Accessibility links

Оппозициялық саясаткерлердің баспасөз жиыны үстінде жанжал шықты


Гүлбаһрам Жүніс журналист Шәріп Құрақбайды жағадан алды. Алматы, 27 қазан 2010 жыл.

Гүлбаһрам Жүніс журналист Шәріп Құрақбайды жағадан алды. Алматы, 27 қазан 2010 жыл.

Алматыда оппозициялық «Халық билігі» блогының өткізген баспасөз жиынына келген бір топ адам «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловқа қарсы жанжал бастап, ши шығарды. Олар сөзіне «қазақ ұлтын тек қазақ басқара алады» дегенді арқау етті.


Сәрсенбі күні сағат 12-де Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында оппозициялық саясаткерлер Серікболсын Әбділдин, Ғазиз Алдамжаров және Владимир Козлов өткізбек болған баспасөз жиыны кілт үзілді. Оған осында келген бір топ адамның Владимир Козловқа қарсы жанжал бастап, ши шығаруы себеп болды.

АЙҚАЙ-ШУҒА ҰЛАСҚАН ЖИЫН

Ұлттық баспасөз клубында Қазақстанның Коммунистік партиясы мен тіркелмеген «Алға» партиясы «Назарбаевтың орнында кім? Қазақстанның транзиттік президенті және Қырғызстан тәжірибесі» атты баспасөз жиыны өтетіні жайлы ақпарат құралдарына «Халық билігі» саяси блогының атынан мәлімдеме таратып та үлгерген болатын.

Жиында алғаш сөз алған Серікболсын Әбділдин Қазақстандағы саяси хал-ахуалдың жағдайын баяндап, сөз соңында келесі президенттік сайлауға түспекші боп отырған әріптесі Владимир Козловтың ниетін қолдайтынын айтып сөзін бітіре бергені сол еді, залдың екінші жағынан өздерін «Желтоқсан-86» республикалық қозғалысынанбыз» деп атаған топ өкілдері «қазақша сөйлеңіз» деп әуелі Серікболсын Әбділдинді қыспаққа алып, сәлден соң Владимир Козловқа шүйлікті. «Козлов, президенттік сайлауға қатысу ниетінен қайтпайтын болсаң...» деп әлгілердің біреуі төрде отырған «Алға» партиясының жетекшісіне жұмыртқа лақтырды.

Мұнан кейін залдағылар екіге бөлініп қалды. Залдың бір жағында әлгі шу шығарған топ «билік ауысса ауыссын, бірақ елде кез-келген президент, депутат қазақша білуі тиіс» деп шуласа, залдың екінші жағында бұл мәселеге қатысты Владимир Козлов өз пікірін айтып
Оппозициялық саясаткерлер Владимир Козлов пен Серікболсын Әбділдин (оң жақта). Алматы, 27 қазан 2010 жыл.
жатты.

– Әр мемлекеттің өз басшысы болуға тиісті. Біз мемлекет басшысы қазақ болсын дегенбіз. 1986 жылы сол мәселемен шыққанбыз. Сондықтан әр мемлекетте басқа ұлт өкілдері бас көтеріп, мынадай әрекет жасау бұл үлкен, ұлтаралық арандату! – деді Козловқа қарсы дауласқандардың бірі Гүлбаһрам Жүніс.

Ал Владимир Козлов болса, бүгінгі жиынға келіп, шатақ шығарғандарды «Конституцияны қорлады» деп айыптады.

– Көптің көзінше ұлттық белгілері бойынша ар-намысқа тиетін сөздер айтты. Қазақстанда ұлттардың теңдігі жоқ екенін, ұлты басқа адамның президент бола алмайтынын айтып, осылайша Конституцияны қорлады. Қазіргі болған жайт бұл тек бұзақылық қана емес - ұлтаралық жанжалды қоздыру. Өзім құрметтейтін «Желтоқсан» қозғалысының атын жамылған адамдар өкілеттілігін асырып, бүкіл қазақ халқының атынан сөйлейді. Өз басым Қазақстанда туып өстім. Ата-бабам да осында туған. Әйелім қазақ. Мен қазақ тілін президент болғым келгені үшін үйреніп жатқан жоқпын, этикалық қажеттіліктен, құрметтен, өзімнің қазақ достарыммен сөйлесу үшін оқып жатырмын, – деді Владимир Козлов.

ҚОСАҚ АРАСЫНДА ЖУРНАЛИСКЕ ҚОЛ ЖҰМСАЛДЫ

Айқай-шудың екінші бөлігі Ұлттық баспасөз клубы ғимаратының алдында жалғасты. Гүлбаһрам Жүніс олардың іс-қылығын айыптаған
Талғат Рысқұлбеков пен Гүлбаһрам Жүніс (оң жақта) баспасөз жиынында оппозициялық саясаткерлерге шүйлікті. Алматы, 27 қазан 2010 жыл.
журналист Шәріп Құрақбайды жағадан алып, жұдырық жұмсады. Көп ұзамай екеуін де ол жерден полиция қызметкерлері алып әкетті.

Ал бұл уақытта өзін Ғалым Оспанов деп таныстырған бір азамат осы маңға жиналып қалған ақпарат құралдары өкілдеріне сұқбат беріп жатты.

– Мен мұнда бір ғана мақсатпен келдім – Козловқа сұрақ қою үшін. Тіпті саясаттан мүлдем алшақ жатқан әйелім «Козловтың мұнысы негізгі ұлттың намысына тигендік емес пе?» деп сұрақ қояды. Бұл қазаққа деген сенімсіздіктің белгісі ме? Онда солай айтсын, – деп бұл адам «мемлекет басшысы тек қазақ болуы тиіс» деген ұстанымын дәлелдеуге тырысып бақты.

Қазанның 22-сі күні Владимир Козлов Қазақстанда келесі өтетін президенттік сайлауға үміткер ретінде түсетінін ақпарат құралдары арқылы ресми мәлімдеген болатын.

Ұлттық баспасөз клубы ғимаратының алдындағы жанжал туралы видеоны қараңыз:

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG