Accessibility links

Түрмедегі журналистерді қолдап әуеге шар ұшырғандар әкімшілік жазаға тартылуда


«Журналистер қауіп-қатерде» қорының президенті Розлана Таукина Алматының әкімшілік сотының алдында. 11 қаңтар 2010 жыл.

«Журналистер қауіп-қатерде» қорының президенті Розлана Таукина Алматының әкімшілік сотының алдында. 11 қаңтар 2010 жыл.

Түрмеде отырған журналистерді қолдап флеш-моб өткізгені үшін қоғамдық ұйым жетекшісі Розлана Таукина, тұтқындағы журналист Рамазан Есіргеповтың зайыбы Раушан Есіргепова және оппозициялық саясаткер Владимир Козловқа қарсы әкімшілік іс қозғалды.


ӘУЕГЕ ШАР ҰШЫРҒАНЫ ҮШІН ЖАЗЫҚТЫ БОЛУ

Сотқа алғашқы болып қаңтардың 11-і күні «Журналистер қауіп-қатерде» қорының президенті Розлана Таукина шақырылды. Полиция оған әкімшілік кодекстің 373-ші бабының 3-ші бөлімі бойынша, яғни, заңсыз түрде акция, митинг өткізді деген айып тағып отыр.

Алматы әкімшілік сотының ғимаратына әкімшілік жазаға тартылушылардың өздері мен түрлі ұйымдар және ақпарат өкілдері жиналды. Бірақ, бұл күні сот отырысы болмады. Розлана Таукина денсаулығына байланысты сот отырысын кейінге шегеру туралы өтініш тастады.
Солдан оңға: Розлана Таукина, Владимир Козлов және Раушан Есіргепова Алматы әкімшілік сотының алдында. 11 қаңтар 2010 жыл.
Судья Жанна Нұрғалиева оның өтінішін қанағаттандырды.

Өткен аптада, қаңтардың 6-сы күні, бірқатар адам құқын қорғаушылар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен журналистер Алматыдағы Арбат алаңына жиналып, кәсіби қызметі үшін сотталған журналистердің есімі жазылған шарларды аспанға ұшырып, шағын флеш-моб өткізген болатын. Ол жолы алаңдағы шараны полиция өкілдері бақылағанымен оны өткізгендерге ешқандай ескерту айтпаған еді.

Алайда кейіннен Алматы полициясы «Журналистер қауіп-қатерде» қорының президенті Розлана Таукинаның, тұтқындағы «Алма-ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтың зайыбы Раушан Есіргепованың және тіркелмеген «Алға» партиясы үйлестіру комитетінің жетекшісі Владимир Козловтың үстінен әкімшілік құқық бұзғаны туралы іс қозғап, сотқа берді.

Алматының әкімшілік соты олардың ісін жеке-жеке қарамақ.

СЫРТТАЙ СОТТАУ

Қаңтардың 6-күнгі флеш-мобқа қатысқандардың бірі, қазірде түрмеде отырған «Алма-ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтың зайыбы Раушан Есіргепова Алмалы аудандық полициясынан шақыртуды өткен сенбі күні ымырт кезінде алыпты.

Ол туралы 11 қаңтарда Розлана Таукинамен бірге Алматының әкімшілік сотына келген Раушан Есіргепова Азаттық тілшісіне былай деп
Түрмеде отырған «Алма-ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтың зайыбы Раушан Есіргепова Алматының әкімішілік соты алдында. 11 қаңтар 2010 жыл.
әңгімелеп берді:

«Алмалы аудандық ішкі істер басқармасының қызметкері біздің үйге қаңтардың 9-ы күні кешке келді. Мен ол кезде үйде болған едім. Басқармаға шақырту ұсынған учаскелік полиция қызметкері хаттама да ала келіпті. Хаттамамен үйде таныстым. Бірақ оған қол қойған жоқпын. Кеше Розлана Таукина, Владимир Козлов бәріміз басқармаға барған кезде хаттамамен келіспейтінімізді жеткіздік. Біз тек өз пікірімізді білдірдік. Біздің бұған құқымыз бар. Сол себепті хаттамаға қол қоймай, түсініктеме жаздық. Бізді дәл сол жерде сотқа апаруға тырысты. Бұл бізді таңқалдырды. Бірақ біз қарсылық білдіргеннен кейін барып, сотты ауыстырды және, көріп отырғаныңыздай, бізді бөліп тастады. Шынымды айтсам, себебін білмеймін».

«Журналистер қауіп-қатерде» қорының президенті Розлана Таукина әкімшілік істе жазылған жайттармен келіспейтінін айтады.

«Біріншіден, онда менің есімім дұрыс жазылмаған. Бірақ бұл ұсақ-түйек мәселе. Ең бастысы, менің білгенім, оларда мен туралы барлық ақпарат беретін компьютерлік анықтама бар болып шықты. Онда мен қанша рет әкімшілік заң бұзғаным туралы да жазылған. Бұл анықтамаға сенер болсақ, былтыр мен Әкімшілік кодекстің 55-ші бабы бойынша он күнге абақтыға қамалған екенмін. Әлбетте, ондай жағдай болған емес. Бірақ әлгі анықтамада солай делінген. Шын мәнінде, Қазақстандағы журналистика күніне орай Ұлттық баспасөз клубында өткізген жиынға қатысқаным үшін менің сыртымнан сот болған. Оның өзін мен тек үш айдан кейін ғана кездейсоқ білгем. Міне, осылайша бір әкімшілік жазаға тартылуға келгенде, екіншісі туралы да біледі екенсің», - дейді Розлана Таукина.

ФЛЭШ-МОБ ӨТКІЗУ ЗАҢСЫЗ ІСКЕ ЖАТА МА?

Сөз арасында Розлана Таукина бұрындары құқыққорғаушыларды флеш-моб өткізгені үшін айыптамағанын, мұндай жағдай тұңғыш рет болып жатқанын да жеткізді.

«Жалпы, менің пікірімше, флеш-моб өткізу – ешқандай да қоғамдық тәртіпті бұзбайды. Екіншіден, сол кезде ешқандай прокурор, полиция қызметкері бізге келіп, шараның заңсыз екенін ескерткен жоқ. Себебі, ондай ескертулер әдетте, тек пикет, шерулерде ғана жасалып жүр. Ал біз тек флеш-моб өткіздік», - дейді Розлана Таукина.

Флеш-мобқа қатысқан тағы бір адам, тіркелмеген «Алға» партиясы үйлестіру комитетінің жетекшісі Владимир Козловтың үстінен қозғалған әкімшілік іс бойынша сот отырысы қаңтардың 12-іне белгіленіп отыр.

Қаңтардың 6-сы күні Алматының Арбатында флеш-мобты ұйымдастырғандар оны кәсіби қызметі үшін сотталған журналистер: «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов, «Время» газетінің тілшісі Тоқнияз Күшіков, «Закон и правосудие» газетінің бас редакторы Тоқберген Әбиев және жазушы Алпамыс Бектұрғановты қолдап өткізген болатын.

Олар бұл шараны «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтың қамауға алынғанына тура бір жыл толуымен байланыстырған еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG