Accessibility links

Министр Жақсыбеков Ақтөбеде журналистермен жасырынбақ ойнағандай болып қайтты

  • Баян СӘРСЕМБИНА

Қазақстанның қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков (бұрынғы қызметінен - Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің сайтындағы суреті)

Қазақстанның қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков (бұрынғы қызметінен - Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің сайтындағы суреті)

Бейсенбі күні Ақтөбеге келген қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековпен кездесуге шақырылған жергілікті журналистерді әуелі әскери оқу орнының өкілдері есіктен қаратпаса, кейін министр де олардан өзін аулақ ұстады. Тұтас күнді сарсаңмен өткізген тілшілер министрдің бұл қылығынан ештеңе түсіне алмады.

Қазанның1-і күні таңертеңгі сағат 10-нан 40 минут өткенде, Ақтөбеге ҚР қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков жұмыс сапарын бастайды деп мәлім етілді қорғаныс министрлігі баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бұл – жаңа министрдің осы өңірге тұңғыш сапары болғандықтан, жергілікті журналистер таңертеңгілік сағат 10-да Советтер одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтының алдына жиналды. Себебі, министр Ақтаудан ұшып келе салысымен ең әуелі елдегі әскери ұшқыштар даярлайтын жалғыз оқу орнына 2 сағат 15 минут аялдап, ұшқыштарды қалай даярлап жатқанын көзімен көріп, материалдық-техникалық базасының жай-күйімен таныспақшы екен.

Әуе қорғанысы күштері институтына кіреберістегі бақылау бекеті. Ақтөбе, 1 қазан 2009 жыл.

Таңертеңгісін келген бірнеше журналист әскери оқу орнының кіреберісінде тас қамалға тап болдық. Әуелі журналистердің қай басылымнан екенін мұқият тексерген әскерилер министрмен кездесуге тек мемлекеттік ақпарат құралдарының өкілдері ғана кіре алатындығын, ал басқа ақпарат құралдары шақырылмағандығын айтып, осында келген бірнеше журналисті ішке кіргізбей есікті тарс жапты. Аты-жөнін айтпаған жас лейтенант «мемлекеттік ақпарат құралдарын ғана кіргізіңдер» деген бұйрықты кімнен алғанын да айтпады.

Осылайша, қорғаныс министрімен кездесуге келген «Диапазон», «7 арна» жекеменшік телекомпаниялары мен Азаттықтың тілшілері оның келуін күтіп сыртта қалды.

Олар бір сағаттан аса күткенімен министр Жақсыбеков көрінбеді. Оның не себепті кешігіп жатқанын да ешкім ашып айтпады.

Арада тағы жарты сағат өткенде жабық есіктің ар жағынан әскери институты бастығының саяси бөлім жөніндегі орынбасары Ұран Садықов шығып, әлгі жас лейтенанттың қылығы үшін сыртта қалған журналистерден кешірім сұрады.

«Ол білмей қалды. Шақыртылған журналистерді ғана кіргізу керек деп шешкен», – деп ақталмақ болды Ұран Садықов.

Ал осы жиынға мемлекеттік ақпарат құралдарының өкілдерінен басқаларды кіргізбеу жөнінде кімнің бұйрық бергенін сұраған журналистерге жауап берместен Ұран Садықов үн-түнсіз бұрылып кетті.

Әуе қорғанысы күштері әскери институтының басшылығы өздеріне қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтың келуін күтіп тұр. Ақтөбе, 1 қазан 2009 жыл.

Тілшілер болса ұшқыштар институтының ауласында тұрып, қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтың жолын тосып тұра берді. Сағат түскі бір болды. Министр Жақсыбековты кеңсесінде күте-күте шаршаған осы әскери институттың басшылары көшеге шығып тыпыршып тұрды.

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің Астанадан даярлап жолдаған баспасөз баянындағы кесте бойынша, министр сағат 12-ден 20 минут өткенде қала түбіндегі атқыштар бригадасын аралауға, одан кейін әскери госпиталға баруы тиіс еді. Бірақ әлі министрдің қарасы да көрінбейді.

Сөйтсек, Ақтөбеге кешігіп келген министр Жақсыбеков әскери нысандарды аралауды Талғат Бигелдинов атындағы әскери институттан емес, әскери госпитальдан бастапты. Түскі сағат екіден өте министр ақыры әскери институттың қорасына кірді.

Бірақ Әділбек Жақсыбеков таңертеңнен өзін осында күтіп тұрған журналистердің маңына да жуыған жоқ. Өзін ақпарат құралдары өкілдерінен алшақ ұстаған министр әскери институтты аралаған кезде кейбір оқу-жаттығу бөлмелеріне журналистер кіргізілмеді. Институт басшылығы мұны әскери құпияға санады.

Сөйтіп, бұл күні ақтөбелік журналистер әскерилер өздерімен жасырынбақ ойнағандай әсерде қалды. Тілшілер Қазақстанның қарулы күштеріне әскери ұшқыштар даярлайтын оқу орнына өздерінің не үшін шақырылғанын түсінбей қайтты.

Ал министр Әділбек Жақсыбековтың Ақтөбеге не үшін келгені, баспасөз өкілдерінен неліктен бойын аулақ салғаны журналистер үшін жұмбақ болып қалды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG