Accessibility links

Елдегі ереуілдер екпіні Алматының «Жаңа» базарындағы саудагерлерге де жетті


"Жаңа" базарын жаппауды талап еткен саудагерлер ереуілге шықты. Алматы, 26 наурыз 2009 ж.
"Жаңа" базарын жаппауды талап еткен саудагерлер ереуілге шықты. Алматы, 26 наурыз 2009 ж.

Базарды бұзып, орнына сауда-ойын сауық орталығы мен автотұрақ салмақ болған меншік иесінің жоспарына қарсылық білдірген саудагерлер дағдарыс кезінде жұмыстан айырылып қалудан қорқады. Жергілікті әкімшілік тараптар мәселені өзара келісіп, заң аясында шешуі керек дейді.

Наурыздың 26-сы күні Алматыдағы Саин көшесі мен Райымбек даңғылының қиылысында орналасқан «Жаңа» базарында сауда жасайтын жүзге жуық жеке кәсіпкер жұмысқа шықпай ереуіл өткізіп, базардың меншік иесіне 1-2 жылға дейін базарды жаппау туралы талап қойды.

Жақында ғана базарды иелігіне алған «Бетта Стар» жеке компаниясы базарда сауда жасайтын жеке кәсіпкерлерге ресми құлақтандыру жолдап, олардан жалға алып жұмыс істеп жатқан орындарын биылғы сәуірдің 1-іне дейін босатуды сұраған.

Саудагерлер өздері үшін бұл хабар төбелерінен жай түскендей болғанын айтады. Онсыз да дағдарыстың қиындығына кезіккен кәсіпкерлер базар жабылатын болса жұмыссыз қалудан қорқады.

«Дағдарыстың кесірінен қазірдің өзінде бізге кіріс түспей, қаржыдан қағылып, әупіріммен жүрміз. Егер базарды жабатын болса, онда ісіміз мүлдем құрдымға кетеді, отбасымызды асырап отырған кәсіптен айырыламыз. Біз осы жұмысымызға сенім артып, банктерден үлкен мөлшерде несие алып қойғанбыз, оның қарызы мойнымызда тұр», - деп шағымданады саудагерлер.

Алайда, базар әкімшілігі кәсіпкерлердің талабын орынсыз деп бағалайды.

- 2 жыл бұрын бұл базар бізге сатылған. Базардың жанынан ойын-сауық орталығы салынып жатқандықтан, базардың орнына көлік тұрағын салуды жоспарлап отырмыз. Біз, негізінен, құрылыс жұмыстарын қаңтар айынан бастамақшы едік, алайда базардың саудагерлері өтініш білдіргеннен кейін құрылысты бастауды үш айға шегерген болатынбыз. Енді ары қарай созуға болмайды, базар сәуірдің 1-інен бастап сүрілуге кетеді, - дейді «Бетта Стар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Гүлмира Саденова.

Саудагерлер болса, аталмыш базар жоғарғы вольтты электр желісінің астында орналасқандықтан, оның орнына көлік тұрағын салу қауіпті дегенді алға тартып отыр. Сонымен бірге кәсіпкерлер «Бетта Стар» ЖШС-не базардың сатылғаны туралы құжаттардың заңды екендігіне күмән білдіреді. Олардың айтуынша, 2006 жылы «Асылай» ЖШС-не қарасты «Жаңа» базарды «Казинвест» ЖШС сатып алған. Екіжақты келісімде аталмыш нысан 2009 жылдың бірінші тоқсанының аяғына дейін сүрілуге кетпейді деп көрсетіліпті.

Абзал Нүкенұлы, Алматының Әуезов ауданы әкімінің орынбасары. Алматы, 26 наурыз 2009 ж.
– Біз осы базарды сатып алған адамдардан базардың сызба нұсқасы мен құжаттарын көрсетуін сұрадық. Алайда олар әлгі құжаттарды көрсетуден бас тартып отыр, – деді базарда сауда жасайтын Сындыгүл Фазылова.

Бейсенбі күні «Жаңа» базарында ереуілге шыққан саудагерлердің талабын тыңдауға келген Алматының Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы бұл дауға мемлекеттік орган араласпайтынын жеткізді.

– Бұл жеке азаматтық-құқықтық іс. Екі жақ мәселені заң аясында өзара келісіп шешсін. Біздің бұл мәселеге араласуға құқымыз жоқ. Әкімшілік тарапынан бұл кісілерді әлеуметтік қоғамдық жұмыстармен ғана қамтамасыз ете аламыз. Бірақ, көшеге шығып, наразылық танытулары заңсыз. Қоғамдық тәртіп бұзылып отыр, - деді әкім орынбасары.

Әйткенмен, жағдайларының қиындығын алға тартқан кәсіпкерлер бұл мәселеге үкімет аралассын деп отыр. Мәселе шешімін тапқанша олар наразылық шарасын жалғастыра беретіндерін айтады.

Қазіргі уақытта "Жаңа" базарында 400-ге жуық саудагер жұмыс істейді.
XS
SM
MD
LG