Accessibility links

Азаптауға қарсы шара өткізгендер полицияға «Азаптауға жол жоқ!» кітапшасын тапсырды


«Ар.Рух.Хақ» қорының жетекшісі Бақытжан Төреғожина азаптауға қарсы акция кезінде. Алматы, 4 ақпан 2010 жыл.
«Ар.Рух.Хақ» қорының жетекшісі Бақытжан Төреғожина азаптауға қарсы акция кезінде. Алматы, 4 ақпан 2010 жыл.

Алматыда «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымының өкілдері азаптауға қарсы халықаралық күнді бейбіт шарамен атап өтті. Оны өткізгендер осы шараны басынан аяғына дейін жіті қадағалаған полиция қызметкерлеріне «Азаптауға жол жоқ!» деген кітапша тапсырды.


АЗАПТАУ ҚҰРАЛДАРЫ


Ақпанның 4-күні, ауа райының қолайсыз болғанына қарамастан, Алматыдағы «Қарағай саябағына» жиналған «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымының өкілдері азаптауға қарсы арнайы акция өткізді.

Адамды қинап, азаптаудың қатігез түрлері Қазақстанның жазалау институттарында әлі де кездеседі деген ұйым өкілдері, бұл мәселені қоғам болып шешу керектігін айтты.

– Біздің акцияның негізгі мақсаты – қоғамды ақпараттандыру. Сол себепті біз бүгін біздің полицейлер азаптау кезінде жиі қолданатын
«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымының белсендісі Жанар Қасымбекова: «Адамды азаптайтын құралдың бірі - кісен». Алматы, 4 ақпан 2010 жыл.
құрылғыларды арнайы дайындап әкелдік. Өкінішке қарай, мұндай тәсілдер әлі күнге дейін бар. Бұл – халықаралық құқыққорғаушы «Эмнести Интернешнл» ұйымы мойындаған даусыз шындық, – деді «Ар.Рух.Хақ» қорының жетекшісі Бақытжан Төреғожина.

Адамзат жадында қорқынышты түстей қалған жазалаудың сұмдық түрлері, қор өкілдерінің айтуынша, күні бүгінге дейін сол күйінде қалған. Адамды қинаудың небір түрлерін меңгерген жабық мекеме қызметкерлері өз мақсатына жету үшін үтік, ине, арқан, кісен, целлофан, бокс қолғаптары сияқты заттарды пайдаланады, дейді қоғамдық ұйым өкілдері.

– Алматыдағы «Шаңырақ» оқиғасы кезінде 25 адам ішкі істер басқармасының қамауында отырды. Дәл сол кезде олар өздерін қинаған кезде тырнақтарының көбесіне ине сұғу сияқты тәсілдердің қолданылғандаығын айтты.

Бұл өте кеңінен таралған әдіс. Міне, кісен. Бұл қылмыскерлерді ұстау үшін ғана қолданылмайды, сонымен қатар ұсталған адамдарды осы кісенмен батареяға байлап, оларға тамақ бермей, аш ұстап, таза ауаға шығармай, қинау үшін қолданады, – деді Бақытжан Төреғожина.

БИЛІКТІҢ ЕСКЕРТУІ

Қоғамдық ұйым белсенділері шара өткізілген жерге келгендерге «Азаптауға жол жоқ!» атты кішігірім кітапшалар таратты. Кітапшалардың бір бөлігі осы шараны сырттай бақылап тұрған полиция өкілдеріне де табыс етілді.

Акцияның ортасына таман Алматы қалалық әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Бауыржан Иманғали келіп, шара рұқсат
Алматы қалалық әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Бауыржан Иманғали азаптауға қарсы акция өткізгендерге ескерту жасады. Алматы, 4 ақпан 2010 жыл.
етілгенмен, заң аясынан шығып кетпеуін ескертті.

– Жалпы бұл рұқсат етілген шара. Мен мемлекеттік органның өкілі ретінде ескерту жасауым керек. Егер де осы шара әрі қарай шеруге немесе жиналысқа айналып кететін болса, бұл заңсыз әрекет болып есептеледі.

Өйткені, заңның («Қазақстан Республикасында бейбіт жиын, митинг, шеру және демонстрацияны ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заң – Азаттық.) үшінші бабында нақты айтылған: жергілікті атқарушы билік органдарына ұйымдастырушылардан арнайы хат келуі керек деп. Өйткені, бұл ашық жерде өткізіліп отыр. Сондықтан кез-келген шараны өткізердің алдында жергілікті атқарушы органның өкілдері келіп, түсініктеме береді, – деді Бауыржан Иманғали.

Аталмыш акцияны өткізу үшін әкімшіліктен арнайы рұқсат алған қоғамдық ұйымның жетекшісі Бақытжан Төреғожина құқыққорғаушы ұйым ретінде құқығының бұзылып отырғанын айтады.

– Іс жүзінде біздің қордың жұмысына шектеулер жасалады. Маған үнемі «өткізсең жабық ғимаратта өткіз, ал ашық жағдайда арнайы рұқсат керек» деп «түсіндіруге» тырысады. Мен оларға құқыққорғаушы ұйым ретінде ашық акциялар өткізуге біздің құқығымыз бар екенін айтып, қаншама рет дәлелдеуге тырысумен келем, – дейді Бақытжан Төреғожина.

ҚАҒАЗДА БАР, ҚОЛДАНЫСТА ЖОҚ

Қазақстан азаптауға қарсы БҰҰ-ның конвенциясына 1998 жылы қол қойды. Тәуелсіз сарапшылар елде азаптауға қарсы күрес мақсатында қажетті құжаттар қабылданғанымен, іс жүзінде жағдай мүлде басқаша деген баға береді.

– Азаптауға қарсы күрес мақсатында заңнамалық тұрғыда Қазақстан қандай да бір қадамдар жасады. Қылмыстық кодекске адамды
«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымының белсенділері тапсырған «Азаптауға жол жоқ!» кітапшасымен полицейлер де танысты. Алматы, 4 ақпан 2010 жыл.
азаптап-қинағандарды жазаға тартатын бап енгізілді. Ал оның қаншалықты орындалып жатқанына мысал келтірейік.

Соңғы 3-4 жылда аталмыш бап бойынша небәрі 15 адам айыпталған. Оның ішінде нақты жазаланғандары үш-төртеу ғана. Ал бір жылдың ішінде адам құқығын қорғау бюросына Қазақстан бойынша азаптауға ұшырағаны жөнінде азаматтардан 1000-ға тарта арыз-өтініш түскен.

Қарап отырсаңыз, айырмашылық бар. Адамның ар-намысын қорлайтын азаптау әдістерін қолдану, қатаң жазалау іс жүзінде біздің күштік құрылым өкілдерінің күнделікті қолданатын тәсілдеріне айналды, – дейді адам құқығын қорғау бюросының маманы Андрей Гришин.

Құқыққорғаушының айтуынша, түрмелердегі қысым қолдану жағдайына қатысты бақылау жасауды қолына алған Қоғамдық қадағалау комиссияның мүмкіндігі қазіргі таңда өте шектеулі.

– Біріншіден, мұндай фактілерді айтудан сотталушылардың өздері қорқады, айтқан күнде де оны дәлелдеу өте қиын. Тіпті, сотталушыларға да зияны тиіп кетуі мүмкін. Сол себепті ең алдымен жүйе өзгертілуі қажет, – деп санайды ол.

Осыдан 26 жыл бұрын, 1984 жылы ақпанның 4-і күні, БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы азаптауға тыйым салу туралы Конвенцияны қабылдады. Содан бері бұл күн азаптауға қарсы күрес күні болып аталып келеді.

«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымының белсенділері өткізген акция туралы видео

Жастар зорлық-зомбылыққа қарсы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:08 0:00
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG