Accessibility links

Азамат Кәрімбаевтың туған жеріндегі мыңдаған үнпарақтардың соңы жанжалға ұласты


Эльвира Жақсылықова қолындағы көгерген іздерді көрсетіп тұр. Суретті "Алға" партиясының өкілдері түсірген. Ақтөбе, наурыз, 2010 жыл.

Эльвира Жақсылықова қолындағы көгерген іздерді көрсетіп тұр. Суретті "Алға" партиясының өкілдері түсірген. Ақтөбе, наурыз, 2010 жыл.

Ақтөбе облысындағы Шұбаршы ауылында наурыздың 1-іне қараған түні Қазақстан президенті отбасының шетелдегі жылжымайтын мүліктері жайында үнпарақтар таратылды. Енді оппозициялық партия белсендісінің азапталғандығы жайында айтылуда.


ҚИЫР ТҮКПІРДЕГІ ҮНПАРАҚТАР

Шұбаршы кентінің орталық көшелерінде қазақ және орыс тіліндегі мыңдаған үнпарақтар шашылып, шарбақтарға, есіктерге жапсырылған. Бір таң қаларлығы, үнпарақтар аудан орталығы Шұбарқұдықта емес, ірі мұнай кәсіпшілігі жұмыс істейтін Кеңқияқта емес, шағын ғана Шұбаршы ауылында пайда болды. Мұнда бар болғаны төрт мыңдай ғана халық тұрады.

Ауыл тұрғындары, әсіресе балалар, тауып алған үнпарақтарын үйлеріне алып келген. Кейбір адамдар артық үнпарақтарды көршілеріне берген, осылайша олар ауылдағы ақпараттың таралуына көмектескен.

Сол күні Темір ауданына тек Кеңқияқтың полиция қызметкерлері ғана емес, арнаулы мақсаттағы отряд та келген. Үнпарақты кімнің таратқаны белгісіз. Аттарын атағысы келмеген кейбір тұрғындардың айтуларынша, жергілікті мұсылмандар, оппозициялық ұйымдарға бүйректері бұратын кейбір азаматтар сұраққа алынған.

Тіркелмеген «Алға» оппозициялық партиясының белсендісі Эльвира Жақсылықовадан жауап алудың соңы саяси жанжалға ұласқан. Оның жақтастарының айтуларынша, Эльвираны азаптаған, ал оның кәмелетке толмаған ұлы Миржанға психологиялық қысым жасаған.

Азаттық радиосына телефон арқылы сұхбат берген Эльвира Жақсылықованың айтуынша, оның ұлы Миржанды 5 наурызда Кеңқияқтағы полиция бөлімшесіне алып кетіп, ол жерде оны бес сағат бойы заңсыз ұстаған.

Ол 16 жасар Миржанды бірнеше сағат қысымға алып, оны әлдебір қағазға қол қоюға мәжбүрлеген дейді. Миржан Жәдігеровтің үйіне 7 наурызда полицейлер келген. «Алға» партиясы белсенділерінің айтуларынша, бұның соңы соққыға жығуға, үшкір затпен түйреп, азаптауға ұласқан.

– Таңертеңгі сағат 10-нан кейін маған екі полицей келді. Өздерімен бірге полиция бөлімшесіне баруымды талап етті. Мен барудан бас тарттым, содан соң олар мені үйдегі киіп жүрген киіміммен күштеп көшеге сүйреп, қолымды бұрап, бүйрегімнен ұра бастады, – дейді Азаттық радиосының тілшісіне 43 жасар Эльвира Жақсылықова.

Эльвира Жақсылықова, алты баланың анасы, жұмыссыз. 2006 жылдан бері ол «Алға» партиясының белсендісі.

– Менің ұлым 10-шы сыныпта оқиды. Намазға жығылғанына төртінші жыл. Бала кезінен қан қысымы жоғары. Полицейлер оны ұрып, жауап алып, қағазға қол қоюға мәжбүрлеген. Менің қолдарым көгеріп кетті, үшкір затпен ұрғандықтан, саусақтарым ісіп кетті, бүйрек тұсым қатты ауырады, шыдау мүмкін емес, бір орында ұзақ тұра алмаймын. Маған қысым жасаған соң қол қойып бердім, өзім үшін, балаларым үшін қатты қорқамын, – дейді Эльвира Жақсылықова.

«СҰРАҚҚА АЛДЫҚ ТА, ЖІБЕРДІК»

Бұл оқиға жайында полиция басшылары не дейді екен? Олар «Алға» партиясы белсенділерінің айтқандарын жоққа шығарады. Азаттық радиосының тілшісі телефон арқылы Темір ауданы Кеңқияқ кенті полиция бөлімінің бастығы Амангелді Құдабаевпен сөйлесті. Ол былай деп жауап берді:

– Мен ақпарат бермесем де болады. Ешнәрсе айта алмаймын. Соншалықты не болыпты? Сұраққа алдық та, жібердік.

Тіркелмеген «Алға» партиясының ақтөбелік филиалының жетекшісі Гүлжан Төлемісова «Алға» партиясының белсендісі Эльвира Жақсылықова мен оның кәмелетке толмаған ұлы Миржан Жәдігеровтерге қатысты полиция қызметкерлерінің күш қолданғанына байланысты прокуратураға, облыстық ішкі істер департаментіне шағым жібергендерін айтты.
Еіркелмеген "Алға" партиясының жергілікті жетекшісі Гүлжан Төлемісова


Олар Эльвира Жақсылықованы Ақтөбе қаласындағы ауруханада медициналық тексеруден өткізіп алған. Ақтөбеге барып қайту Эльвираға оңайға түскен жоқ. Бұл өңірде қазір боран соғып тұр, жол жүру қауіпті.

– Эльвира Жақсылықова ұлымен екеуі қазір үйлерінде жатыр. Денесіндегі соққының іздері бойынша сот-медициналық сараптамасының қорытындысын күтіп отырмыз. Соңғы кездері құқыққорғау ұйымдары тарапынан біздің партиямыздың Хромтау қаласындағы белсенділеріне қысым басталып еді, енді міне Шұбаршыда да осылай болып отыр. Біздің белсенділеріміз «Алға» газетін ашық таратады, бізге үнпарақтың қажеті не? – дейді тіркелмеген «Алға» партиясы ақтөбелік филиалының жетекшісі Гүлжан Төлемісова.

Мыңдаған үнпарақтарға, оппозициялық партия белсендісіне қатысты жанжал орын алған Шұбаршы кенті – мұсылман диссиденті Азамат Кәрімбаевтің туған жері. «Лаңкестік» үшін 17 жылға сотталған Азамат Кәрімбаевтің өлі денесі Арқалық түрмесінде 2009 жылдың желтоқсан айында табылды. Азамат Кәрімбаев пен «лаңкестік» үшін онымен бірге сотталған бес азаматтың ісі осы жердегі қоғамдық өмірдің ахуалына қандай да бір ықпал етеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG