Accessibility links

Нөсер салдарынан үйсіз қалған «Шаңырақ» тұрғындарының бір бөлігі баспаналы болды


Алатау ауданында жаңадан салынған «Саялы» ықшамауданында 60 үй пайдалануға берілді. Алматы, 2 шілде 2009 ж.

Алатау ауданында жаңадан салынған «Саялы» ықшамауданында 60 үй пайдалануға берілді. Алматы, 2 шілде 2009 ж.

Бейсенбі күні Алматының Алатау аудандық әкімдігі аумағында баспанасыз 60 отбасына жаңа үйлердің кілті табыс етілді. Жаңа қонысқа енген кейбір тұрғындар үшін жаңа үйдің бағасы – 7 мың доллар да көп ақша.

Биылғы жылы мамыр айының соңында нөсер жауынның салдарынан «Шаңырақ» ықшамауданында 200-ге жуық отбасы баспанасыз қалған еді. Шілденің 2-сі күні Алматы қалалық әкімдігі мен Алатау ауданы әкімшілігі олардың бір бөлігіне «Саялы» деп аталатын жаңа шағын ауданнан салынған жаңа үйлердің кілтін табыс етті.

«62 үй салынды. Біреуінде учаскелік полиция тұрады. Екіншісі жергілікті әкімшілік өкіліне берілді. Қалған 60 үй «Шаңырақ-2» сайында суға батып кеткен үйлердің иелеріне берілді. Үйлер 40 күннің ішінде салынып бітті. Ол үйлерге қазір су, электр желісі тартылып жатыр. Бұлардың барлығы үйдің құны – 7 мың доллардың ішіне кіреді. Газ болады. Бірте-бірте телефон байланысы да болады. Пештерін тұрғындар өздері салады», а – дейді «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің баспасөз хатшысы Махамбет Әбжан.

Баспанасыз қалған отбасылардың бір бөлігі осы күнге дейін туыстарын сағалап кетсе, бір бөлігі далаға құрып алған шатырларда тұрып келген болатын.

«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметов (оң жақта) жаңа қонысқа кірген отбасыны құттықтап тұр. Алматы, 2 шілде 2009 ж.
Солардың бірі Серік Шоқанов енді жаңадан салынған «Саялы» шағын ауданының тұрғыны:

«Бұрынғы үйімнен мүлде ешнәрсе қалмап еді. Бізде ешқандай жиһаз, заттар жоқ. Барлығы сол үйдің астында қалды. Енді бүгін баспаналы болып жатырмыз. Өзімнің 4 балам бар. Екі бөлмелі үй тар болғанымен, әйтеуір мүлде баспанасыз жүргеннен жақсы, әрине. Бірақ, «Саялы» болашақта жақсы аудан болатын сияқты. Мектеп болады дейді. Мешіт те саламыз деп отыр басшылар».

Жаңа тұрғындарға жер телімдері тегін берілгенімен, әрбір үй үшін мемлекетке 7 мың АҚШ долларын төлеуі тиіс болатыны туралы бұған дейін жергілікті әкімшілік өкілдері үйсіз қалған адамдарды ескерткен болатын.

Әйткенмен, осы соманың өзі өздері үшін үлкен ақша екенін айтады бүгін жаңа баспанаға кіріп жатқан Серік Шоқанов:

«7 мың доллар табу мен үшін оңай емес. Қиналасың, бірақ қайтесің енді?! Білмеймін, қалай төлейтінімді. Өзімнің денсаулығым жұмысқа жарамайды. Әйелім ғана жұмыс істейді. Балалардың оқуы, тамағы, киімі, жолы бар дегендей».

Әзірге, үйсіз-күйсіз отбасылардың бір бөлігінің ғана баспанаға қолы жетті. Ал мамыр айындағы жауған нөсер кесірінен «Шаңырақ» ықшамауданындағы сайда су астында қалып қойған отбасылардың барлығын баспанамен қамтамасыз ету үшін әлі осындай 100-ден астам үй тұрғызу керек.

ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, «Саялы» шағын ауданының құрылысы 29 мамырдан басталған. Алматының Алатау ауданының солтүстік-батысында орналасқан бұл шағын ауданның көлемі 81 га жерді алып жатыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG