Accessibility links

Анна Кузько: «Өліп кетсем - отбасым қиындықтан құтылар деп ойладым»


Анна Кузько Алматыдағы №12 ауруханада жатыр. 24 қыркүйек 2009 жыл.

Анна Кузько Алматыдағы №12 ауруханада жатыр. 24 қыркүйек 2009 жыл.

Альянс банктен 500 мың долларға жуық несие алған Анна Кузько айына 4800 доллар төлеп тұруы тиіс екен. Қарызын қайтара алмай тығырыққа тірелгенде, аутокөлігімен көпірге соғылып өлмекші болады. Тәуекелге бел буған сәтте үш жасар баласы есіне түсіп кетіп, көліктің тежегішін басып үлгерген. Қазір ол екі аяғы мен тоғыз қабырғасы сынып, ауруханада жатыр.


ШЕТІН ҚАДАМ


Анна Кузьконың отбасында 8 адам бар. Оның айтуына қарағанда, қазіргі уақытта бәрі жұмыссыз. Күйеуінің айлық табысы 60 мың теңге.

Анна 2007 жылы Альянс банктен несие алған уақытта екі баспанасын бірдей кепілдікке қойғанын айтады. Ол отбасын жұмылдырып, шағын кафе ашқанымен дағдарыс салдарынан шаруаларын дөңгелетіп әкете алмаған.

Қаржылық тығырыққа тірелгеннен бастап, банкпен жүргізілген келіссөздер ешқандай нәтиже бере қоймапты. Әбден амалы таусылғанда Анна Кузько өзін құрбандыққа шалса, бұл мәселе шешімін табады деп үміттенгендіктен, осындай шетін қадамға барған.

- Банктен үнемі телефон шалады. Олардан бір жыл төлемей тұруға рұқсат алдым. Шағын бизнеспен айналысып жүрген соң қайтаруға мүмкіндік болар деп ойладым. Жылжымайтын мүліктің бағасы да түсіп кетті. Банктен қоңырау шалған сайын әжемнің жүрегі ұстап қалып, жедел жәрдем шақырамыз. Банкке хабарласқанда, айына 200 доллар төлеп тұрайық десек, сендердің несиелеріңнің көлемімен ең кемінде 800 доллар төлеу керек дейді. Сөйтіп, Альянс Банк ешқандай мүмкіндік бермей қойды, - дейді Анна Кузько.

Сонымен қатар ол «Халыққа баспана қалдырайық» республикалық қоғамдық қозғалысына да несие мәселесін шешуге көмегі тиер деген мақсатпен мүшелікке өткенін айтады. Алайда қозғалыс мүшелері бір нәтижеге қол жеткізе алмады дейді ол.

«Халыққа баспана қалдырайық» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы Есенбек Өктешбаев ипотекалық несие алушылардың мәселесіне байланысты билік өкілдерімен кездескенін айтады.

- Павлодар қаласында да ипотекалық несие алушы банктен жасалған қысымның салдарынан асылып өлген. Күн өткен сайын бұл мәселе өршіп кетуі мүмкін. Соның алдын алу үшін жария қылып отырмыз. Астанаға барып мәжіліс депутаттарымен және «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының өкілдерімен өткен кездесуде осы мәселелер жөнінде сөйлескен болатынбыз, - дейді Е.Өктешбаев.

ТАБЫСЫ ЖОҚ АДАМҒА ДА НЕСИЕ БЕРГЕН


«Халыққа баспана қалдырайық» республикалық қоғамдық қозғалысының Шымкенттен келген өкілі Сәуле Әбдірайымова басқа өңірлерде де банктен алған қарызын өтей алмағандықтан, өзіне-өзі қол жұмсаған адамдар тіркеліп жатқанын айтады. Оның айтуына қарағанда, банктер жұиыс істей алмайтын, табысы жоқ мүгедек жанға да несие берген.

- Қолымдағы құжатта көрсетілгендей, Сыпатаев Әли деген азамат денсаулығына байланысты сотта куәлік ете алмайды. Өйткені, оның денсаулығы қалпына келмейтіні туралы 1997 жылы анықтама берілген. 2006 жылы банк соған қарамастан оған несие берген. Ол адам отбасына айтпастан құжаттарын банкке апарып 2 миллион теңгенің ( шамамен 13 мың доллар) үстінде ақша алған. Әйелі Шырымбетова Сырғагүл үйдің банкте кепілдікке қойылғанын білген уақытта сотқа арызданған. Сот істі әйелдің пайдасына шешіп бергенімен, банк несиені төлеуді талап етіп отыр.

«БАНКТЕН КЛИЕНТТЕРІНЕ ҚЫСЫМ ЖАСАЛМАЙДЫ»

Осы мәселеге орай біз Альянс банк акционерлік қоғамының баспасөз хатшысы Әсел Ахметовамен хабарласқанымызда, ол Азаттыққа былай деп түсініктеме берді.

- Егер біздің банктен несие алған адам болса, оған қанша рет телефон соғылғаны тексеріледі. Біздің қызметкерлер қысым жасамайды. Олар тек алдын ала айтады. Егер іс коллекторлық компанияларға кетсе, олардың жұмысын өздеріңіз білесіздер... Қазір біздің банк сыртқы қарыздарын қайта құрылымдаудан өткізіп жатыр. Банк қарызының 70 пайызы кейін шегеріліп отыр. Нақты құжаттарға қол қойылғаннан кейін қанша пайызы кешірілгені белгілі болады.

Анна Кузько 2005 жылы аталған банктен аутокөлік сатып алу үшін 10 000 доллар қаржыны бес жыл мерзімге алған екен. Ол осы алғашқы алған несиесін банкке 7 айда қайтарып берген.

Сонымен қатар ол «Халыққа баспана қалдырайық» республикалық қоғамдық қозғалысына тіркелген 46 адамның Альянс банктен алған қарызы 5 миллион долларды құрап отыр дейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG