Accessibility links

Рахат Әлиевтің "Өкіл қайын атасы" интернетте


Рахат Әлиевтің неміс баспасынан шықан "Өкіл қайын ата" кітабының мұқабасы.

Рахат Әлиевтің неміс баспасынан шықан "Өкіл қайын ата" кітабының мұқабасы.

Мамырдың 11-і күні, президент Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата: деректі повесть» кітабы Еуропада ашық саудаға түседі. Алғашқы тиражы неміс тілінде Германияда басылып шыққан кітаптың, бағасы - 29 евро.

КІТАП ОРЫС ЖӘНЕ НЕМІС ТІЛДЕРІНДЕ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Жарыққа шықпай жатып-ақ атышулы еңбекке айналып үлгерген деректі повесть дүйсенбі күні Германия, Швейцария және Австриядағы кітап дүкендерінде ашық түрде сатыла бастайды делініп отыр. Ал әлемдік ғаламтордағы сауда сайттары сөз болып отырған кітапты сатуды бір күн бұрын бастап кетті.

Рахат Әлиевтің «бестселлерін» қазірдің өзінде-ақ неміс, ағылшын, итальян, тіпті жапон тілді интернет сайттары арқылы тапсырыс беріп сатып алуға болады. Кітап 29 евроға бағаланған. Алайда интернеттегі бірқатар сауда көздері деректі повесть үшін одан да жоғары баға сұрап отыр.

«Бұл кітап халықтың миллиардтаған долларын ұрлап, өздерін құлға айналдырған адам туралы» деп жарнамалады кітапты саудаға салған интернет сайттары. Еңбектің мұқабасында, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатты ұқсайтын, тапаншамен нысана көздеп тұрған әскери киімдегі адам бейнеленген.

Ал аутордың өзі болса Қазақстанда «халық жауы» ретінде таныстырылған:

«Доктор Рахат Әлиев беделді саясаткер және сәтті кәсіпкер, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, БҰҰ, ЕҚЫҰ және Венадағы басқа да халықаралық ұйымдардың бұрынғы тұрақты өкілі, сыртқы істер министрінің бұрынғы бірінші орынбасары. Автор өз елінде «мемлекеттің №1 жауы» атанды» деп жазылыпты кітаптың беташарында.

«Өкіл қайын ата» кітабы әуелі неміс тілінде басылып шыққандығы жөнінде Рахат Әлиев интернеттегі жеке сайтында былай деп түсіндіреді:

«Өйткені, Еуропа әлі де болса Қазақстанда шын мәнінде не болып жатқандығын толық көрмей отыр. Біздің елде болып жатқан жағдайлар туралы шынайы ақпарат Еуропада жоқтың қасы. Дәл қазір кітап дүкендерінің сөресінде жатқан «Өкіл қайын ата» кітабы осы ахуалды бұзуы тиіс. Менің кітабымның мұқабасында бейнеленген адам мен оның шынайы бет-бейнесі Еуропада танылуға тұрарлық».

Берлин баспасында неміс тілінде дайындалған «The Godfather-in-law: Eine Dokumentation» кітабы 532 беттен тұрады.

"ОЛ ЖҮРЕКТЕН ЖАЗЫЛМАҒАН ДҮНИЕ ШЫҒАР..."

Қазақстандағы әдебиетші қауым жаңа кітаптың жарық көріп жатқандығы турасында қандайда бір пікір білдіруге асықпай отыр.

«Мен бұл кітапты арнайы алдыруға талпынбаймын. Қолыма түсіп жатса, қарап көруге болады. Деректі кітап жүректен емес, өшпенділікпен жазылған дүние шығар. Сондықтан кітапты оқымай тұрып, ештеме айта алмаймын», - деді жазушы Герольд Бельгер.

Ал, саясаттанушы Досым Сәтпаев болса бұл кітаптың шыққанынан көрі, шығатындығы қызық болғандығын айтып отыр:

- Шын мәнінде, бұл кітаптың мазмұны емес, оның жарыққа шығу фактісінің өзі маңызды секілді. Өйткені, көпшілік Рахат Әлиевтің осы кітабын көп күтті және бұл еңбек не жайында болатындығы туралы болжамдар жасады. Яғни, көпшілігі мұны Рахат Әлиевтің қолындағы көзір, осы арқылы ол билікпен саудаласа алады деп топшылады. Ал жақында ғана оның әкесі Мұхтар Әлиевтің төңірегіндегі оқиғалар осы сөзімізге дәлел болатын сияқты. Яғни, билікпен арадағы келіссөздердің бәрі күйреп, Рахат Әлиев ва-банкке барып отырғандай әсер қалдырады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG