Accessibility links

БТА банк ресейлік банкке айналып, ал Альянс банк «Еуразиялық» болып өзгере ме?


Сбербанктың Мәскеудегі бөлімшелерінің бірі.
Сбербанктың Мәскеудегі бөлімшелерінің бірі.

Бізге белгілі дерек көзінің хабарлауынша, қарызы көп болып жатқан жағдайда БТА банк Ресей Сбербанкіне миллиард долларға сатылуы мүмкін. Ал, Альянс банкті сатып алуға Еуразия банкі қызығушылық танытып отыр.

Өткен сәрсенбіде, сәуірдің 1 күні, Лондонның қор биржасында Альянс банк акцияларының саудасы тоқтатылды. Бұл туралы Лондон қор биржасының ақпаратына сілтеме жасай отырып, 2 сәуірде ҚазТАГ агенттігі хабарлады. Альянс банк ақпанның 2-сіне дейін Қазақстанның жүйе құраушы банктерінің төрттігі санатында болып келген еді.

Альянс банктің үкімет тағайындаған басшылығы құнды қағаздар портфелі «біршама нашарлауы мүмкін» деп тауып, өз активтерінің құнын қайта есептеп шыққысы келетінін хабарлағаннан кейін Ұлыбританияның қаржы реттеушісі сауданы тоқтатқан», - делінеді Қазақстанның қор биржасында таратылған Рейтер агенттігінің хабарламасында.

Альянс банктегі сенімді дерек көзінің Азаттық радиосына берген хабары бойынша, Еуразиялық топтың Еуразиялық банкі Альянс банкті сатып алуға қызығушылық білдірген. Тараптардың алдын ала келісуінше, мәміле орындалған жағдайда Альянс банк акцияларының 25 пайызы мемлекет меншігінде, яғни «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының меншігінде қалатын көрінеді, ал 75 пайызын Еуразия тобы сатып алатын сияқты. Дерек көзінің түсіндіруінше, «Сеймар Альянс» қаржы корпорациясы банк акцияларының 8 пайызын ұстап, әзірге миноритарлы акционер қалпында қалып отыр.

ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, сәуірдің 2-сінде мемлекет атынан «Самұрық-Қазына» қоры «Сеймар Альянс» қаржы корпорациясынан банктің қарапайым акцияларының 76 пайызын әр пакетіне 100 теңгеден сатып алуға ниет білдірген, бірақ «мәміле әлі күнге жасалмаған». Ал, банктің өзіндегі біздің дерек көзіміз анықтағандай, іс жүзінде «Самұрық-Қазына» қоры Альянс банк акцияларының бүкіл 100 пайызын 100 теңгеге сатып алған.

Альянс банктің кредиторлары өте көп, активтері де сондай, сол себепті «Самұрық-қазына» қоры өте көп қаражат жұмсауға мәжбүр болар еді. Бірақ, «Самұрық-Қазына» қоры «Сеймар Альянс» қаржы корпорациясына қатты қысым жасап, бүкіл қызметкерлерімен, дүние-мүлкімен және активтерімен қоса тұтас банкті 100 теңгеге беруге «көндірген».

Альянс банктегі біздің дерек көзіміздің ақпаратына сәйкес, мамырдың 6-сына акционерлердің жалпы жиналысы белгіленген, ол жиналыста директорлар кеңесінің құрамын түгел ауыстыру көзделіп отыр. Және де дерек көзі, «Сеймар Альянс» корпорациясын жалпы жиналысқа қатысу мүмкіндігінен айыру үшін «Самұрық-Қазына» қоры біріншіден, өзінің кепілдерді ұстаушы екендігін, ал екіншіден, өзінде сол «Сеймар Альянс» акцияларының кепіл ретінде тұрғандығын пайдаланып, «өте қитұрқы шарт» даярлап қойғанын хабарлайды.

Демек, «Самұрық-Қазына» қоры «Сеймар Альянс» арқылы дауыс беретін болады, ал корпорацияның өзі өзін жақтап дауыс бере алмайтыны екі бастан түсінікті. Дерек көзіміз айтса айтқандай, бұл — «Самұрық-Қазына»-ның «Сеймар Альянс»-ты дауыс беру құқығынан айырудың «өте қитұрқы айласы». Бірақ, Марғұлан Сейсембаев әзірге Альянс банк директорлары кеңесінің төрағасы болып отыр және директорлар кеңесінде тәуелсіз директор екеу ғана, қалғанының бәрі акционерлердің өкілдері.

Альянс банктегі біздің дерек көзіміздің болжауынша, акционерлердің жалпы жиналысында «Сеймар Альянс» қаржы корпорациясының өкілдері толығымен директорлар кеңесі құрамынан ығыстырылып, негізінен «Самұрық-Қазына» қоры директорларынан тұратын жаңа директорлар кеңесі сайланатын көрінеді.

Азаттық радиосының дерек көзі берген ақпаратқа қарасақ, Еуразиялық топ Альянс банкті шынымен-ақ сатып алуға бейіл. Мұны Еуразиялық банк өкілінің Альянс банк басқармасы төрағасының орынбасары болып үлгеріп, банк құжаттарын қарап, яғни өз аудитін жасап жатқанынан көруге болады.

Банктің өз қызметкерлерінің кейбіреуі Альянс банкті еуразиялықтар сатып алған жағдайда мамырдың 6-сына белгіленген акционерлердің жалпы жиналысы болмайды, өйткені директорлар кеңесінің жаңа мүшелері тапсырыс беріп үлгермейді деп болжайды.

Дәл қазір Альянс банктің барлық бөлімдері мен департаменттерінде оңтайландыру шарасы жүргізілуде. Құрамында 100, ал кейбірінде тіпті 150 адамға дейін жұмыс істейтін бірқатар департаменттердің жетекшілері шығынды азайту үшін олардың санын, мәселен, 70 немесе тиісінше 100 адамға азайтуды ұсынған. Өйткені, Альянс банктегілердің хабарлауынша, қазір банктің табысынан гөрі шығыны көп. Мұнымен қатар екінші жолы да ұсынылып отыр, ол — телефонмен, әсіресе ұялы телефонмен сөйлесуге жұмсалатын шығынды қысқарту, ал қызметкерлерді қалдыру.

Сондай-ақ, сенімді дерек көзінен мәлім болғаны — ресейлік Сбербанк БТА банктің мемлекет иелігіне алынған (ал, бұрынғы басшылықтың мәлімдеуінше, рейдерлік жолмен тартып алынған) акциялары үшін шамамен 1 миллиард доллар ұсынуда, ал БТА банкке шамамен 3 миллиард доллар салып үлгерген «Самұрық-Қазына» қоры ондай сомаға сатуға келісетін емес.
XS
SM
MD
LG