Accessibility links

Алматының Медеу аудандық соты «Алма-Ата инфо» газеті мен оның штаттан тыс тілшісіне қарсы жергілікті кәсіпкердің берген талап арызы бойынша азаматтық сот ісін қарауды бастады. Талапкер газетте былтыр күзде жариялаған өзі туралы мақала үшін редакциядан 100 млн теңге өндіріп беруді соттан сұрап отыр.

52 жастағы талдықорғандық журналист Асхат Бименбетовтың айтуынша, бұған дейін, 1998-2003 жылдар аралығында, Талдықорғанда әртүрлі заңды және жеке тұлғалар оның үстінен жиыны 17 рет сотқа жүгініпті. Олар журналистің жазғандары өздерінің ар-намыстарына тигенін алға тартып, одан моральдық зардап өтемін өндіріп алмақ болған екен.

– Олардың арасында менен 1 млн, 2 млн, 15 млн теңге өндіріп алғысы келгендер болды. Бірақ, бір де біреуі діттегеніне жетпеді, себебі, мені олар сотта жеңе алмады, - дейді ол.

«Алма-Ата инфо» басылымында былтырғы қыркүйек айының 5-і күні орыс тілінде жарық көрген А.Бименбетовтың «Қаржы полициясы ауадан ақша жасауға көмектеседі» атты мақаласында, «KZ SHIELD» заң агенттігі кәсіпорны Ресейдегі «БУКА» жабық акционерлік қоғамы атынан Қазақстан аумағында ауторлық құқықтарды қорғаушы ретінде бірнеше даулы істерге араласқаны баяндалған. Бұл кәсіпорынның Қазақстан жерінде ресейлік компания атынан іс-әрекет жасауының заңдылығына күмән білдірген мақала ауторы оның басшысы Валерий Алефриенконың қазақстандық кәсіпкерлерге қоятын талабына байланысты бірқатар жайттарды саралап, көңілде секем туғызатын сауалдарға жауап іздеген.

Журналист өз мақаласында, ауторлық құқықтың бұзылуын желеу еткен «KZ SHIELD» кәсіпорнының басшысына Алматы облысының кәсіпкерлері 50 мыңнан 200 мың теңге аралығында ақша төлеуге мәжбүр болғандығын жазған. Алматы облыстық қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері бірталай уақыттан бері «KZ SHIELD» кәсіпорны мен оның директорының қызметін пайдаланып келгенін баяндаған Асхат Бименбетов «лауазымды тұлғалардың Алефриенкомен ым-жымы бірге болуы да мүмкін ғой деген күмәнді ой туындайтынын» айтқан.

Журналистің бұл мақаласы ар-ожданына тиетінін алға тартқан кәсіпкер Валерий Алефриенконың биылғы жылы қаңтардың 15-і күні Алматының Медеу аудандық сотына түсірген талап арызы бойынша азаматтық сот ісін қарау наурыздың 3-і күні басталды.

– Мақалада шындыққа жанаспайтын, Валерий Алефриенконың ар-ожданына тиетін сөздер айтылғандықтан, редакциядан аталған мақаланы жоққа шығаруды талап етіп, моральдық өтем ретінде газеттің меншік иесі – «Жұлдыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 100 млн теңге (шамамен 667 мың АҚШ доллары) көлемінде айып өндіріп беруді соттан сұраймыз, – деді талапкердің өкілі Петр Кутняков.

Осы сотқа газет редакциясы мен өз атынан жауапкер ретінде қатысқан Асхат Бименбетов мақалада Валерий Алефриенконың ар-ожданына тиетін сөздер бар дегенмен келіспеді.

"Алма-Ата инфо" газетінің штаттан тыс тілшісі Асхат Бименбетов Медеу аудандық сотында. Алматы, 3 наурыз 2009 ж.
– Мен өз мақаламда оның іс-әрекеттері көңілге күмән туғызатынын жазып, секемді жайттарға қатысты сауал қойдым, соған жауап іздедім. Ондағы сөйлем тіркестері адамның ар-ожданына тиетінін немесе тимейтінін анықтау үшін оған сот-филиологиялық сараптама жасатуды соттан сұрап, өтініш білдіремін, – деді журналист.

Ол сондай-ақ, В.Алефиренкода Ресей елінің азаматтығы бар-жоғын Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігінен сұрату туралы да сотқа өтініш жасады.

