Ғалия Сұлтанова

Ақтөбе облыстық полициясының бастығын бұрынғы орынбасары сотқа беріп, ол қарамағындағы 4 әйелді қудалады деп айыптап отыр. Басшылық болса Ғалия Сұлтанованы қызметіне лайық емес деген негізбен жұмыстан босатқан.

ПОЛИЦИЯ ПОЛКОВНИГІ ҒАЛИЯ СҰЛТАНОВА БАСТЫҒЫ ПАТРИС НОКИНДІ СОТҚА БЕРДІ

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті бастығының бұрынғы орынбасары, полиция полковнигі Ғалия Сұлтанова осы департаменттің бастығы генерал Патрис Нокинді ішкі істер департаменті қызметкерлері арасында ішкі араздықты тұтандырып, қарамағындағы әйел полицейлерді қудалады деп айыптап, сотқа берді. ІІД тәртіптік комиссиясының шешімі бойынша, биылғы шілденің 29-ы күні Ғалия Сұлтанова қызметіне лайық емес деген неігзбен жұмыстан босатылған.

Сұлтанованың айтуынша, өткен жылдың қорытындысында қылмыстың ашылуына қатысты көрсеткіштерге байланысты Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің жұмысы республика бойынша «қанағаттанарлықсыз» деп бағаланған қызметтік хат келіп түскен. Қылмыс жасағандарды іздестіру және тіркелген қару-жараққа байланысты шұғыл мәжіліс өткізіліп, онда басшылық Сұлтановаға шүйліккен.

Полиция жұмысының жүрмей жатқанына Сұлтанова кінәлі болып шыққан. 27 жыл бойы Ақтөбе облысы бойынша ішкі істер департаментінде тапжылмай қызмет еткен Ғалия Сұлтанова осы кезге дейін бірде-бір рет ескерту алмағанын алға тартады:

«Мен іздестіру шараларымен не болмаса, заңсыз қару-жарақ ұстағандармен айналыспаймын. Менің қызметім сараптамалық-талдау. Ендеше Ақтөбе полицейлері өз қызметтерін ақсатып жатса, мен неге кінәлі боламын?»

Полковник Сұлтанованың мәлімдеуінше, бұл арада басты кінәрат басшылыққа бағынбайтын, тәжірибелі қызметкерлерді ығыстырып шығарып, кәсіби мамандарды кетіру арқылы «өзгелерге орын босату».

- Ішкі істер департаментіндегі босайтын орындарға кезек күтіп тұрғандар көп. Ал, кәсіби біліксіз полицейлер айтқанға көнгіш, олармен «қажетті көрсеткіштер» жасау қиындық тудырмайды. Ақтөбе облыстық ІІД-де басқарма бастығының орны 10 мың АҚШ доллары тұрады, қарапайым полицей болып жұмысқа қабылдану үшін 3-5 мың АҚШ доллары көлемінде пара бермесе, кіргізбейді. Бұл жөнінде өз арамызда айтылып жатады, - дейді Ғалия Сұлтанова.

ПОЛИЦИЯДАҒЫ ДАУ-ДАМАЙ ІШТЕГІ БЫЛЫҚТАРДЫҢ БЕТІН АШЫП ЖАТЫР

Басшылықтың іс-әрекетін сынға алған Ғалия Сұлтанова облыстық ішкі істер қызметкерлері жария қылмаған кейбір мәселелерді хабарлады.

Биылғы жылдың сәуірінің соңында Мұғалжар ауданында қару-жарақпен тұрақты түрде жаттығу өткізіп келген беймәлім топты ҰҚК Ақтөбе облыстық департаментінің қызметкерлері құрықтаған екен. Діни бағыттағы осы топты тапанша және оқ өткізбейтін күртешемен жабдықтаған Мұғалжар аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері Мақсат Әбілғазин болған дейді Ғалия Сұлтанова.

Бұл деректі анықтау үшін Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқан Азаттық тілшісінің сұрауына келесідей жауап алдық: «Мұғалжар аудандық ІІБ қызметкері Мақсат Әбілғазин «салафизм» діни ағымын ұстанушылармен таныс екені расталды. Бірақ олармен бірге ешқандай да оқ атып, жаттығу жүргізбеген. Әбілғазин ішкі істер органынан шығарылды».

Тағы бір белгілі болғаны, сәуірдің соңында ұсталған салафиттерге қатысты сот процесі өтпейтін болыпты.

Ішкі істер департаментінің мамандар жөніндегі басқармасының бастығы Светлана Кратько Ғалия Сұлтанованың мәлімдемесінде айтылғандарды жоққа шығарды.

«Әйелдерді ешкім қудаламайды, ішкі істер қызметінде әйел, ер адам деп бөлмейді. Тапсырылған жұмысты атқара аласың ба, жоқ па, соған қарап бағалайды. Департаментте 331 қыз-келіншек жұмыс жасайды. Бұл барлық қызметкерлердің 12,5 пайызы», - деді ол.

Азаттық радиосына берген сұхбатында Патрис Нокин өзінің Ғалия Сұлтановамен жеке бас араздығының жоқтығын алға тартады. Ол Сұлтанованың жұмыстан алынуын былайша түсіндірді:

«Сұлтанованың қарамағында жұмыс істейтін 13 қызметкер оған қарсы арыз жазды. Ақпараттық-талдау қызмет басқармасында мамандардың басқа жаққа кетуі соңғы уақытта жиілеп кетті. Мұның өзі жұмыс сапасының ақсауына әкеп соқтырды».

Генерал Патрис Нокиннің тарапынан қуғындауға ұшырадым деп мәлімдеген Ғалия Сұлтанова енді өз басшыларымен сот залында жүздеспекші. Сонымен бірге ол өз шағымына немқұрайдылықпен қараған Ішкі істер министрлігінің үстінен де Астананың сотына шағым түсіріп отырғандығын айтады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG