Accessibility links

Шәмші Қалдаяқов атындағы ауыл тұрғындары жұмыссыздық зардабын тартып отыр


Шәмші Қалдаяқов атындағы ауылда әйгілі композитордың ескерткіші матамен оралған қалпы тұр. Ақтөбе облысы, 22 қазан 2010 жыл.

Шәмші Қалдаяқов атындағы ауылда әйгілі композитордың ескерткіші матамен оралған қалпы тұр. Ақтөбе облысы, 22 қазан 2010 жыл.

Ақтөбе облысы Қарғалы ауданындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы ауылды жаппай жұмыссыздық жайлаған. Жастар жағы күнкөріс іздеп қалаға кеткен, ауылда қалғандары үйлерінде бос отыр. Ал жұмысы барлары еңбекақыны уақытында ала алмайды.


Осыдан екі жыл бұрын Қарғалы ауданындағы Александровка кентіне әйгілі қазақ композиторы, Қазақстанның мемлекеттік әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың есімі берілді. Ауылда қазір екі мыңға жуық адам тұрады. Кейбір үйлер қаңырап бос тұр. Ауыл тұрғындары тапқан табыстары отын сатып алудан артылмайтындағын айтады. Бұл ауылға табиғи газ баллондарын әкелуді қойғанына да бірнеше жылдың жүзі болған.


КЕДЕЙШІЛІК ТАУҚЫМЕТІ

Азаттық тілшісі әңгімелескен көпбалалы ана Татьяна Сляднева өз отбасының жалғыз асыраушысы – күйеуінің еңбек табысы мардымсыз болғандықтан үй-іші кедейшіліктің тауқыметін тартып отырғанын айтып берді.

– Алты баланы дүниеге әкеліп, тәрбилеп отырғаным үшін маған жақын арада көп балалы ана ретінде медаль бермекші. Кенжеміз әлі қырқынан да шыққан жоқ, емшекте. Жүкті болған кезімде қанымдағы гемоглобин мөлшері 60 бірлікке дейін азайып кетті, – дейді Татьяна
Шәмші Қалдаяқов ауылындағы тозығы жеткен үйлердің бірі. Ақтөбе облысы, 22 қазан 2010 жыл.
Сляднева.

Оның айтуынша, «Пацаев» серіктестігінде жұмыс істейтін күйеуі ай сайын 10 мың теңге (шамамен 70 АҚШ доллары) еңбекақы алады екен.

– Неліктен екенін қайдам, қалғанын азық-түлік күйінде аламыз: бес литр өсімдік майы, үш келі қант, қарақұмық, күріш береді. Ауылда басқа жұмыс жоқ, – дейді қырық жастағы Татьяна Сляднева.

Ауылдың тағы бір тұрғыны, көпбалалы ана Раиса Сляднева өз үйі көз алдында қопсып, құлап жатқанын айтады.

– Бос жатқан екінші қабаттан су сорғалап тұрғанына он жыл болды. Менің пәтерім адам тұрғысыз, пеш опырылып жатыр. Шағым айтып ауыл әкімдігіне де бардым. Жоғарғы қабаттан кірпіштер құлап түсіп жатыр. Балаларыма алаңдап үнемі терезеден қарап отырамын, – дейді Раиса Сляднева.


ЖҰМЫС БАР, ЖАЛАҚЫ ЖОҚ

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандардан бұл ауылда жалғыз адам – 88 жастағы соғыс ардагері Павел Божко тұрады. «Іргеміздегі Петропавловка кентінде соғыс ардагерлерінен ешкім қалған жоқ, бәрі бақилық болған, – дейді Павел Божко. – 1933 жылы дөңгелекті
88 жастағы соғыс ардагері Павел Божко. Шәмші Қалдаяқов ауылы, Ақтөбе облысы. 22 қазан 2010 жыл.
трактормен де, бұқа жегіп те жер жырттық. ССРО кезінде техника болды, қоймаларда соқа-сайман жеткілікті болатын. Кент тұрғындары картоп егетін, нан қандай таза еді. Өмір қайнап жататын. Ал қазір барлық жерде: «Біз жақсы өмір сүріп жатырмыз!» деп өңеш кереді. Соңғы кездері мен: «осы біздің елде кім тамаша өмір сүреді?» деген ойға шоматын болдым. Билік басқарып отырғандар мен бизнесмендер жақсы өмір сүреді».

Павел Божконың айтуынша, немересінің жұмыс орнынан еңбекақы алмағанына жарты жыл болыпты.

– Отбасым менің зейнетақыма – 41 мың теңгеге өмір сүріп отыр. Директорға бірдеңе айтсаң бітті – «кете бер» дейді. Ауылда жұмыс жоқ. Жастар қалаға кетеді немесе үйде жұмыссыз отыр. Халықты ойлап жатқан ешкім жоқ, – дейді Павел Божко.


ОРАЛМАНҒА БҰЙЫРҒАНЫ ОПЫРЫЛҒАН ҮЙ

Қарақалпақстаннан көшіп келген оралман Жаңыл Бейбітова Азаттық тілшісімен әңгімеде біржолғы жәрдемақыға қалалық жерде баспана алу мүмкін еместігін айтты. Ол қолындағы бар ақшасына осы ауылдағы тозығы жеткен үйді сатып алыпты.

– Маған берілген жәрдемақыға осы ауылдағы құлағалы тұрған үйді сатып алуға зорға жетті, анау-мұнаусын жөндегендей болып, сол үйге
Шәмші Қалдаяқов ауылындағы мәдениет үйі. Ақтөбе облысы, 22 қазан 2010 жыл.
кірдім. Мектепте киім шешетін орында жұмыс істеймін, 15 мың теңге (100 АҚШ доллары шамасында) аламын. Бұл маусымдық қана жұмыс – қазан айынан мамырға дейін. Жалғыз өзім үш бала тәрбиелеп отырмын. Бұрын біздің ауылға қаладан автобус қатынап тұратын, ал қазір жол жүру үшін біршама қашықта жатқан күре жолдың бойына дейін жаяу барамыз. Маған тарихи Отаныма оралуыма мүмкіндік жасалғанына қуаныштымын, президентке рақмет. Тек қана жер ала алмай жүрмін әлі, – деді Жаңыл Бейбітова.

Желтау ауылдық округінің әкімі Ибрагим Кенжин Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдық мерейтойына арнап тамыз айында ауылда оған ескерткіш ашу жоспарланғанымен әлі күнге дейін бюджеттен қаржы бөлінбегенін айтып берді.

Композитор Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші қазір ақ матамен оралған қалпы тұр, ал ауылдағы мәдениет үйінің төңірегінде күл-қоқыс үйіліп қалыпты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG