Accessibility links

Қазақ тілі жанашырлары былтырғы сөзін жартылай бос залда биыл да қайталап тарасты


Мемлекеттік тілді қолдау жиынында ақын Мұхтар Шаханов сөйлеп тұр. Алматы, 19 қыркүйек, 2010 жыл

Мемлекеттік тілді қолдау жиынында ақын Мұхтар Шаханов сөйлеп тұр. Алматы, 19 қыркүйек, 2010 жыл

Жексенбі күні Алматыда өткен арнайы жиында Қазақстанда заңды мәртебесін ала алмай отырған қазақ тілі туралы сөз болды. Зиялы қауым өкілдері билікті сынаса, билік өкілдері үкімет бағдарламасында мемлекеттік тілдің мүддесі ескерілгенін алға тартты.


Қыркүйектің 19-ы күні Алматыдағы Санжар Аспандияров атындағы медицина университетінің конгресс-холлында өткен қазақ тілін қолдау акциясына ондаған адам қатысты. Акцияны ұйымдастырушы «Мемлекеттік тілді қолдау» қоғамдық қозғалысының төрағасы Мұхтар Шаханов үш жыл қатарынан тіл туралы акцияны өткізетін уақытта Алматы қаласы әкімшілігі қала күні мерекесін тойлауды әдетке айналдырғанын және биылғы акцияға Алматыдағы екі жоғарғы оқу орны студенттерді жібермей қойғанын атап өтті.

– Бізден кінә жоқ. Біздің қолымызда билік жоқ. Не істейміз енді? Ақша жоқ. Әрқайсымыз үйіміз де жата беретін болсақ, ұлттың болашағын
Солдан оңға: Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов, Тұрсынбек Кәкішев, Софы Сматаев және Советхан Ғаббасұлы мемлекеттік тілді қолдау жиынында. Алматы, 19 қыркүйек, 2010 жыл.
не істейміз? Ақылдасайық. Не істейміз? Биліктің жасағанына бас изеп, осылай кете береміз бе әлде бірлесіп бір шешімге келеміз бе? Осылай кете берсек, ұлт жойылғалы тұр, – деді Мұхтар Шаханов.

«ПРЕЗИДЕНТ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕСІН»


Қыркүйек айының басында «Мемлекеттік тілді қолдау» қоғамдық қозғалысы Алматы қаласы әкімшілігінен қазақ тілін қолдау акциясын өткізу үшін Астана алаңын немесе Ғалымдар Үйі алдындағы Шоқан Уәлиханов ескерткіші орналасқан алаңды беруін сұраған еді. Ал қала әкімшілігі оларға акция өткізуге Санжар Аспандияров атындағы медицина университетінің конгресс-холлын берген.

Қазақ тілін қолдау акциясына қатысқан қазақ зиялы қауым өкілдері тіл туралы ойларын ортаға салды, кейбіреуі өз ойларын өлеңмен жеткізді. Жазушы Дулат Исабеков ана тілін білмейтін қазақтарға оң көзбен қарау қажеттігін айтты. Ал, ғалым Тұрсынбек Кәкішев Қазақстан президенті тек қана қазақша сөйлеуі тиіс деген ойын жеткізді.

Мемлекеттік тілді қолдау жиынына келген балалар. Алматы, 19 қыркүйек, 2010 жыл
– Менің ұсынысым – президентіміз бұдан кейін парламентте, үкімет отырыстарында қазақша сөйлесін. Президент шетелге барғанда да, Қазақстанда да тек қана қазақша сөйлесін, – деді Тұрсынбек Кәкішев.

«БҰЛ МӘСЕЛЕ ЖАҚЫН АРАДА РЕТТЕЛМЕЙДІ»


Жиында сөз алғандардың әрбірі қазақ тілі заңды мәртебесін иелене алмай келе жатқандығын атап өтті. Олар көтерген мәселе бойынша Қазақстан мәдениет министрлігі тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров жиналғандар алдында былай деді:

– Тіл туралы заңда да орыс тілінің мәртебесі жөнінде айтылған. Сондықтан бұл мәселе жақын арада реттеліп кетеді деп айта алмаймын.

Дегенмен шенеунік үкіметтің мемлекеттік тіл туралы бағдарламасында қазақ тілінің мүддесі ескерілгенін айтады. Ол акция барысында айтылған ой-пікірлерді үкіметке жеткізуге уәде берді.

– Бағдарламаның жобасы елдің саяси-этникалық ахуалына, елдегі ұстанымға негізделіп жасалған. Оның ішінде мемлекеттік тілдің мүддесі мүлде қамтылмаған деп айтуға болмайды. Көп тұстарда кемшіліктер болуы мүмкін. Мен сіздердің бүгінгі ұсыныстарыңызды биліктің қолына жеткізуге уәде беремін, – деді Бауыржан Омаров.

ЖЫЛДА ШЫРҚАЛАТЫН ӘН

Алматы қаласы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының директоры Мамай Ахет арнайы зерттеу жүргізу барысында өзге ұлттар арасында қазақ тілінде сөйлеп, жаза алатындардың саны Алматы қаласы бойынша отыз пайыз екенін, ал мемлекеттік тілді мүлдем білмейтін азаматтардың саны он бір пайыз екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазақ тілі мәселесін акция өткізу арқылы шешетін уақыт өткен.
Мемлекеттік тілді қолдау жиыны. Алматы, 19 қыркүйек, 2010 жыл.


– Меніңше, мұндай акциялардың уақыты өткен сияқты. Акция ұйымдастырғаннан гөрі түрлі салаларға қажетті сөздіктер дайындалса, азаматтардың тілдік құқығын қорғау сауаттылығына көңіл бөлінсе, құба-құп болар еді, – деді Мамай Ахет.

Ондаған адам жиналған бүгінгі шара барысында осындай жиындарда шырқалатын әндер салынып, өлеңдер де оқылды. Акция соңында, әдеттегідей, Қазақстан президентіне, парламентіне, үкіметіне және жалпы қазақ халқы атына ашық хат қабылданды.

Осыдан туралы бір жыл бұрын, 2009 жылы қыркүйек айында Алматыдағы Республика сарайында өткен мемлекеттік тілді қолдау акциясына жүздеген адам қатысқан еді. Ал бұл жолы Санжар Аспандияров атындағы медицина университетінің конгресс-холлындағы жиында залдағы орындардың жартысы бос тұрды.

Былтыр осындай акцияда сөйлеген қазақ зиялылары тіл мәселесін биылғы жиында да қайта сөз етіп тарасты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG