Accessibility links

Коммунистерден талап-хатты қабылдаған Алматы әкімдігінің шенеунігі журналистерден ат-тонын ала қашты


Амантай Ахетовтен талап хатты қабылдап алуға шыққан қала әкімдігінің шенеунігі журналистерге аты-жөнін айтудан бас тартты. Алматы, 5 наурыз 2009 ж.

Амантай Ахетовтен талап хатты қабылдап алуға шыққан қала әкімдігінің шенеунігі журналистерге аты-жөнін айтудан бас тартты. Алматы, 5 наурыз 2009 ж.

Бейсенбі күні Қазақстан компартиясы белсенділерінің шағын тобы Алматы қаласы әкімінің кеңсесіне талап-хат тапсыруға келді. Ал, хатты қабылдап алуға шыққан шенеуніктің ғимараттан шығуынан кіруі тез болды.

Таңертеңгі сағат 11-ге қарай Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке талап-хатпен келген Коммунистік партияның 3 белсендісі ғимаратқа кіре алмады. Есік көзіндегі полиция қызметкері олардың қандай мәселемен келгенін білген соң, оны іштегі басшыларға жеткізетінін айтып, коммунистерге сыртта күте тұруды ұсынды.

Осы сәтті пайдаланып Азаттық тілшісі, келген үшеудің бірі - Компартияның Алматы қалалық комитетінің бірінші хатшысы Амантай Ахетовтен әкімге қандай талаппен келгендерін сұрады.

– Біз мұнда «Нұр Отан» партиясының елдегі барлық партиялар мен қозғалыстарды дағдарыс кезінде митингтер мен пикеттер өткізуге мораторий жариялауға шақырған үндеуіне байланысты өз ұстанымымызды айтуға келдік. Біз билік партиясына әлгіндей үндеуді басқаша мазмұнда – нан, сүт, ет, бензин секілді өзімізде өндірілетін азық-түлік пен өзгедей қызмет түрлерінің бағасына мораторий жариялауға шақырып елдегі барлық олигархтарға, холдингтер мен алпауыт компаниялардың басшыларына жолдауды ұсынамыз. Егер билік шынымен де қарапайым халықпен бірге болса, онда өзінің партиясымен бірге осы мәселені бақылауына алуы тиіс, - деп жауап берді А.Ахетов.

Коммунистер билікке талапты жазбаша петиция түрінде тапсыруға мәжбүрліктен барғандарын айтады.

– Биылғы ақпанның 23-і күні Қазақстан Коммунистік партиясының аймақтардағы барлық филиалдары митинг өткізуге рұқсат сұрап жергілікті атқарушы органдарға өтініштер тапсырғанымен оларға жиын өткізуге рұқсат берілмеді, – деді Амантай Ахетов.

Коммунистердің Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке жазған үндеуінде былай делінген:

"Біз қала әкімінен әр тоқсан сайын тұрғындар алдында экономикалық дағдарысқа қарсы бағытталған, халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау, жаңадан жұмыс орындарын ашу және елдің әл-аухатын түзеу үшін атқарылып жатқан нақты іс-шаралар туралы есеп беріп отыруын талап етеміз".

Көп ұзамай Алматы әкімінің кеңсесінен талап хатты қабылдап алуға шыққан шенеунік бұл жерде оппозициялық партия өкілдері жалғыз емес, диктофон ұстап, видео және фотокамера асынған 6-7 журналистің тұрғанын жақтырмай, А.Ахетовке дүрсе қоя берді.

«Бұларың не? Мына журналистерді неге ертіп әкелгенсіңдер шулатып? Тыныштықты бұзғыларың келе ме?», – деген әлгі шенеунік Ахетовты қолтықтан алып, асығыс-үсігіс кеңсенің есігіне қарай жетектей жөнелді.

Алғашында абдырап қалған журналистер жалма-жан шенеунікке ілесе ұмтылып, оған сұрақтар қоя бастады:

– Өзіңіздің аты-жөніңізді айтыңызшы? Кім болып істейсіз? Бұл талап-хатқа жауап қашан болады?

Бірдеңені бүлдіріп қойған баладай, жүзін камерадан ала қашқан шенеуніктің жауабы қысқа, дөрекілеу шықты:

– Кетіңдер, мен ешқандай сұраққа жауап бермеймін, тайғанаңдар!

А.Ахетовпен бірге кеңсеге енген шенеуніктің соңынан ішке кірмек болған журналистердің жолын тағы да полиция бөгеді. Амантай Ахетов та кеңседе көп болған жоқ – бес минутқа жетпейтін уақытта қайта шықты. Енді журналистер одан әлгі адамның кім екендігін, талап-хат кімге тапсырылғанын сұрады.

– Ол кісі талап-хатты менен жылдам қабылдап алды да, өзіне кетті. Мен де есіктің ішкі жағынан кері қайттым. Ол маған өз аты-жөнін тез-тез айтып еді, есімде қалмапты. Қателеспесем, ол өзін Алматы әкімі аппаратының ішкі саясат департаментінде бөлім меңгерушісімін деп таныстырды ғой деймін, – деп жауап қатты А.Ахетов.

Заң бойынша, әкім олардың хатына жауапты енді 10 күннің ішінде беруі тиіс.

Сөйтіп, коммунистердің Алматы әкіміне талап-хат тапсыру жорығы осымен аяқталып, олар лезде тарап кетті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG