Accessibility links

Жер дауы Бақай тұрғындарын екіге жарды


Бақайдағы жер дауына байланысты баспасөз жиынынан сурет. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл.

Бақайдағы жер дауына байланысты баспасөз жиынынан сурет. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл.

Алматыдағы Бақай ықшам ауданындағы жер дауы тұрғындарды екіге бөлді. Бақайда бұрыннан тұратындар кейінгі жылдары қоныстанғандарға шенеуніктер жерді «сыбайластықпен заңсыз берген» десе, олар бұларға «көре алмайды» деген мін тағып отыр.


ДАУДЫҢ ТӨРКІНІ


Тамыздың 3-і күні Алматыда баспасөз құралдары өкілдерін жинаған Алматыдағы Бақай ықшам ауданының бір топ тұрғыны қаншама жылдан бері өздерінің әлеуметтік проблемаларын шеше алмай отырған Түркісіб аудандық әкімшілігі мен қаланың жер қатынастары басқармасы шенеуніктерін сынға алды.

Олардың айтуынша, 1997-2005 жылдар аралығында Бақайда тұрақты тұрып келген 194 отбасы 10 жыл бойы өздері тұрып жатқан жер
Бақай ықшам ауданы жергілікті өзін өзі басқару комитетінің мүшесі Жанар Жүнісова. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл.
телімдерін заңдастыру мақсатында аудан, қала және облыс әкімшілігіне, Қазақстан премьер-министрі мен президент әкімшілігіне дейін хат жазған. Алайда олардың ешқайсысынан қайран болмады, тек қана сырғытпа жауаптар келеді дейді наразы тұрғындар.

– 2007 жылы көбіміз жерді заңдастыруға құжаттарымызды тапсырғанымызбен бізге рұқсат берілген жоқ. Бұл заңсыз деп санаймыз. Себебі, біз пайдаланып отырған бұл жерлерге 2004 жылы Алматы қаласы әкімшілігі жекеменшік тұрғын үй құрылысын салуға рұқсат берген. Осылайша Бақай тұрғындарының құжаттарын заңдастырмау – түсініксіз әрі сыбайлас жемқорлықты қалыптастыруға ыңғайлы жайт деп білеміз. Соңғы уақыттары отыздан аса отбасы сотқа шағымданды. Сот «тұрғын үйлерді тізімдеп, оларға нөмер беріп, баспананы арыз берушілердің атынан тіркеп заңдастыру қажет» деген шешім шығарғанына қарамастан, Түркісіб аудандық әкімшілігі мен Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы бұл шешімді орындамай отыр, – дейді Бақай ықшам ауданы жергілікті өзін өзі басқару комитетінің мүшесі Жанар Жүнісова.

«БҰРЫНҒЫ» ЖӘНЕ «КЕЙІНГІ» ТҰРҒЫНДАР

Қазіргі кезде Бақай тұрғындары өз арасында «бұрынғы» және «кейінгі» болып екіге бөлініп алған. Жер телімінен шыққан дау бұл екі топты өзара дүрдараз етіп қойған. Ара-тұра бұл дау тіпті өршіп кетеді. Қазір оған себеп болып отырған нәрсе – жер учаскелерін кейіннен сатып алғандардың, яғни «кейінгі» бақайлықтардың жерлерін заңдастырып алуы.

Бұған «заңсыз әрекеттерге барған» Түркісіб аудандық әкімшілігі мен Алматы қалалық жер қатынастары басқармасындағы бірқатар шенеуніктері кінәлі дейді Бақайда бұрыннан тұратындар. Соның кесірінен қазір тұрғындар арасында әлеуметтік қақтығыс шығып кетуі әбден мүмкін деп ескертеді олар.

– Осы қыста Түркісіб ауданының әкімі бізге Бақайда тұрақты тұрып жатыр деген 319 адамның тізімін көрсетті. Бізде мұнша адам тұрмайтындығын айтқанымызда ол өзіне бұны «тізімдеу кезінде ынталы топ алып келіп бергендігін» айтты. Шынтуайтына келгенде, бұл
Бақай ықшам ауданы жергілікті өзін өзі басқару комитетінің мүшесі Зәуре Мұсабекова. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл.
тізімнің жартысы бар да, жартысы жоқ. «Ынталы топ» деп отырғаны Албанбаева Жұмагүл, Венера Исмағұлова және Имашев Талғат деген үш адамнан тұратын топ, – дейді Бақай ықшам ауданы жергілікті өзін өзі басқару комитетінің мүшесі Зәуре Мұсабекова.

Оның сөзінше, қағазда жазылғандар мен Бақайда нақты тұрып жатқандарды анықтау мақсатында Алматы қаласы әкімшілігімен бірлесіп құрылған арнайы комиссия тексеру өткізген.

– Тексеру барысында бір үйде үш отбасы тұратындығы және барлығында мемлекеттік акттің бар екендігі анықталды, – дейді Зәуре Мұсабекова.

«ОЛАРМЕН ҚҰҚЫҒЫМЫЗ ТЕҢ»

Сейсенбі күні Бақайдың «бұрынғы» тұрғындары Алматыда өткізген баспасөз жиынына «кейінгі» тұрғындар да келген еді. Қолдарына «Бақайдан қолдарыңды тартыңдар!», «Өз жерлерімізді заңдастыруға мүмкіндік беріңіз» деген мазмұндағы жазулар ұстап келген олар жиын кезінде бұл дауға қатысты өз уәждерін айтумен болды. Алайда екі тарап ортақ мәмілеге келе алмады.

Байқайға кейіннен қоныстанған тұрғындар өздерінің құқықтары бұрынғы тұрғындармен тең екендігін алға тартты.

– Олар да біз секілді жерді заңсыз басып алып үй салғандар. Олар да біз сияқты сол учаскелерін заңдастырумен жүргендер. Сондықтан
Бақай ықшам ауданы тұрғыны Жұмагүл Албанбаева. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл.
біздің құқығымыз тең. Ал дау шығарып жүргендердікі тек көре алмаушылық қана, – дейді кейінгі тұрғындардың бірі Жұмагүл Албанбаева.

Өз айтуынша, ол 2005 жылы бес сотық жер телімі үшін 13 мың теңге ақша берген екен. Бірақ құжаттарды жасап беремін деп ақша алып кеткен адам ақыр соңында алаяқ болып шықты дейді Жұмагүл.

– Біздің барлығымыз алданып қалдық. Бізге иесі бар жерлерді сатқан болып шықты. Дегенмен бұрынғы иелерінде 12 сотықтан жер бар. Ал енді тұрғындар саны өсіп барлығына жерді үлестіру мақсатында маған бес, кейбіреулерге төрт, енді біреулерге 3,9 сотық жерден беріліп, заңдастырып жатыр. Ал бұлар болса әлгіндей үлкен жерін бөлгісі келмей отырғандар, – дейді Жұмагүл Албанбаева.

Алғашқы салған баспанасы 2006 жылы Бақайда заңсыз тұрғызылған деп танылған үйлер күрелгенде, трактордың шынжыр табанында тапталып қалған соң Жұмагүл баласы мен інісінің басын қосып, тағы баспана тұрғызған. Ол өз баспанасы үшін көппен бірге күрескендігін айтып отыр.

– Мен соңғы 5 жыл бойы Бақайда тұрдым. 2006 жылы билік өкілдері келгенде біз де тұрғындарды жақтап, өз баспанамыз үшін күрестік. Сол кезде үйімізді күреп кеткенде келінім уақытынан ерте босанып қалды. Ал қызым наразылық білдіріп, аштық жариялады, – дейді Жұмагүл Албанбаева.

«ЖҰРТ НАЗАРЫН БАСҚАҒА БҰРУДЫҢ АМАЛЫ»

Тамыздың 2-і күні Алматы қаласы Түркісіб ауданы әкімшілігі ғимаратының алдында Бақайдың «кейінгі» тұрғындары жиналып, өздерінің ісін саясиландырмауды талап етіп наразылық шарасын ұйымдастырды.

Олар Бақайда бұрыннан тұрып келе жатқан тұрғындарға көмектескен болып, өзіне саяси ұпай жинап жатыр деп «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшесі Әмірбек Тоғысовты кінәлады.

Алайда Әмірбек Тоғысов өз «Азат» партиясының мүшесі ғана емес, сонымен бірге Алматы қаласының әлеуметтік мәселелерді шешу
«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшесі Әмірбек Тоғысов. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл.
жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі екендігін алға тартты.

– Бұл мәселеде бірқатар шенеуніктердің сыбайласқан жемқорлыққа қатысының болуы мүмкін, сондықтан билік қоғам назарын басқаға – оппозицияға аударуды жөн көріп отыр, – дейді Әмірбек Тоғысов.

Бұл жайтқа қатысты Түркісіб ауданы әкімшілігінен қандай да бір жауап алу мүмкін болмады. Бақай ісіне жауапты әкімнің орынбасары Әділ Ілияс жиналыстан босамай, Азаттық радиосының сауалына жауап беруге уақыт таппады.

Ал Алматыдағы жиыннан тараған бақайлықтардың әрқайсысы өздерінің баспансы үшін күресті тоқтатпайтындығын айтып тарасты.

Бұдан бұрын қала әкімшілігі оларды біріктіру мақсатында әрқайсысына теңдей етіп төрт сотық жерден бөліп беру туралы ұсыныс жасаған еді, әйткенмен ол ұсыныс елді мекендегі әлеуметтік ахуалды жақсарта алмады.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG