Accessibility links

«Халыққа баспана қалдырайық» қозғалысының басшыларына айыппұл салынды


Алматы қалалық ауданаралық экономикалық әкімшілік соты. 13 наурыз 2009 ж.
Алматы қалалық ауданаралық экономикалық әкімшілік соты. 13 наурыз 2009 ж.

Наурыздың 13-інде Алматының әкімшілік соты үлескерлер қозғалысының мүшелері Эльмира Ысқақова мен Николай Комаровқа рұқсат етілмеген пикет ұйымдастырған деген негізбен айыппұл салды. Ал қозғалыс өкілдері бар болғаны петиция тапсыруға барғандарын айтып, сот шешімімен келіспей отыр.

Медеу аудандық ішкі істер департаментінің шағымы бойынша қозғалған әкімшілік істі судья А. Қоразбаева қарады. Сот «Халыққа баспана қалдырайық» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Эльмира Ысқақова мен оның орынбасары Николай Комаровты әкімшілік заң талаптарын бұзды деп тапты.

Олар наурыздың 11-і күні «Стресті активтер қорының» Алматыдағы ғимаратының алдында рұқсат етілмеген пикет ұйымдастырып, ҚР Әкімшілік кодексінің 373-бабы негізінде, бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, тосқауылдар мен демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзудiң тәртiбi туралы заңдарды бұзғаны үшін айыпты деген қорытындыға келген сот, әрқайсысына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салуға шешім шығарды.

Алайда қоғамдық бірлестік өкілдері стресті активтер қорына бар болғаны петиция тапсыру үшін барғандығын алға тартып, сот шешімімен келіспейтіндіктерін мәлімдеді.

Сотта қоғамдық бірлестік өкілдерінің мүддесін қорғаған заңгер Денис Әлімбеков әкімшілік соттың бұл шешімін заңға сәйкес емес дейді:

Заңгер Денис Әлімбеков. Алматы, 13 наурыз 2009 ж.
– Ішкі істер органдарының сотта көрсеткен айғақтар жинағы заңға қайшы келеді. Дәлірек айтқанда, ҚР-ның «Бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер туралы» заңының 8-ші бабы негізінде, әкімшіліктің рұқсаты болмаған жағдайда, атқарушы билік өкілдері немесе прокуратура жиналған топқа заң бұзушылық туралы ескертуі керек. Бірақ, сотта келтірілген айғақтар мен куәгерлердің жауаптарында, заңда көрсетілген осындай әрекеттің болғандығы дәлелденген жоқ. Ал, заң бойынша, жиналған топ ескертулерге құлақ аспаған жағдайда ғана ішкі істер органдарына шағымдануы тиіс. Сот барысында ішкі істер органдарының өкілдері әкімшілік істі өз бастамаларымен қозғағандығын мәлімдеп отыр.

Бұдан бөлек Денис Әлімбеков наурыздың 11-інде «Стресті активтер қорының» Алматыдағы ғимаратының алдына жиналған отыз шақты адамның ішінде дәл Э.Ысқақова мен Н.Комаровтың сотта «жиынды ұйымдастырушылар» ретінде аталуын заңмен түсіндіре алмайтындығын, сондай-ақ сот шешімінің әділдігіне күмән келтіретіндігін айтты:

– Сот жергілікті заңдар мен халықаралық ережелерге қайшы шешім шығарды. Біз міндетті түрде бұл шешімге қарсы шағым түсіреміз.

Ал «Халыққа баспана қалдырайық» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Эльмира Ысқақова болса, сәрсенбі күнгі жиынды «пикет» деп атауға келмейтіндігін, онда ипотекалық борышкерлер тобы «Стресті активтер қорының» Алматыдағы ғимаратының алдына петиция тапсыру үшін жиналғандығын мәлімдеп отыр.

– Сот шешімімен келіспеймін. Бұл пикет емес. Оның үстіне, қор басшыларымен кездесе де алмадық. Енді біз сотта «пикет ұйымдастырған» болып тұрмыз. Жұмыс жоқ болған соң айыппұл төлейтін ақша да жоқ, – деді бірлестік төрайымы.

Сондай-ақ, ол соңғы уақыттары билік тарапынан қоғамдық бірлестік өкілдеріне қысымның көбейгендігін, соған қарамастан, өз мақсаттарына жеткенше күресетіндігін білдірді.

– Аштық акциясын тоқтату туралы талаптарына біз келіспеген соң билік осындай әрекеттерге көшті деп ойлаймын. Күні кеше ғана Шымкент қаласында қоғамдық бірлестік өкілдері аштық акциясын бастап еді, прокуратура келіп банкке кепілде тұрған пәтерден халықты қуып шықты. Біз аяғына дейін күресеміз. Өз баспанамызды ешкімге бермейміз, – деді ол.

Айта кетерлік жайт, Эльмира Ысқақова, «Халыққа баспана қалдырайық» қоғамдық бірлестігінiң төрайымы ретінде, осымен екінші мәрте әкімшілік жауапқа тартылып отыр. Бұған дейін Алматы қалалық ауданаралық экономикалық әкімшілік соты 2008 жылы желтоқсан айында Ұлттық банктің ғимараты алдында рұқсат етілмеген митингті ұйымдастырды деген айыппен бірлестік жетекшісіне әкімшілік ескерту жасаған еді.

Екінші деңгейлі банктерден ипотекалық несие алған борышкерлер тобы, дағдарысқа байланысты банктермен арадағы келісімшарттарды қайта қарауды, стресті активтер қоры есебінен ипотекалық проблемалық несиені сатып алу процесін қолға алуды үкіметтен талап етіп, «Халыққа баспана қалдырайық» қоғамдық бірлестігін 2008 жылғы шілде айында құрған болатын.

Бірлестік өкілдерінің мәліметі бойынша, қазіргі күні республика бойынша қозғалыстың 10 мыңға жуық мүшесі бар.
XS
SM
MD
LG