Бірақ, азаматтық істі қарап отырған судья Венера Тохтарбаева жауапкердің бұл екі өтінішін кері қақты. Судья, сондай-ақ, талапкер жақтың да бір өтінішін қанағаттандырмай тастады. Петр Кутняков бұған дейін В.Алефриенконың дәл осындай талаппен «Время» газетін Алматының Жетісу аудандық сотында жеңіп шыққанын айтып, сол шешімді алдыруды сұрап өтініш жасаған еді.

Судья В.Тохтарбаева сот ісінде наурыздың 16-сы күнгі сағат 11.30-ға дейін үзіліс жариялады.

Алғашқы тыңдаудан кейін Азаттық радиосы екі тараптың да пікірлерін сұраған еді.

Жанары нашар көретін, 3-ші топтағы мүгедек Асхат Бименбетов өз ісінің әділ екендігіне сенімді:

– Бұл кәсіпкердің іс-әрекетінің Қазақстан заңына сәйкеспейтін тұстарын көрсетіп жазған мақаламның тақырыбы да, ондағы баяндалған жайттар да қаржы полициясына тікелей қатысты. Бірақ, қаржы полициясы мақала бойынша әлі күнге ләм-мим деп ауыз ашпай, жым болып отыр, сірә, олар өздерінің осы уақытқа дейін жөн-жосықсыз әрекеттерінде кемшілік барын жоққа шығара алмайтынын білсе керек. В.Алефиренкоға келсек, мен оның ресейлік кәсіпорынның атынан Қазақстан аумағында жұмыс істеуі заң талабына қайшы екенін, біз Ресейдің бір аймағы емес, тәуелсіз ел екенімізді жаздым. Яғни, ол ауторлық құқықты қорғау қызметін Қазақстан заңдарында белгіленген тәртіппен Әділет министрлігінде тіркеліп, тиісті құжат алып жүргізуі керектігін айттым. Ал ол болса әлі күнге дейін ондай құжаты барын көрсетпей келеді.

Талапкер В.Алефиренконың мүддесін сотта қорғаушы Петр Кутняков Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап беруге құлқы жоқтығын айтып, бас тартты.

Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалына бақылау жүргізумен айналысатын «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева «Алма-Ата инфо» газеті жүз миллиондап айыппұл салынып отырған, билікке ұнамайтын кезекті басылым екендігін айтады.

– Мен бұл іс бойынша журналистің кінәсі бар немесе жоқ деп айта алмаймын. Ал, бірақ, 100 млн теңге деген елдегі кез-келген, ең табысты деген басылым үшін де тым үлкен сома. Яғни, бұл – моральдық зиянның өтеуі емес, осындай әдіс-амалмен газеттің үнін біржолата өшіріп, одан кек алу ниетінен туындаған тәрізді. Қазір өз басынан ең ауыр кезеңді өткізіп, бас редакторы тұтқында жатқан кезде басылымның үстінен 100 млн теңгенің талап-арызын беру – ерсілік дер едім.

Бұған дейін дәл осы Медеу аудандық соты оппозициялық «Тасжарған» газеті мен оның ауторы Алмас Көшербаевтың үстінен парламент депутаты Ромин Мадиновтың берген талап-арызын ішінара қанағатандырып, оларға жиынтық 3 млн теңге салған айыппұл мөлшерін Алматы қалалық соты өткен аптада 10 есеге ұлғайтқан болатын.

«Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов ауруханада емделіп жатқан жерінен биылғы қаңтар айының 6-сы күні тұтқындалып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облыстық департаментінің Тараз қаласындағы тергеу абақтысына жабылған-ды.

Былтыр 21-ші қараша күні «Алма-Ата инфо» апталық газетінде орыс тілінде жарық көрген «Елді кім басқарады – президент пе, әлде ҰҚК ме?» деп аталатын мақалада ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа Жамбыл облыстық департаменті бастығының жолдаған қызмет хаты жарияланған еді.

Осыған байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті Есіргеповке қарсы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 228-ші («Өкiлеттiктердi теріс пайдалану») және 172-ші баптары («Мемлекеттiк құпияларды заңсыз алу, жария ету») бойынша қылмыстық іс қозғап, оны жауапқа тартуда.
XS
SM
MD
LG